Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:48

Кәсіпкер салады, әкімдік бұзады: СҚО әкімдігінің салғырттығы Алаш кешенін дауға айналдырды

 Ғауез Нұрмұхамбетов
Фото: Жас Алаш коллаж

Жақында әлеуметтік желіде таралған Солтүстік Қазақстан облысы Петровка ауылы маңында Міржақып Дулатұлына арналған мемориалды кешеннің ашылмай жатып бұзылған суреттері көптің наразылығын тудырды.

Алғаш болып дабыл қаққан алаштанушы Заңғар Кәрімхан кешеннің қасақана қиратылғанын айтып, әкімдікті кінәлады. Кешеннің салуына демеуші болған кәсіпкерлер құрылысты себепсіз тоқтатты деп әкімдікті айыптаса, жергілікті шенеуніктер ұйымдастырушылардың арнайы рұқсаты болмағанын алға тартты. 

«Рухани құндылыққа жасалған қастандық»

1918 жылы шілдеде Солтүстік Қазақстандағы Жамбыл ауданы Петровка ауылы маңындағы Аққұсақ қонысында (Әлти қажы Барлыбайұлының қонысы) Алаш орда әскерін жасақтау мәселесіне қолдау білдіру мақсатында үлкен жиын өткен. Дәл осы тарихи басқосуда Міржақып Дулатұлы ел тәуелсіздігін аңсаған жалынды сөзін айтып, жұртшылықты Алаш идеясын қолдауға, халықты сыртқы қауіптен қорғауға шақырды. Сол жиынға Қызылжар және Көкшетау уездерінен 22 болыс өкілдері қатысқан деген дерек бар. Яғни, Аққұсақ қонысы – Алаш тарихында маңызды орын алған киелі мекен. Бұл орынның тарихи мәні мойындалып, Қазақстанның қасиетті жерлері картасына енгізілмекші. Алаш қозғалысы жетекшілерінің бірі М. Дулатұлының Солтүстік Қазақстан жеріндегі осы қызметі – 1917-1918 жылдардағы ұлт-азаттық ұмтылыстардың куәсі. Сондықтан тәуелсіз Қазақстанда дәл осы Аққұсақтағы тарихи оқиғаға мән берілуі заңды.

Сондықтан биыл Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл толуына орай сол тарихи Аққұсақ жерінде мерейтойлық мемориалды кешен бой көтерді. Ескерткіш кешені мемлекет бюджетінен қаржы бөлінбей, жеке меценаттардың қолдауымен және Алаш арыстарының ұрпақтарының бастамасымен салынған. Атап айтқанда, ұйымдастырушылар қатарында Нағашыбай Барлыбаев пен Ерлан Әбенұлы сынды кәсіпкерлер бар, олар тарихи мұраға құрмет ретінде қомақты үлес қосқан. Кешен жобасы сәулет өнері тұрғысынан қазіргі талаптарға сай дайындалғаны айтылады. Мемориалдың негізгі бөлшегі – биіктігі 28 метрлік стелла (діңгек). Стелланың ұшар басына тәуелсіздіктің символы ретінде қанатын қомдаған қыран бейнесі қойылып, айналасына жарық шам бағандары орнатылған, сондай-ақ Міржақып Дулатұлы мен Алаш қозғалысына арналған мәтін ойылып жазылған мемориалдық тақта қойылған.

1
Фото: tizgin.kz

Мерейтойлық шараны ұйымдастырушылар ескерткіштің ашылуын Міржақып Дулатұлының туған күніне орайластырмақ болған. Яғни, ескерткішті салтанатты түрде ашу 2025 жылғы 27 қыркүйекке белгіленген еді. Дәл сол күндері республика көлемінде Алаш қайраткерінің 140 жылдығы аталып өтіп жатқан болатын. Алайда, көп ұзамай, алдын ала жоспарланған қуанышты шараның жүзеге асуы екіталай күйге түскен.

Мемориалды кешен құрылысы қыркүйек айының соңына қарай толық аяқталуға жақындағанда, ұйымдастырушылар күтпеген жағдайға тап болған. Салтанатты ашылуға небәрі бірнеше күн қалғанда, яғни, қыркүйектің соңғы аптасында, кешеннің құрылысы тоқтатылған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, кешен құрылысын тоқтатуға әкімдік келтірген уәж себеп болған.

Бұл оқиға Міржақып Дулатұлының мерейтойына жан-жақты дайындалған азаматтарға күтпеген жайт болған. Кешеннің құрылысы тоқтап қалғаны туралы ақпарат алғаш болып әлеуметтік желілерде тарады. Белгілі алаштанушы Заңғар Кәрімхан 25 қараша күні (М.Дулатұлының дәл туған күнінде) әлеуметтік желідегі парақшасында осы жағдайға назар аударып, дабыл қақты. Ол өз жазбасында бұл әрекеттің қасақана екенін айтып, көпшілікті бейжай қалмауға шақырды. Бұл оқиғадан соң қоғам мемориалдың бұзылуына бірден облыс әкімдігін кінәлап, бұл әрекетті «рухани құндылыққа жасалған қастандық» деп бағалады. Мемориал құрылысына атсалысқандар облыс әкімдігін қателікті түзеп, кешенді қайта қалпына келтіруге шақырды.

Әкімдік не дейді?

