Каспий теңізінің жағалауынан 80-нен астам өлі итбалық табылды

Су жануарлары жидіп кеткендіктен зертханалық жағдайда сапалы сынама алу мүмкін емес.
Қазақстанның Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында Каспий теңізінің жағасынан 88 итбалықтың өлексесі табылды. Бұл туралы еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігінің балық шаруашылығы комитеті хабарлады.
Ақпаратқа сәйкес, итбалықтардың өлексесін 29 сәуірде Каспий өңіраралық бассейндік инспекциясының қызметкерлері жағалаудағы мониторинг кезінде тапқан.
Бұл аумаққа инспекцияның, басқарманың, Гидробиология және экология институтының қызметкерлері келді. Қызыл кітапқа енген жануарлардың өлімі Түпқараған аудандық ІІБ тергеу жүргізгенге дейін бірыңғай тергеу тізіліміне тіркелді.
«Қазгидрометтің мәліметінше, өткен мерзімде облыс суларында негізінен батыстан соққан жел итбалық өлекселерін жағаға шығарған». «Гидробиология және экология институты таратқан ақпаратқа сәйкес, жануарлар өлекселері жидіп кеткен күйде, бұл зертханалық жағдайда жоғары сапалы сынама алуға, оның ішінде токсикологиялық және патологиялық талдауға мүмкіндік бермейді», - делінген комитет таратқан хабарламада.
Итбалық өлекселері жиналып, санитарлық нормаларды сақтай отырып, полигонға жіберілді.

Еске сала кетейік, өткен жылдың қараша айының соңында Қазақстанның Маңғыстау облысында үш аптада Каспий теңізінің жағалауынан мыңнан астам итбалық мәйіті табылған болатын.
Каспий итбалығы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Ғалымдардың есебі бойынша, Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде 240 мыңнан астама итбалық тіршілік етеді. Бұл жануарлардың жаппай қырылуы жыл сайын байқалады. Сарапшылар мүмкін себептер ретінде жүк тасымалы, теңіздің ластануы, микропластиктер мен балық аулау торларын айтады.