Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
05:32, 30 Наурыз 2023

Кәсіптік білім. Диплом тарату – маман дайындау емес

None
None

Қазақстан үкіметі білім саласына жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлгенімен, елдегі білім деңгейі де көтерілген емес, маманға да жарыған емеспіз.

Мысал келтірер болсақ, US News&World Report сарапшылары алдыңғы жылғы білім беру саласындағы үздік елдер рейтингін әзірледі. Еліміз 78 мемлекеттің ішінде 71-орынға ие болды. Рейтингтің алғашқы үштігінде – АҚШ, Ұлыбритания және Германия елдері болса, ең соңғы орын Гватемалаға тиесілі болған. Рейтингке қатысатын ТМД елдерінің ішінде Қазақстан тек Өзбекстаннан озса, бізден жоғары орындарға Ресей, Украина, Беларусь және Әзербайжан елдері ие болған.

«Шетелге жалынбаймыз, өз мамандарымызды халықаралық деңгейде өзіміз дайындап аламыз» деп Назарбаев университетін ашып, оған шетелдік мамандарды шақыртып, дәріс бергізгенімізге де 13 жылға таяпты. Алайда елімізді өрге сүйрер маман да тапшы, білім сапасын да шарықтатып тастағанымыз шамалы болып отыр.

Көлік бұзылса – Васяны,

тоңазытқыш істен шықса – Мишаны іздейміз

Басқасын қатырып, сол ғана қалғандай соңғы жылдары техникалық және кәсіптік білім беруге назар аудара бастадық. Тағы да еліміздегі жүздеген колледждердің әрқайсысының жарақтануына, маман дайындауына миллиондаған қаржы бөлдік. Нақты статистикаға сүйенер болсақ, елімізде бүгінгі күні жарты миллионнан астам студент техникалық және кәсіптік білім алып жатыр екен. 2020-2021 оқу жылында 146 494 жас техникалық және кәсіптік білім алса, 2021-2022 оқу жылы осы бағытта 138 760 маман дайындаппыз. Алайда жыл сайын жүз мыңдаған маман даярлап жатсақ та тоңазытқышымыз істен шықса Мишаны, көлік жөндеу керек болса Сашаны іздеп кетеміз. Темір тұлпарыңыздың электр жағынан ақау шыға қалса да, автоэлектрик таппай шарқ ұрып, Вася көмекке келеді. Өзінің тапшы маман екенін білгендіктен олар да қызмет ақысын аспандата қояды, еріксіз қызметі удай болса да келісесің.

Сонда біздің жыл сайын даярлап шығып жатқан мамандарымыз қайда? Айтпақшы, кәсіптік білім беретін оқу орындарында оқитын жастардың мемлекеттік тілде оқитындарының үлесі – 61%, орыс тілінде – 38,8% екен. Бұл да болса қазақ тілінде кәсіптік білім алғысы келетіндер қатарының көп екенін айғақтайды. Бірақ қайда солар?

Сонда да жыл сайын кәсіптік білім беруге ақшаны «төгіп жатырмыз». Соның айғағы техникалық және кәсіптік білім беру үшін 2020-2021 оқу жылы 164 644, 2021-2022 оқу жылында 176 884, ал биылғы оқу жылында 195 189 оқушы қабылдап алыппыз. Сандардан байқағандай жыл сайын даярлайтын маман саны өсіп келеді. Демек салаға салынып жатқан қаржы да өсе түсуде. Ал жастар арасындағы жұмыссыздық, жоғарыда айтқан мамандарға деген сұраныстың жоғарылығы неге өзекті күйде қалып отыр. Сонда біздің жергілікті оқу орындарында даярланған кәсіптік білім алған мамандарға сұраныс қандай? Олардың диплом алғаннан кейін жұмысқа орналасуы неге төмен? Статистикаға сүйенсек, өткен жылы түлектердің саны 138,8 мың адамды құраса, оның ішінде 83 мың адам немесе 59,8% жұмысқа орналасқан және 19,9 мың адам немесе 14,3% жоғары оқу орындары мен колледждерде оқуын жалғастырған көрінеді.

«Статистика көз алдымда өтіп жатқан соң шындығында қалай жасалып жатқанын да біліп отырмын»

 Осы орайда тігін ісі бойынша еліміздегі кәсіптік білім беретін колледждердің бірінің ұстазы атын айтқысы келмейтінін, бірақ мәселені ашып айта алатынын алдын ала айтып, көп жайтты жайып салды.

