Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:56, 11 Шілде 2022

Кәсіпкерлер әкімнен көмек сұрады

None
None

БҚО әкімі Ғали Есқалиев «Атамеке» кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалында жергілікті бизнес өкілдерін қабылдады.

 Қабылдауға келгендер облыстық, республикалық, халықаралық маңызы бар мәселелерімен жүгінді.

SaRi Suooliers Plus ЖШС директоры Ринат Мұқанов арнайы киім тігумен айналысатын кәсіпорындар өңірдің ірі компанияларынан тапсырыс ала алмайтындығын жеткізді. Жергілікті ірі компаниялар қызметкерлеріне арнайы киімді басқа өңірлерден тапсырыспен тіккізеді, бірақ заманауи, сапалы арнайы киім шығаратын кәсіпорындар БҚО-да бар. Ринат Мұқановтың кәсіпорны 2016 жылдан бастап өңірлік деңгейде «Қазақстанның үздік тауары» байқауының жеңімпазы болып танылған. Мемлекет тарапынан қолдаудың жоқтығынан көрші облыстардан, атап айтқанда Атыраудан әлеуетті тапсырыс берушілерді өз бетінше іздеуде. Ғали Есқалиев арнайы киім тігу бойынша ірі тапсырыстар неге басқа өңірлерге кететінін анықтап, жергілікті тауар өндірушілерді қолдауды қамтамасыз етуге көмектесуге уәде берді.

Жеке кәсіпкер Руслан Асау қоғамдық тамақтану саласындағы шағын бизнес кәсіпкерлерінің атынан сөз сөйледі. Ресейлік валюта бағамының көтерілуіне байланысты азық-түлік бағасы барған сайын өсіп барады және бұл кәсіпкерлік субъектілеріне қауіп төндіреді деді ол. Кәсіпкер қоғамдық тамақтану саласындағы азық-түліктің шамамен 50-60%-ы Ресейден әкелінетініне назар аудара отырып, облыс әкімінен жаңа нарықтарды іздеу мүмкіндігін қарастыруды сұрады. Балама ретінде кәсіпкер Түркиямен, Өзбекстанмен сауда қатынастарын жолға қоюды ұсынды. Кәсіпкердің ұсынысын назарға алған Ғали Есқалиев уәкілетті органдарға талдау жасау үшін кәсіпкерден азық-түлік өнімдерінің тізімін дайындауды сұрады.

Бөкей ордасы ауданының кәсіпкері Светлана Хамитова да халықаралық деңгейдегі мәселе көтерді. Ол өңір басшысынан «Орда-Полынный» шекара бекетін ашуды сұрады. Астрахань облысының шекарасында тұратын ауылшаруашылық тауар өндірушілері үшін бұл мәселе жазғы маусымда өте өзекті екенін атап өтті.

Сондай-ақ, қабылдауда су қоймаларын паспорттау, асыл тұқымды балық шаруашылығын дамытуға қаржы бөлу, электр энергиясын берудегі кедергілер сияқты мәселелер қаралды.

Тегтер: