Каспийдің экологиялық мәселелерін зерттеу үшін 300 млн теңге бөлінді

Каспий теңізінің экологиялық жағдайын кешенді зерттеу мақсатында арнайы ғылыми-зерттеу институты құрылды. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асты.
Жаңа институттың негізгі міндеттеріне теңіздегі балық қорының көлемін анықтау, оларды сақтау жолдарын әзірлеу, тюленьдердің жаппай қырылу себептерін зерттеу және олардың популяциясын қорғау кіреді. Сондай-ақ ғалымдар Каспийдің гидрологиясын, су деңгейін, климат өзгерістерінің экожүйеге әсерін зерттеп, қазақстандық бөліктің су сапасы мен биоалуантүрлілігін тұрақты бақылауда ұстайды.
Бөлінген қаржы гидробиология, гидрохимия, гидрометеорология және спутниктік мониторинг бағытындағы зертханалардың жұмысын күшейтуге жұмсалмақ. Бұл теңіз экожүйесін сақтап қалуға және табиғи ресурстарды тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
Сарапшылардың айтуынша, 1985 жылдан бері Каспий теңізінің деңгейі үш метрге төмендеген. Океанологтар бұл үрдіс 2025 жылы да жалғасады деп болжап отыр. Тіпті, алдағы 25 жылда теңіз бетінен судың қарқынды булануы жалғасуы ықтимал.
Каспийдің тартылуы өңірдің экологиялық тепе-теңдігіне, балық шаруашылығына және жергілікті халықтың өмір сүру жағдайына тікелей әсер етеді. Сондықтан, мамандар теңізді құтқару бойынша кешенді шараларды жедел қолға алу қажет екенін айтады.