Кәсіптің көзін тапқан...

Етікші мамандығы қай кезеңде де өлмейтін кәсіптің түрі. Бірақ қазіргі қытайдың сапасыз аяқ киімдерінің қаптауының салдарынан бұл кәсіп бүгінде қат салаға айналды.
Десе де, өлмес кәсіпті арқау етіп, қазіргі кезеңде үлкен шеберхана ашып, кәсібін дөңгелетіп отырған жас кәсіпкерлеріміз де баршылық. Соның бірі – «SMG» компаниясының негізін қалаушы, етікші Самғау Нәсіпханұлы. Жұмыстың көзін тауып, кәсібін кәдеге жаратқан кәсіпкердің отандық өнімдеріне бүгінде сұраныс жоғары. Оның сырын кәсіпкер өнімнің таза теріден жасалуымен әрі сапалылығымен байланыстырады.
Кейіпкеріміз дәл қазіргі уақытта Астана қаласында арнайы аяқ киім тігетін шеберхана ашып, кәсібін дөңгелетуде. Ол бұл кәсіпті ашудағы мақсатын түсіндіреді.
— Бұл саланың бұлым-пұшпағын илегелі 12 жылдан аса уақыт болды. Етікшінің нәтижесін қазақ елі күткендей сезімдемін. Бірақ өндіріс пен сатылымға дейінгі аралықта өз қиындықтары да бар. Мәселен, маркетинг, команда, қаржы мәселелері дегендей.
Кәсібімді ашудағы негізгі мақсатым – күнкөріспен қарын тойдыру емес, қаншама уақытымды осы салаға жұмсағаннан кейін, оны ары қарай дамытып, әлемдік бренд қалыптастыру болды. Әрине, әлемдік бренд қалыптастыру үшін қаншама еңбек пен қажыр-қайрат керек екенін жақсы білемін. Жол ортасына келіп те қойдым, сондықтан артқа қайтуға жол жоқ, – дейді етікші Самғау Нәсіпханұлы.
Кәсіпкер айтқанындай-ақ бүгінде аяқ киім тігу өнерін дамыту үшін балалар аяқ киімін де тігіп бастағандарын және оны тігу үшін арнайы қымбат станоктар алғанын айтады. Сондай-ақ кәсіпкер отандық өніммен айналысып жатқаннан кейін аяқ киімдерді ұлттық ою-өрнектермен безендірілуі тиіс деп есептейді. Яғни ол: «Не нәрсе де кәсіби жасалынса, сол жерде деңгей болады. Біз ұлттық етігіміздегі оюлардың артық мүйіздерін алып, барынша ықшамдап, жетілдірдік. Алдағы уақытта жаңа дизайн, жаңа етік, жаңа модельді дайындайтын боламыз», – дейді.
Сонымен қатар шебер аяқ киімді тігу үшін бір емес, үш мамандықты жақсы білуі керек деп есептейді. Яғни ол: «Аяқ киімнің сапалы болуы үшін үш мамандықтың иесі болу керек. Бірінші, аяқ киім сәнді шығу үшін дизайнды білген жөн. Екіншісі, тігінші мамандығы. Үшіншісі, қалыпқа тартып, табан жасай алуды меңгеру керек. Мен осы үш мамандықтың да қыр-сырын бүге-шүгесіне дейін зерттеп, меңгердім деп айта аламын, – дейді.
Бүгінде кәсіпкермен байланыс орнатып, инвестор болғысы келетіндер көп екен. Алайда Самғау Нәсіпханұлы инвесторларға арнайы талаптары мен шарттары бар екенін айтады.
— «Жаманмен тапқанша, жақсымен жоғалт» демекші, біздің «SMG» компаниясы керегесін кеңге жайғалы бері бізбен жұмыс істегісі келетін азаматтар ниеттерін білдіріп жүр. Бұл өте қуантарлық жағдай. Десе де, менің оларға мынадай талаптарым бар. Олар: маған және менің идеяма сенуі тиіс. Екіншіден, «ақша салдым екен» деп, компанияны иеленуге ұмтылмау. Яғни олардың мақсаты – тек біздің компания арқылы пайда табу ғана болуы тиіс. Сонымен қатар ақыл-парасытының мол болуы да маңызды. Ең соңғысы, бізге тек соңғы қаражатын әкелмеуі керек. Қысқасы, ақшасы бар адамдардың бәрі жақсы адам емес. Сондықтан да бізге жақсы, парасатты адамдармен жұмыс істеген тиімдірек, – дейді.
Шебердің айтуы мен тұтынушылардың берген бағасына келсек, SMG компаниясының аяқ киімдері сиыр терісінен тігілгендіктен, аяқты терлетпейтінін, суға да төзімді көрінеді.
— Біздегі аяқ киімдердің іші-сырты сиыр терісінен жасалынған. Ол аяқты қыздырып, терлетпейді. Және табанында ортопедиялық жастықшасы да бар. Көп жүргенде де аяқты шаршатпайды. Бағасы да тиімді. Тағы бір айта кететіні, аяқ киімнің арасы ашылып кетпес үшін, оның арасын айналдырып тігіп тастаймыз. Сонда ол ұзақ уақыт киюге жарайды, – дейді шебер.
Шебер алдағы уақытта аяқ киімдерден тапқан табысын тек кәсіпке жұсайтынын әрі осы отандық өндірісті тек ел ішінде ғана емес, әлемдік брендке көтерілгенше, дамылсыз еңбек етіп келеді екен.
— Ел Сamry, K5 армандаса, мен аяқ киімді сапалы тігетін апаратты армандаймын. Қазір керекті станоктарымызға сәл қаражат жетпей тұрғандықтан, кейбір күзге арналған аяқ киімдерімізді өз бағасынан төмен бағаға сатып жатырмыз. Бұл менің күнкөрісім үшін ғана сатып жатырмын дейтіндей, мен күнкөріс деңгейінен өтіп кеткенмін. Енді тек осы өндірісімді үлкен кәсіпке айналдырып, әлемдік брендке айналуы үшін күні-түні демалмастан, командамызбен жұмыс істеп келеміз. Сондай-ақ ісім арқылы көпшілікке пайдам тисе деймін. Кейде өмірге күнімізді көру үшін келдік пе деген сұрақ қойғанда өн-бойыма су құйғандай оянамын. 99,9 пайыз еңбек етуге тырысып жүрсем, қалған 0,1 пайызын бір Аллаға тапсырдым. Еңбегімді жандырса деп тілеймін, – деп сөзін аяқтады шебер Самғау Нәсіпханұлы.