«Мысалы, біздің ауданда тігін тігуді меңгерген маманды жұмысқа ала беретін көп жұмыс орны жоқ. Дегенмен жыл сайын куәлік алғанда жастардан қандай да бір мекемеден жұмысқа аламын деген анықтама талап етеді. Онсыз дипломын бермейді. Амалы құрыған түлектеріміз тамыр-таныс арқылы жұмысқа тұратынын айғақтайтын анықтама алып келіп тапсырады. Нәтижесінде ол диплом алмай жатып, жұмыспен қамтылған маман болып шыға келеді. Сондықтан колледж түлектерінің жартысынан астамы жұмысқа орналасып кеткен деген ақпаратқа сене алмай отырмын. Ол статистика көз алдымда өтіп жатқан соң шындығында қалай жасалып жатқанын да біліп отырмын. Бұл біздің колледждегі ғана жағдай емес, республика бойынша сондай. Қазір кәсіптік колледждерді бітіргендердің 80-90 пайызы жұмыспен қамтылды деп есеп беріп жүр. Бұл шындыққа жанаса қоймайды. Өйткені өндіріс орындары жоқ, олардың барлығы қайда істеп жатыр сонда?» — дейді.

Сөз арасында көбінесе балалардың колледж тарапынан берілетін стипендияға қызығып түсетінін де жасырмады.

«Көп жағдайда мектеп ҰБТ-да көрсеткішті төмен тартпас үшін мектептен шығарып жіберген балалар бізді жағалайды. Жұмыссыз жүргендіктен ең болмаса стипендия алайын деп ойлайды. Ал мамандарымыздың бірден іске араласып кетпеуіне колледждің техникалық тұрғыдан жарақтануының төмен болуы оқу барысында алатын тәжірибесі төмендігінен деп ойлаймын».

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы жолдауында «біз тегін техникалық және кәсіби білім беру» жобасын жүзеге асыруды жалғастырамыз. Бүгінгі таңда NEET санатындағы 237 мың жас оқу да оқымайды, жұмыс та істемейді. Жыл сайын мектеп бітірген 50 мың түлек оқуға ақылы негізде түседі. Олардың 85 пайызы тұрмысы төмен отбасының балалары. Бұл жағдайды түзету қажет», деді. Алайда дайындаған маман мәселені шеше алып отырған жоқ, қыруар қаржы далаға кетіп жатыр. Ендеше, жыл сайын бөлінетін қаржы көлемін арттырып, даярлайтын маман санын көбейтуден пайда бар ма?!

Маман пікірі:

Ғалия Қайдауылқызы, ҚР білім беру ісінің үздігі:

Бізге қарапайым автомобиль жөндеуші слесарь, техник-механик, автомобиль кранының машинисі, бульдозер машинисі, ауылшаруашылық өндірісіндегі тракторист-машинисі, химиялық талдау зертханашысы, электргаз дәнекерлеуші, слесарь, механик, электрик, дәнекерлеуші, краншы, автоэлекрик мамандары жетіспейді деп көп айтамыз. Неге? Менің ойымша қазір жаңа технологиялар заманы. Өндіріс орындарында техникалар жыл сайын дамып жатыр. Ал оқу орындарында керісінше, материалдық-техникалық база уақытылы жаңармайды. Жас маман өндіріске барғанда жаңа техникалармен жұмыс істей алмайды. Осыдан барып «колледждер үйретпейді» деген пікір қалыптасады. Дайындаған маманымыз іске аспайды, бөлінген қыруар қаржы да далаға кетеді. Нәтижесінде жастарымыз жұмыссыз. Мәселе шешілмеген күйі қала береді. Сондықтан кәсіптік білім беретін оқу орындарындағы техникалар өндіріспен қатар дамып отыруы керек. Көп жағдайда колледждердің жарақтануы ойдағыдай емес, өндіріс орындарының жоқтығынан мамандарды тәжірибеден өткізу де үлкен мәселе. Кәсіптік колледждер жыл сайын қаншама маманды оқытып шығарып жатыр. Бірақ солардың тұрақты жұмысқа тұрып кетіп жатқаны көп емес. Өйткені кәсіпорын, өндіріс орындары жетіспейді. Сондықтан беталды маманды даярлай беруден гөрі олардың сапасына мән беруіміз керек.

Өмір Шыныбекұлы, құрметті ұстаз, қоғам қайраткері:

Шымкент қаласындағы қоғамдық кеңестің мүшесімін. Қалада бір миллион екі жүз мыңдай халық тұрады. Осы қалада электрик табу мұң. Сонда колледждер не дайындап жатыр? Бір ғимаратты жалға алып, білім берген болады. Ал кәсіптік білім беруде теориядан гөрі, тәжірибенің маңызды екенін түсіне бермейді. Нәтижесінде жыл сайын іске алғысыз мыңдаған мамандарға диплом таратып жатыр. Сондықтан бұл мәселені басқаша шешу керек.

Тегтер: