Каспийде тағы да итбалықтар қырылып жатыр

Каспий теңізінің Форт-Шевченко маңындағы жағалауында ондаған өлі итбалық табылды.
Бұл туралы Атырау қаласынан барған эколог-блогер Азамат Сәрсенбаев Instagram парақшасында хабарлады. Ол Euronews телеарнасының түсірілім тобымен бірге аймаққа арнайы барып, Каспийдің экологиялық проблемалары жайлы репортаж дайындап жатыр.
"Келген сәтімізде жағалаудың небәрі бір шақырымдық бөлігінде 50-ден астам өлі итбалықты санадық. Бұл – біз көргені ғана. Бұған дейінгі екі күнде жергілікті балық қорғау инспекторлары 160-тан астам өлексені жинап, жойып үлгерген екен", – деп жазды Азамат Сәрсенбаев.
Бірнеше күн бұрын да осындай жағдай тіркелген
1 мамырда Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында Каспий жағалауына 88 өлі итбалық шыққаны ресми түрде хабарланған болатын. Бұл ақпаратты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі таратқан.Итбалықтардың өлексесін Жайық–Каспий балық шаруашылығы инспекциясының мамандары анықтаған.
Алайда олардың қырылу себебін анықтау мүмкін болмаған: денелері қатты іріп кеткендіктен, зертханаға үлгілер алу мүмкін емес.
Экологтар дабыл қағып жатыр
Каспий итбалықтарының қырылуы – кейінгі жылдары жиі қайталанып жүрген экологиялық апат. Бұл жағдайлар жергілікті халық пен табиғат қорғаушылар арасында алаңдаушылық туғызған. Сарапшылардың айтуынша, теңіздегі улану, мұнай қалдықтары, вирустық аурулар немесе климаттық өзгерістер жануарлар өліміне себеп болуы мүмкін. Бірақ нақты себептер көп жағдайда белгісіз күйінде қалып отыр.