Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:10

Каспий жағалауында тағы 112 өлі итбалық табылды

Итбалық
Фото: lada.kz

Маңғыстау облысындағы Каспий теңізінің жағалауында 112 өлі итбалық табылды.

 Бұл туралы Lada.kz порталы облыстық экология департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

3 қараша күні жергілікті тұрғындардан түскен хабарламалардан кейін экологтар мен зертхана мамандары Форт-Шевченко және Баутино елді мекендері маңындағы теңіз суынан сынамалар алған.

«Асан ауылынан Баутино мүйісіне дейінгі жағалау бойында жүргізілген мониторинг кезінде түрлі дәрежеде ыдыраған 112 итбалықтың өлексесі табылды», – деп хабарлады департамент.

Атап айтқанда, Асан ауылынан Форт-Шевченко жағажайына дейін 39, ал Форт-Шевченкодан Баутино мүйісіне дейін 73 өлексенің табылғаны нақтыланды.

Оқиға туралы ақпарат 112 қызметіне тіркеліп, белгіленген ереже бойынша тиісті органдарға жолданған. Қазір экологтар мен балық инспекциясы өкілдері жағдайды тексеріп, судан және топырақтан сынама алып жатыр.

Бұған дейін Ақтау тұрғыны Баутино маңында алты өлі итбалықты көргенін хабарлаған. Олардың кейбірі балық аулау торларына шырмалып қалған. Осыдан кейін экология департаменті мен инспекторлар жағалаудағы кең ауқымды тексеруді бастаған.

Каспий теңізінде итбалықтардың жаппай қырылуы соңғы жылдары жиілеп кетті. Сарапшылардың айтуынша, оған теңіз суының ластануы, климаттың өзгеруі және заңсыз балық аулау құралдары әсер етуі мүмкін. Мамандар әзірге нақты себепті атаған жоқ, зертханалық сараптаманың нәтижелері алдағы уақытта жариялануы тиіс.

Еске сала кетейік, өткен жылдың қараша айының соңында Қазақстанның Маңғыстау облысында үш аптада Каспий теңізінің жағалауынан мыңнан астам итбалық мәйіті табылған болатын.

Каспий итбалығы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Ғалымдардың есебі бойынша, Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде 240 мыңнан астама итбалық тіршілік етеді. Бұл жануарлардың жаппай қырылуы жыл сайын байқалады. Сарапшылар мүмкін себептер ретінде жүк тасымалы, теңіздің ластануы, микропластиктер мен балық аулау торларын айтады.