Кәсіпорынға деген көзқарас басқаша 

28.06.2018, 03:19

167

Республикалық маңызы бар қалалардың санатына енген Шымкент қаласы бұрынғы  Оңтүстік Қазақстан облысынан өте мол енші алды. Әсіресе өнеркәсіп саласында. Облыс өнеркәсібінің 60 пайызы Шымкентте орналасты. Қалада соңғы жылдары «Индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы аясында көптеген кәсіпорындар іске қосылды. Екі индустриялық аймақ, мақта-тоқыма кластері жүзеге асырылып жатқан арнайы экономикалық аймақ орналасты. Жаңадан құрылған Түркістан облысындағы өнеркәсіптің бүгінгі ахуалы қандай? Осы сауалға жауап іздеп көрсек. Түркістан облысындағы аудан-қалалардың көпшілігінде бүгінде индустриялық аймақтар құрылған. Ал мұның өнеркәсіпті дамытуға септігі мол. Мемлекет арнайы жер бөліп, қажетті инфрақұрылымның бәрін тартып береді. Жарық, газ, су, жол, тіпті теміржол да бар. Индустриялық аймақта орналасқан кәсіпорындарға деген көзқарас та басқашалау болады. Олар мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктерді кедергісіз пайдаланады. Кәсіпорынның аяғынан тұруына қажетті жағдайларды мемлекеттің өзі жасап береді.Ендігі міндет – осы индустриялық аймақтарға инвесторлар тауып, кәсіпорындар салу. Сол арқылы өзіндік кірістің көлемін көбейту, халықты жұмыспен қамту. Биыл Мақтаарал ауданының индустриялық аймағында алты жоба іске асырылып, 380 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылатын болады. Бұл туралы аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев мәлім етті.2018 жылы Мақтааралда өнеркәсіп өнімін 13 666,4 миллион теңгеге жеткізу межеленіп отыр. Ол үшін «Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы» шеңберінде инвестиция тарта отырып, жалпы құны 3537 миллион теңгені құрайтын алты инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Атап айтқанда, биыл ауданда асфальт-бетон зауыты, полиэтилен өнімдерінің және медициналық мақта өнімдерінің өндірісі, сондай-ақ темірді қайта өңдеу өндірісі мен логистикалық орталық және күн электр стансасының жобалары іске асатын болады.– Қазіргі таңда ауданның индустриялық аймағынан жер бөлініп, құрылысы басталған «Soldatos» ЖШС-нің асфальт-бетон зауытын салуға 300 млн теңге жұмсалмақ. Жоба бойынша 30 адам жұмыспен қамтылып, сағатына 300 тонна асфальт-бетон өнімдері өндірілетін болады. Сондай-ақ «Раджапов» жеке кәсіпкерлігінің «Полиэтилен өнімдерінің өндірісі» жобасының құрылысы басталуда. Жобаның құрылысына 200 миллион теңге жұмсалып,  жаңадан 36 жұмыс орны ашылады, – деді Жамантай Қанайұлы.Облыс бойынша мақта шикізатының 80 пайызы Мақтаарал ауданына тиесілі болғанымен, өңірде шикізатты әрі қарай дайын өнімге айналдыратын кәсіпорындар тапшы. Осы мақсатта «Айбек» шаруа қожалығы медициналық мақта өнімдерінің өндірісі жобасын қолға алған. Индустриялық аймақтан жер бөлініп, құрылысы басталған жобаға 85 миллион теңге қаржы жұмсалмақ. Кәсіпорын 28 адамды жұмыспен қамтып, жылына 2 миллион медициналық мақта өнімдерін өндіретін болады.Ал Шардара ауданында бүгінде 19 кәсіпорын жұмыс істейді. Өткен жылы осы өндіріс орындарында 7844,5 млн теңгенің өнімі өндіріліп, 2016 жылмен салыстырғанда 4,7 пайызға артқан. «Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы» аясында осы уақытқа дейін ауданда жалпы құны 1482 млн теңгені құрайтын бес жоба іске асырылды.– Ағымдағы жылы өнеркәсіп өнімін 8960 млн теңгеге жеткізу жоспарланған. «Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы» шеңберінде ауданға инвестиция тарта отырып, ағымдағы үш бірдей жобаны іске асыру көзделіп отыр. Олардың қатарында жалпы жобалық құны 200 млн теңгені құрайтын өндірістік қуаттылығы 600 тонналық «Байтерек ББМ» ЖШС-нің «Балық өңдеу зауытының құрылысы» бар. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 70 пайызы аяқталған. Сондай-ақ өндірістік қуаттылығы 20 мың тоннаны құрайтын «Ай-Қажы» Ақ-алтын» ЖШС-нің «Мақта өңдеу зауытының құрылысы» жобасы бар. Үшіншісі – «Шардара ГЭС» АҚ-ның  қайта жаңғырту жобасы. Аталған жобаларды  іске қосу арқылы 400 адамға жаңа жұмыс орны ашылады, – дейді Шардара ауданының әкімі Болатбек Қыстауов.Сондай-ақ «Бизнестің жол картасы–2020» кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бірыңғай  бағдарламасы аясында ауданда  өткен жылы 14 жобаға қолдау көрсетіліп, өңірлік үйлестіру кеңесімен мақұлданған.Кентау қаласының экономикасына өткен жылы 6,5 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылса, биыл ол межені 8,3 млрд теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Оның ішінде бюджет қаражаты есебінен  6 млрд теңге және жеке қаржылар есебінен  2,3 млрд теңге болмақ. Қала әкімі  Әбдібақыт Мақұлбаевтың айтуынша, өткен жылы өңірде өнеркәсіп саласында 28,1 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 107,2 пайызды құраған.– Индустриялық аймақта 2 млрд теңгеге сегіз жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде екі жоба толық іске қосылып, 798 млн теңгенің өнімі өндірілді.  Қосымша екі жобаның құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, жыл соңына дейін іске қосылады, – деді Әбдібақыт Тілләбайұлы. Кентауда сонымен қатар «Индустриалды-инновациялық дамытудың 2015-19 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасы аясында бүгінде жалпы құны  4,4 млрд теңгені құрайтын бес жоба толық қуаттылыққа шығып, 5,4 млрд теңгенің өнімін өндірген.Бұдан бөлек, облыста Түркістан, Арыс қалаларындағы, Созақ, Сайрам, Сарыағаш, Ордабасы аудандарындағы индустриялық аймақтарда өнеркәсіптік жобалар жүзеге асуда.
Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 20.08.2020, 12:13
Су тазарту қондырғыларын жасап шығарады
Сайт әкімшілігі 13.08.2020, 13:15
"Доғарыңдар, ұрмаңдар!". Беларусьте сәрсенбі күні де наразылық акциялары жалғасты
Сайт әкімшілігі 13.08.2020, 10:40
Қазақстанда бір күнде 517 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды
Сайт әкімшілігі 12.08.2020, 20:00
Қазақстан ресейлік коронавирус вакцинасын толық сынақтан өтпейінше сатып алмайды
12.08.2020, 11:29
Қазақстан Ресейдің вакцинасын әзірге алмайды – ҚР ДСМ
Сайт әкімшілігі 12.08.2020, 10:48
Орталық клиникалық госпиталь соңғы науқасты шығарып салды

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31