Кәсіпкер Әнипа Назарбаева базарын тартып алып, кейін сатып жіберді деп айыптады

Кәсіпкер Әнипа Назарбаева базарын тартып алып, кейін сатып жіберді деп айыптады.
Азаттық Азияның жазуынша, кәсіпкер Қуаныш Жамбұрбаев өзінен «Кенжехан» базарын күшпен тартып алғанын, бұл іске Әнипа Назарбаева мен сол кезде прокуратурада жұмыс істеген Ернат Сыбанкұлов қатысқанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл оқиға 2000 жылдардың басында, Алматының әйгілі барахолка аймағында болған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ӘНИПА НАЗАРБАЕВАНЫҢ БОЛҒАН-БОЛМАҒАН БИЗНЕСТЕРІ
Прокурор президенттің туысы екенін айтып, үлес талап етті
Жамбұрбаевтың айтуынша, 1998 жылы ол достарымен бірге Алматының Солтүстік шеңбері бойындағы ескі қоқыс алаңын тазартып, сол жерде «Сұлтан қорған» атты жаңа базар ашқан.
Көп ұзамай оған прокуратура қызметкері Ернат Сыбанкұлов келген.
«Ол өзін Әнипа Назарбаеваның жиені ретінде таныстырып, оның жеке куәлігін де көрсеткен. Кейін Ә.Назарбаеваны базардың құрылтайшылары қатарына қосуды талап етті», — дейді кәсіпкер.
Кәсіпкерлер қысымға шыдамай, Әнипа Назарбаеваға 30 пайыз үлес беруге мәжбүр болған, ал ол ешқандай қаржы салмай-ақ негізгі құрылтайшы ретінде тіркелген.
«Біз қарсыласуға қорықтық. Сол кезде Назарбаев отбасының ықпалынан қаймықпау мүмкін емес еді», — дейді Жамбұрбаев.
Біраз уақыттан соң «Сұлтан қорған» серіктестігі банкрот деп танылып, оның орнына Әнипа Назарбаева жаңа компания — «Кенжехан» ЖШС құрған. Базардың атауы да өзгертілген. Кәсіпкер мұны жоспарлы түрде өзгенің мүлкін иемдену амалы деп есептейді.
Әнипа Назарбаеваның жауабы: «Ол өзі келіп ұсынды»
Алайда 22 жылдан кейін басталған тергеу кезінде Әнипа Назарбаева айыптауды жоққа шығарған.
Ол тергеуде:
"Жамбұрбаев өзі келіп, “мен базар ашып жатырмын, бірге жұмыс істейік” деді. Мен келістім. Ернат Сыбанқұловты да сол арқылы таныдым. Біз туыс емеспіз. Ол менің сыныптасымның баласы екенін кейін білдім. “Сұлтан-қорғанның” банкрот болуы — соттың шешімі. Кейін мен жаңа компания — “Кенжеханды” құрдым, базарды соған өткіздім. Жер телімін әкімдік арқылы рәсімдеп, кейін сатып алдым", — деп мәлімдеген.
Прокурор Сыбанқұлов қайда?
Тергеу кезінде Ернат Сыбанқұлов бірде-бір рет жауапқа шақырылмаған. 2022 жылға дейін ол Қазақстанның бас көлік прокуроры қызметін атқарған, ал оған дейін түрлі облыстарда жоғары лауазымды қызметтер атқарған.
Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен «III дәрежелі әділет мемлекеттік кеңесшісі» атағын алған. Қазір оның қайда екені белгісіз.
Ал оның бауыры Ержан Сыбанқұлов 2022 жылдың тамызынан бері Жетісу облысы прокурорының орынбасары болып жұмыс істейді.
Іс неге жабылды?
Жамбұрбаевтың арызы бойынша қозғалған «аса ірі көлемдегі алаяқтық» бабы бойынша іс бір жылға жуық тергеліп, 2023 жылдың сәуірінде «қылмыс құрамының болмауына байланысты» тоқтатылған.
«Барлығын, Назарбаеваны да тергеді. Ол ақшалай үлес қоспағанын мойындады. Бірақ Сыбанқұлов тергеуге келмеді — ол прокурор, әрі қысым көрсетті. Генерал шеніндегі адам істі жауып тастады деп ойлаймын», — дейді Жамбұрбаев.
Кәсіпкер істің тоқтатылуына наразылық білдіргенімен, шағымдары қабылданбаған.
Бас прокуратура бұл шешімге жоғары лауазымды шенеуніктердің ықпалы болған-болмағанына жауап беруден бас тартты.
Базар кімнің қолында қазір?
Жамбұрбаевтың айтуынша, 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін Әнипа Назарбаева оны Қаскелеңге шақырып, татуласу жайлы сөйлескен.
«Мен де “бәрін ұмытайық, жаңадан бастайық” дедім. Ал бірнеше аптадан кейін базарды сатып жібергенін білдім», — дейді ол.
Ресми деректерге сәйкес, «Кенжехан» нарығы 2022 жылғы 29 наурызда 640 млн теңгеге (сол кездегі бағамен $1,3 млн) сатылған.
Базардың қазіргі иесі — Александра Манушина. Базар оның «Митра консалтинг» компаниясының атына тіркелген.
Айта кетейік, Jas Alash Әнипа Назарбаеваның базарды әлі де басқарып отырғаны жайлы көлемді мақала жариялаған болатын.
Әнипа Назарбаеваның түрлі ірі бизнес нысандарына қатысы бары белгілі. Мәселен, Алматыдағы «Кенжехан» базарының құрылтайшыларының бірі екені, жеке күзет фирмасы, жекеменшік мектебі, т.б. кәсіптері болғаны туралы деректер бар. Бұл Әнипа Назарбаеваға қатысты бірінші рет болып тұрған дау емес. Оның бұған дейін Қаңтар оқиғасынан кейін кейбір мүліктерінен айырылғаны туралы отандық БАҚ бірнеше рет жазды. Алматыдағы «Кенжехан» базарында саудагерлер мен басшылық арасындағы жанжал бұдан екі жыл бұрын қатты ушықты. Саудагерлердің айтуынша, олар 2015 жылы әр контейнерді 10–12 мың долларға сатып алғанымен, келісімшарттар жыл сайын өзгеріп, орындар жалға берілетін жүйеге айналған. 2022 жылы иесі ауысқан соң, жаңа басшылық (Сергей Ким) әр контейнер үшін 5–7,3 млн теңге қосымша ақы талап еткен, төлемегендердің контейнері жабылып, базардан қуылған. Саудагерлер бұл әрекеттердің артында базардың бұрынғы иесі Әнипа Назарбаева мен оның туыстары тұрғанын мәлімдеді. Базардағы қысым, келісімшартты жиі өзгерту, орындарды қайта сату және жалдау ақысын көтеру фактілері айтылып, саудагерлер парламентке, үкіметке арызданғанымен, нәтиже болмады. Сол кезде де «Жас Алаш» базарға арнайы барып, даудың мән-жайын жазған еді. Бұдан бөлек, саудагерлер айтатын Сергей Кимнің кім екені туралы да көлемді зерттеу жарияладық.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ӘНИПА НАЗАРБАЕВАНЫҢ БЕЛГІСІЗ КӨМЕКШІСІ КИМ СЕРГЕЙ КІМ?