Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:57, 29 Ақпан 2024

Қасымбектің смартфоны, Астананың балабақшасы, Сенғазыевтің «уточнениесі»

Жеңіс Қасымбек
Фото: из открытых источников

Астананың оң жағалауында орналасқан Сарыарқа ауданында бір ғана мемлекеттік балабақша бар. Алайда ондағы 300-ге жуық бүлдіршін бір кезде туберкулезден емдеу орталығы болған нысанға барып жүр.

Бұл мәселе туралы Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің Сарыарқа ауданының тұрғындарымен кездесуінде айтылды.

2008 жылы құрылысы басталып, сегіз жылда әрең біткен балабақша ашыла сала, туберкулезбен ауырған балаларды емдеу орталығы болған. Ал 2021 жылдан бастап «Астана қаласы әкімдігінің №85 «Мейіржан» балабақшасы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны деген ресми атау алған. Тұрғындардың айтуынша, балабақшаның ішіндегі ешбір зат әлі күнге дейін жаңармаған. Тіпті ішіндегі ыдыс-аяқтың өзін бір кезде туберкулезбен ауырған балалар пайдаланған дейді. Қазір мұнда ресми 291 бала тәрбиеленіп жатыр. Бұған дейін де көтерілген бұл мәселеге тұрғындар «басқармада ақша жоқ» деген жауап алған.

«Төсек-орын, перде, жиһаз, ыдыс-аяқтың бәрі ескірген. Аула жарықтары әлсіз, бейнекамералардың тозығы жеткен» деген тұрғындардың бірі (атын айтпады) қала әкімі Жеңіс Қасымбек мырзадан көмек сұрады.

Бірақ бұл сұрақты әкім селқос тыңдады. Сұрақ қойылып біткенше, Қасымбек мырза телефоннан бас алмады. Сөйтіп, смартфонға қарап отырған күйі, бұл мәселені Астана қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыевке сілтей салды.

Бастығы смартфон шұқылап отырған соң оңа ма, Қасымхан мырза да «дежурный» сөздермен жалпылама жауап беріп, балабақша мәселесін алдағы уақытта нақтылап, күн тәртібіне шығаратынын айтты.

«Біз балабақшаларды алдағы «уточнениелерге» шығарамыз. Жалғыз бір балабақша емес, басқаларында да мәселелер бар. Содан кейін, ақырындап, ол жерде кезекті жөндеу жұмыстарының да мәселесі бар. Оның бәрін алдағы уақытта «уточненияға» шығаратын боламыз».

Жалпы, бүгінде Астана қаласы бойынша 66 119 бала 532 мектепке дейінгі мекемеге барып жүр. Алайда қаладағы тұрғындар саны соңғы 10 жылда 2,5 есе өскенін ескерсек, балабақша мен мектептерде орын тапшылығы мәселесі күн тәртібінен түспейтін секілді. Сенғазыевтің сөзіне қарасақ, бұл мәселенің «ақырындап» жүретінін, жуық арада шешілмейтінін түсінуге болады.

Астана әкімі президенттің тапсырмасын ұмыта бастаған ба?

Басқа-басқа, Жеңіс Қасымбектің Астанадағы балабақша мәселесін смартфон қарап отырып тыңдайтын жөні жоқ еді. Өйткені ол ең алдымен ел астанасының әкімі, одан кейін бұл президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі көтерген проблемалардың бірі. Ал біздің саяси жүйеде қалыптасқан заң бойынша ешқандай шенеунік президенттің тапсырмаларын жүрдім-бардым тыңдауға тиіс емес. Ұмытып кетті дейтіндей емес, (ұмытуға да хақы жоқ) былтыр ғана – 2023 жылдың 31 қаңтарында президент Тоқаев Астана қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, қаладағы білім ошақтарының құрылысы баяу жүріп жатқанын сынға алған. Сол жиында Астанада балабақша кезегінде 45 мың бала тұрғанын айта келіп, бұл жағдай жекеменшік балабақшаларға қаржы бөлінсе де, шешілмей отырғанын ескерткен. Сөйтіп, Астанадағы «балабақша мен мектептердегі орын тапшылығы қаланың зияткерлік келбетіне кедергі болып отыр» деген.

