Каспий құбыр консорциумы мұнай қабылдау мен жөнелтуді уақытша тоқтатты
Каспий құбыр консорциумы (КҚК) қолайсыз ауа райына байланысты теңіз терминалында мұнайды қабылдау мен жөнелтуді уақытша тоқтатты.
КҚК мәліметінше, 29 желтоқсан күні теңіз терминалы орналасқан аймақтағы дауылды ауа райы мұнайды тиеу жұмыстарын уақытша тоқтатуға мәжбүр еткен.
«КҚК теңіз терминалы қызметі аймағындағы қолайсыз метеожағдайға байланысты 29 желтоқсанда мұнайды жөнелту ауа райы қалыпқа келгенге және дауылды ескертулер алынғанға дейін тоқтатылды. Сонымен қатар сақтау орнының толып кетуіне байланысты сол күні мұнай қабылдау да уақытша тоқтатылды», - делінген консорциум хабарламасында.
Консорциум жүк жөнелтуші компаниялардың барлығы бұл жағдай туралы алдын ала хабардар етілгенін атап өтті.
Каспий құбыр консорциумы – Қазақстан мұнайын экспорттаудағы негізгі бағыттардың бірі. Бұл жүйе арқылы еліміздің ірі кен орындарынан өндірілген мұнай тасымалданады. Атап айтқанда: Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ кен орындарының өнімі осы құбыр арқылы әлемдік нарыққа шығарылады.
Жыл сайын Қазақстан КҚК арқылы кемінде 60 миллион тонна мұнай экспорттайды. Сондықтан консорциум жұмысының кез келген тоқтауы ел экономикасы мен экспорттық түсімдерге тікелей әсер етеді.
Айта кетейік, 29 қарашада КҚК теңіз терминалына кезекті шабуыл жасалып, нәтижесінде шығарылмалы айлақ құрылғысы (ВПУ) айтарлықтай зақымданған болатын.
Жақында Қазақстанның Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов елдің аталған шабуылдан келген шығынды есептеп жатқанын мәлімдеді.