Каспий теңізінде жер сілкінісі тіркелді
Бүгін, 23 желтоқсан күні таңертең Каспий теңізінде жер сілкінісі болды.
Жерасты дүмпулері Астана уақытымен сағат 09:32-де тіркелгенін қазақстандық сейсмологтар хабарлады.
Геофизикалық зерттеулер институтының деректер орталығы таратқан мәліметке сәйкес, жер сілкінісінің магнитудасы 5,3, энергетикалық класы 13,1 болған. Эпицентр 41,27° солтүстік ендік пен 53,04° шығыс бойлық координаттарында орналасқан.
Ал Еуропалық-жерорта теңізі сейсмологиялық орталығы дерегінше, дүмпу ошағы шамамен Баку қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 158 шақырым, ал Ақтау қаласынан солтүстікке қарай 335 шақырым қашықтықта болған.
Қазіргі уақытта жер сілкінісінің сезілуі немесе қандай да бір зардаптары туралы ресми ақпарат түскен жоқ. Мамандар жағдайды бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.
Каспий өңірінде мұндай сейсмикалық құбылыстар сирек болғанымен, аймақ геологиялық тұрғыда белсенді белдеулерге жақын орналасқан.
Айта кетейік, 22 желтоқсан күні Алматыда жер сілкініс болғанын хабарланды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының Геофизикалық зерттеулер институтына қарасты Қазақстандық деректер орталығының мәліметінше, жер сілкінісі 22 желтоқсан күні Астана уақытымен сағат 02:16-да тіркелді.
Жер сілкінісінің эпицентрі Қытай аумағында орналасқан. Жерасты дүмпулерінің магнитудасы 4,5 балды құрады. Алматы қаласында сейсмикалық әсер 2 баллға дейін сезілді.
Бұған дейін, 6 желтоқсанда қазақстандық сейсмологтар тағы бір жер сілкінісін тіркеген болатын. Ол жолы эпицентр Өзбекстан аумағында орналасып, Қазақстанда дүмпулердің сезілу деңгейі 2 баллды құраған.