Әрине, бұл кеңесте Қасымбек президентті сымдай тартылып отырып тыңдады. Сосын, Қасымбек мырза президентке алдағы алты жылда 60 мемлекеттік балабақша салып беремін деп уәде берді.

«Бұл күнде қаламызда 50 мың бала балабақша кезегінде тұр. Біз бұл мәселені шешуді қолға алып жатырмыз. Қазіргі уақытта сол мемлекеттік балабақшалардың құрылысын қайта бастау туралы шешім қабылдадық. Алдағы уақытта кезең-кезеңімен 60 мемлекеттік балабақша салатын боламыз», – деген Астана әкімі.

Президент айтып ауыз жиғанша, әкім 45 мың орынды 50 мыңға көтеріп тастады. Ал арада тоғыз ай уақыт өткенде, 28 қыркүйек күні елорданың білім беру ұйымдарында оқу процесін ұйымдастыру мәселелері бойынша әкімнің орынбасары Есет Байкен балабақша кезегінде тұрған бүлдіршіндер саны 60 мыңнан асып кеткенін мәлімдеді. Жай ғана сәйкестік болар, Астана қаласының әкімі 6 жылда 60 балабақша салам да тастаймын деп жүргенде, кезекте тұрғандар саны 60 мыңға жетіпті... Қасымбек уақытты кеңірек қамтып отыр. Ол алты жылда алпыс балабақша салып бітем дегенше, алты жасар Алпамыстар мектепке барып үлгереді. Бірақ онымен мәселе шешілмейді, былтыр бір шулатқандай, «Астанаға көшіп келмеңдер» деп, елді қуып шықпаса, астаналық бүлдіршіндер саны өсуін тоқтатпайды. Демек, Қасымбектің 60 балабақшасы Астанаға қамсау болмайын деп тұр.

Қасымбек әкімдігіне жақын орналасқан Ақорда қожайыны айтқан 45 мыңды сол сәтте әкім 50 мыңға, арада жыл аунамай орынбасары 60 мыңға өсіп жатқанда да әкімдік өкілдері сасқан жоқ. Бұл мәселені шешу үшін білім беру тапсырысын 4 есе ұлғайтуды жоспарлап отырғанын айтты. Яғни балабақша салу да осы жалпы есептің ішінде өсуге тиіс.

Жалпы, қалада балаларға ыңғайлы жағдай жасау мәселесі маңызды екені байқалады. Оны күні кеше Жеңіс Қасымбекпен кездескен қала тұрғындары да бірнеше рет көтерді. Мысалы, Астанадағы оқушылар сарайында кейбір үйірмелердің бағасы қаңтар айынан бастап 8 мыңнан 20 мың теңгеге бірден көтеріліп кеткен. Бір үйде бірнеше бала бар екенін ескерсеңіз, ата-ана үшін бұл да айтарлықтай мәселе. Бірақ оған әкімдік өкілдері қала бойынша балалар үйірмесінің қымбат екенін, ал 20 мың теңге ең арзан баға екенін айтып, «көнсең де осы, көнбесең де осы» деген кейіп танытты.

Астана әкімі Қасымбек мырза сұхбаттарында кейбір мәселелердің шешілмей жатқанын қала халқының саны күн сайын өсуімен байланыстырады. Алайда «урбанизация үдерісінің қазіргі қарқыны сақталатын болса, елорда халқының саны 2030 жылға қарай екі миллион адамға жетуі мүмкін». Бұл да біздің емес, президенттің болжамы. Ендеше, Жеңіс Қасымбек мырза бұл мәселені смартфон шұқылап отырып шешіп тастаймын десе, қателеседі. Оның үстіне, тұрғындармен кездесуде өзін бұлай ұстау – «қаланың зияткерлік келбетіне кедергі» болатынын ұмытпағаны абзал.

Нұрбике Бексұлтан

Астана