Қаскелеңге барсаңыз, қазақша жауап күтпеңіз

Әкімқаралардың халықпен дөрекі сөйлесетініне, олардың арызын жүре тыңдап, жорта жауап беретініне, тіпті өтініш-тілектерін аяқсыз қалдыратынына етіміз үйренгелі қашан?!
Сөйтсек, енді шенеуніктер қарапайым халықты қойып, халықтың құқығын қорғайды делінетін заңгерлерге де жөнді жауап бермеуге көшіпті. Сондай шенділердің бірі – Алматы облысы Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Ақылбек Бексұлтан.
Жақында белгілі заңгер Мейірман Шекеев Қарасай ауданындағы көпбалалы аналардың арызын айтып, Қарасай ауданының әкімдігіне барады. Сонда аудан әкімінің орынбасары Ақылбек Бексұлтанның «ҚР Тіл туралы заңын» қалай қасақана бұрғанына куә болады. Бұл жөнінде заңгер әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Негізі, М.Шекеев аудан әкімімен жолықпақшы болады. Алайда әкімдік қызметкерлері әкімді біресе «көше аралауға кеткен» дейді, біресе «білмейміз» дейді, сөйтіп әкім орынбасары Ақылбек Бексұлтанмен жолығады.
Заңгердің мәселесін тыңдамастан Бексұлтан сөзін «так» деп орысша бастайды. Мұны байқаған заңгер «так» емес, қазақша сөйлесейік» дейді. Бірақ әкім орынбасары «сіз қазақша сөйлей беріңіз, мен қай тілде жауап берем, оны өзім білемін» дейді. Осыдан соң заңгер әкім орынбасарына алдына келген азамат қай тілде сөйлесе оған оның да сол тілде жауап беруге міндетті екенін түсіндіреді. Алайда Ақылбек Бексұлтан заңгерге бірден «міндетті емеспін» деп қатқыл жауап қайтарады. Тіпті «мен қандай тілде жауап бергім келеді, сол тілде жауап беремін» дейді. Шенеуніктің бұл жауабына таңғалған заңгер ары қарай «қай тілде сұрақ қойсам, сол тілде жауап беруге заңдық тұрғыда міндеттісіз» деп түсіндіруге тырысады. Бірақ әкім орынбасары арыз айта келген көпбалалы аналарды да, оның заңгерін де, тіпті заңды да қаперіне ілмей, «міндетті емеспін, қай тілде сөйлеймін, оны өзім білемін» деп айтқанынан қайтпай тұрып алады. Бұдан соң Ақылбек Бексұлтан заңгердің әр сұрағын тойтарып, «енді сізге жауап бермеймін, мұнда не істеп жүрсіз, қызмет куәлігімді де көрсетпеймін» деп айбат шеге сөйлейді. Ақыры шенеунік қасында тұрған қызметкерге «менің распоряжениемді әкеліп көрсетші» деп бұйырады. Сөйтсек, Ақылбек Бексұлтан қасындағы мемлекеттік қызметкерлерді өзінің «жұмысшысы» есебінде санайды екен. Сондықтан да қалағанынша оларға зекіп, ұрсып, жұмсай беретін көрінеді. Заңгер оның бұл әрекетінің де заңсыз екенін айтып еді, құлағына да ілген жоқ. Тіпті заңгер не айтса да, «хорошо» деген сөзді қайталап тұрып алды.
Сонымен «қай тілде сөйлесем өзім білемін, қол астымдағы жұмысшыларды құлша жұмсасам да ерік өзімде» деп шіреніп, ана тілінде жауап бермей, алдына арыз айта келген халық пен заңгерге сызданып жауап қайтарып тұрған Ақылбек Бексұлтан кім?
Ашық дереккөздерінде Ақылбек Бексұлтан «Алматы облысы Жамбыл ауданы Ащысу ауылында дүниеге келген» делінген. Білімі жоғары. Екі бірдей дипломы бар. Әуелі 2011 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «саясаттану» мамандығы бойынша тәмамдаған, кейін 2020 жылы Қонаев университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Қарасай ауданының ішкі саясат бөлімінен бастаған, 2024 жылдың тамызына дейін Қарасай, Жамбыл, Кербұлақ аудандарында, Мәдениет және спорт министрлігі «Қазқайтажаңғырту» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнында түрлі жұмыстар істеген. Ал 2024 жылдың 9 тамызынан бері Қарасай ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келеді. Нақтырақ айтқанда, әкімнің идеология мәселелері жөніндегі шаруаларына жауапты шенеунік.
Ақылбек Бексұлтанның өмір тарихы мен қазіргі жұмысына байланысты екі мәселе біздің назарымызды өзіне аударды. Біріншісі – А.Бексұлтанның екінші мамандығы «құқықтану», демек Бексұлтан тым құрыса өзі істеп отырған жұмысының төңірегіне қатысты заңды, өзінің құқығын жақсы біледі, яғни, М.Шекеев айтып отырған «арыз айтып келген тұлға қай тілде сұрақ қойса оған сол тілде жауап беруге міндетті» екенін де біледі, бірақ біле тұра заңгерге орыс тілінде жауап қайтарып тұр. Екіншіден, Ақылбек Бексұлтан Қарасай ауданы әкімінің идеология жөніндегі жұмыстарын атқаратын орынбасары. «Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңе болайын...» демекші, аудан әкімінің идеология жөніндегі орынбасарының істеп отырған ісі осы болса қалғанынан не күтеміз?!
Ақыры М.Шекеев Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естеновтің алдына әрең кіреді. Заңгер әкімге өзінің орынбасарының заң талаптарын бұзғанын айтады. Яғни, «ҚР Тіл туралы заңының 11-бабына сәйкес, мемлекеттік қызметкердің азаматтардың өтiнiштерiне қайтаратын жауаптары мемлекеттiк тiлде немесе өтiнiш жасалған тiлде болуы тиіс», дейді. Алайда аудан әкімі де заңгердің сөзіне елп ете қойған жоқ. «Орынбасарымның мәселесін бөлек қараймын, жақсы ма?» деп, айта келген арыздарына да екіұштылау жауап беріп шығарып салады.
Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов бұл лауазымды қызметке 2022 жылдың тамыз айында тағайындалған. Онда да жаңа Қазақстанда жиі айтылатын «халық сайлаған әкім» емес, ҚР Президенті әкімшілігінің келісімімен, Қарасай аудандық мәслихатының шешімі және Алматы облысы әкімінің өкімімен» тағайындалған әкім. Сондықтан да болар, арыз айта келген халыққа шекесінен қарайды, ал орынбасары «не істесе де өзі біледі». Себебі әкімді халық сайлаған жоқ.
Естеріңізде болса, Алматы қаласының бұрынғы әкімі Ерболат Досаев қала тұрғынының «жұмысыңызға халықтың көңілі толмайды, орныңыздан қашан кетесіз?» деген сұрағына «оны сіз шешпейсіз, өйткені мені сіз сайлаған жоқсыз» деп мысқылмен жауап беріп еді. Бұл оқиға да соның кебі. Әкімнің орынбасары әкімге ғана жауап береді, ал әкім өзін тағайындаған құзырлы орындардың көңілін тапса болғаны, халыққа күні түсіп отырған жоқ.
Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