Кәсіпкер Болат Назарбаевқа қатысты рейдерлік дауды тергеуді қайта жандандыруды сұрайды

Алматы облысының кәсіпкері, атышулы «Алматы стекло» зауытының директоры Азим Абдуллаев тағы да құқық қорғау органдарына үндеу жолдады.
Ол Болат Назарбаев тарапынан болған рейдерлік басып алулар ісін тоқтатпай, тергеуді жалғастыруды талап етті. Бұл туралы Orda.kz хабарлады.
Бизнесменнің айтуынша, ол 2016 жылдан бастап экс-президентінің туған інісі Болат Назарбаевқа «салық» төлеп келген. Сол арқылы Назарбаев зауыттың 50 пайыз үлесін рейдерлік жолмен иемденген.
2022 жылы алғаш рет бұл дау қоғамға белгілі болғанда, Абдуллаев Болат Назарбаевтың бизнесті ұлы Нұрболға қалдырғанын айтқан. Алайда жұмысшылар жаңа басқарушыға қарсы болып, зауыт алдында наразылыққа шыққан. Сол кезде зауытқа Нұрбол Назарбаевтың өкілі ретінде келген Руслан Шалин кейіннен «Қоспаевтар ОПГ-сының» мүшесі деп танылып, 12 жылға сотталды.
Ал 2022 жылы Болат Назарбаев керісінше Абдуллаевты сотқа беріп, кәсіпкерді «жалған ақпарат таратты» деп айыптады. Сот шешімі бойынша кәсіпкер 500 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.
Үш компаниядағы үлестер дауы
Абдуллаевтың айтуынша, Назарбаевтың адамдары оның тек шыны зауытындағы ғана емес, тағы екі компаниядағы үлестерін де тартып алған:
-
ТОО «Шалқар 17» – 50 % (кейін 60 % болған),
-
ТОО «Алматы стекло» – 50 %,
-
ТОО «Бахар-А» – 50 %.
Кәсіпкердің мәлімдеуінше, «Шалқар 17» үлесін тартып алу үшін арнайы жасақ қарулы түрде келген.
2023 жылы Болат Назарбаев қайтыс болған соң, оның мұрагерлері бұл үлестерді заңдастыруға кіріскен. 2025 жылғы 4 шілдеде Абдуллаевқа мұрагерлердің өкілі ресми хат жолдап, учредительдік құжаттарға өзгеріс енгізуді және мемлекеттік тіркеулерде олардың үлестерін рәсімдеуді талап еткен.
Рейдерлік істер Қоспаевтар ОПГ-сына қатысты үлкен қылмыстық іске қосылған. Сот бұл топқа қатысты үкім шығарғанымен, Болат Назарбаев пен оның айналасына қатысты бөлек қозғалған іс тоқтап қалған.
Абдуллаевтың айтуынша, 2025 жылдың сәуірінде тергеу органдары «қылмыс жасаған адамдар анықталмады» деген себеппен істі тоқтатқан. Кәсіпкер болса, Болат Назарбаевтың қатысы барын өзінің туыстарының, зауыт жұмысшыларының және Назарбаев кеңсесі қызметкерлерінің куәліктері бірнеше рет дәлелдегенін алға тартады.
Ол президентке жолдаған хатында:
«Барлық дәлелдерге қарамастан, процессуалдық шешім қабылданбады. Енді Болат Назарбаевқа қатысты істі нереабилитациялық негізде тоқтату қаупі бар», – деп жазған.
Кәсіпкер кінәлілерді жазалап, өз бизнесін қайтаруды талап етеді.
Айта кетейңк, қазіргі таңда Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаевқа қатысты іспен Активтерді қайтару комитеті айналысып жатыр. Сот шешімі бойынша ол 106,75 млн АҚШ доллары (шамамен 57 млрд теңге) көлеміндегі активтерінен айырылды.