Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:58

Kaspi тобының иесі Кимнің отбасы Ұлыбританиядан 20 млн фунт стерлинг тұратын жер сатып алған

Вячеслава Ким
Фото: Выход к морю телеграм арнасы / Жас Алаш коллаж

Kaspi тобының үлескері және Қазақстандағы ең бай бизнесмендердің бірі Вячеслав Кимнің жұбайы Татьяна Ким Ұлыбританияның Суррей графтығынан Wishanger Manor атты 16 гектарлық тарихи жерді иеленген.

"Выход к морю" телеграм арнасының жазуынша, оның құны –  20 млн фунт стерлинг тұрады. Келісімшарт 2021 жылы жасалған. Бұдан бөлек, ол ат айдаушыларға арналған шағын үйді 1,6 млн фунтқа сатып алған.

Сарайға жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарының арқасында Кимдер отбасының британдық резиденциясының жоспарлары да жария болды.

XIІ ғасырдан бері сақталған тарихи ғимарат

Wishanger Manor – өте көне жер. Алғаш рет 1167 жылғы құжаттарда аталады. Бұл аймақ бір ғасыр бойы Уэверли аббаттығына тиесілі болып, цистерциан монахтарының қарауында болған.

Сарай Лондоннан алыс, тыныш ауылдық жерде орналасқанымен, Хитроу әуежайына 56 км, Лондон орталығына 80 км қашықтықта – яғни қолайлы жер.

Жалпы аумағы – 16 гектардан асады. Оның құрамына негізгі үй, күзет үйі, теннис корты, ашық бассейн, тоған және бірнеше орман телімі кіреді.

Жергілікті билік реновацияға қарсы шықты

Ким отбасының реконструкция жоспары Суррей шенеуніктеріне ұнамаған. Әсіресе «биологиялық әралуандықты сақтау» құжаты дұрыс толтырылмаған (мысалы, құрылыс жарқанат популяциясына әсер ете ме деген сұрақтар бар), ал Ким тұрғызған 2,5 метрлік алып ағаш қоршау жергілікті билік талаптарына қайшы келген.

Шенеуніктер қоршаудың «шамадан тыс биіктігі мен ұзындығы аймақтың табиғи ландшафтына үйлеспейді, ауылдық жерге қала үлгісін әкеледі» деген уәж айтты.

Татьяна Ким қауіпсіздік үшін қажет деп түсіндірмек болғанымен, инспектор оның уәжі дәлелденбеді деп шешкен.

Нәтижесінде апелляция ішінара қанағаттандырылып, қоршауды түгел бұзу талабы жұмсарды: биіктігін бір метрге дейін төмендету жеткілікті деп белгіленген.

Ким, Ломтадзе, Қайрат
Фото: azattyq-ruhy.kz

Вячеслав Кимнің байлығы бірнеше жылда үш есеге артты

Кейінгі үш жылда Вячеслав Кимнің байлығы 2 млрд доллардан 7,1 млрд долларға дейін өскен. Бұған Kaspi.kz компаниясының 2024 жылы NASDAQ биржасына шығуы, оған дейін Лондон биржасында GDR орналастыруы айтарлықтай ықпал еткен.

2018 жылға дейін компанияның үштен бірі Назарбаевтың інісі Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған. Forbes журналисі Дэвид Докинз бұл үлес Ломтадзе мен Ким арасында уақытша «таратып берілген», қажет болса қайтарылуы мүмкін деген болжам айтқан.

Jusan Bank те Кимнің бақылауына өтті

2025 жылы шілдеде Ким отбасына Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құрылымдарына тиесілі болған тағы бір ірі актив – Jusan Bank (қазіргі Alatau City Bank) өткен. Бұл актив бірнеше жыл бойы даулар мен меншік иелерінің жиі ауысуына байланысты қоғам назарында болды.

Ұлыбританиядағы басқа активтері

Татьяна Ким тек Суррейдегі жерге ие емес. Лондонның элиталық Мэйфэр ауданында оның құны 25,7 млн фунт болатын екі пәтері бар. Соның бірі Grosvenor Square, 20 мекенжайындағы ғимараттың үшінші қабатында орналасқан – тура төменгі қабатта «Назарбаевтың әмияны» аталған миллиардер Владимир Кимнің қызы Кристина Кимнің пәтері орналасқан.