Мемориал төңірегіндегі дау-дамай өрши бастаған соң, Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі ресми түсініктеме беруге мәжбүр болды. Облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы тиісті мәлімдеме жасап, ескерткіштің бұзылуына қатысты уәждерін алға тартты. Ресми ақпарат бойынша, 28 метрлік стелла жеке кәсіпкердің бастамасымен орнатылып жатқан кезде кейбір техникалық ақаулар анықталған. Басқарма басшысы Досбол Әбдірейісовтің айтуынша, ескерткішті тұрғызуды қолға алған кәсіпкер Н.Барлыбаев жергілікті атқарушы органның тиісті келісімін алмаған. Құрылыс-монтаж жұмыстары барысында стелланың орнатылуында қателіктер, техникалық кемшіліктер бары белгілі болыпты. Осы себепті, кәсіпкердің өзі кешеннің жоғарғы бөлігін алдыртып (демонтаж жасап), түзетпек болған. Яғни, әкімдіктің айтуынша, ескерткішті толық бұзып тастау емес, тек қауіпті деп танылған үстіңгі бөлігін уақытша алу туралы шешім қабылданған.

Басқарманың ресми хабарламасында, сондай-ақ кәсіпкер Н.Барлыбаевқа ескерткіш орнату үшін заңда көрсетілген барлық рұқсат рәсімдерінен өту қажеттігі түсіндірілген. Заңнамаларға сәйкес, тиісті мемлекеттік сараптамадан өтпеген және жергілікті атқарушы орган мақұлдамаған ешбір монумент ресми тарих және мәдениет ескерткіштері тізіміне енгізілмейді. Демек, Аққұсақ қонысындағы бұл стелла да алдымен заңдастырылуы тиіс болған. Әкімдік өкілдерінің мәлімдеуінше, вандализм фактісі тіркелмеген. Есесіне, рұқсат құжаттары реттелмегендіктен, Солтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылысты бақылау органдары Н.Барлыбаевқа әкімшілік айыппұл салғаны белгілі болды.

Ұйымдастырушылар не дейді?

«Жас Алаш» осы кешеннің салуына демеуші болған кәсіпкер Нағашыбай Барлыбаевқа хабарласты. Оның айтуынша, кешен үш жарым айдың ішінде салынған. Оны салуға төрт кәсіпкер атсалысқан. Солардың арасында Міржақып Дулатұлының жиен немересі Ерлан Әбенұлы да бар.

Нағашыбай Барлыбаев
Нағашыбай Барлыбаев. Фото: tizgin.kz

«Қазір түсінбеушіліктерге байланысты болған мәселелер шешілді, кешен алдағы уақытта қалпына келіп, ашылады», – деді кәсіпкер.

Стелла
Фото: tizgin.kz

Ал кешеннің салынуына атсалысқан Міржақып Дулатұлының жиен немересі Ерлан Әбенұлының айтуынша, бұл кешеннің жобасы мен макеті әкімдікте бірнеше рет қаралған. Оның үстіне кешен тек Міржақып Дулатұлына ғана арналған жоқ. Кешенге барельефтер салынған. Ол жерде репрессияға ұшыраған әр ұлттың өкілдерінің суреті бар. Оның ішінде орыс халқының өкілдері, шіркеу қызметкерлерінің бейнелері де бар. Одан бөлек елімізге жер аударылған ұлттардың өкілдері – кәріс, неміс, поляктар да бар. Қазақтарды жер аударған елдімекендердің атаулары тұр.

 Ерлан Әбенұлы
Фото: Ерлан Әбенұлы

«Кешенге Міржақып Дулатұлының өлеңі, Ахмет Байтұрсынұлының, Әлихан Бөкейханның сөздері, Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» өлеңінен үзінді жазылған. Сондықтан бұл жерде ешқандай ұлтшылдық жоқ. Бәріне ортақ дүние. Оны салдырмай қою қазақ халқына ғана емес, басқа халық өкілдеріне де қиянат деп ойлаймын. Оны ешкім бұзған жоқ. Нағашыбай Барлыбаев демонтаж жасаған себебі – басқалар бұзатын болса – мідетті түрде стелланың детальдарына зақым келтіретін еді. Аудан басшылары егерде бізге нұсқау берілсе біз жер (тілім) Нағашыбайдың атына Актіні шығарып береміз деп жатыр .Алдағы уақытта жер заңдастырылса, бәрі қалпына келеді. 27 қыркүйекте мен осы мәселе бойынша Қызылжарға арнайы бардым. Сол күні (сенбі) таңертең Қазыбек Сатыбалдин екеуміз облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовпен орталық алаңда жолығып қалдық. Мәселенің мән-жайын айтқанымызда әкім бізге: «Стелланы қалпына келтіруге өзім де мүдделімін» деп айтқан. Уәдесінде тұрады деп ойлаймын», – дейді Ерлан Әбенұлы.

1
Фото: tizgin.kz

Осы жобаның басы-қасында жүрген ғалым Дастанбек Баймұқановтың айтуынша, жоба басталарда ешкім қарсылық білдірмеген. Жеме-жемге келгенде бәрі жан-жаққа қашып кеткен.

«Бұл 1917 жылғы Қызылжар маңындағы Аққұсақ деген жерде Алашқа әскер, қару жинаған және жылқы жинағандарға ашылып жатқан ескерткіш. Жарайды, Нағашыбай кінәлі-ақ болсын, алайда дайын тұрған кешенді неге бұздырады? Сол жағы түсініксіз. Оның ар жағында Алаш тақырыбы тұр. Сондықтан өз басым бұған келіспеймін. Нағашыбайды жақсы білемін. Ол өкіметтен бір тиын алмай осы кешенді салып жатыр. Оның үстіне кешен салынған жер – адам аяғы баспайтын, мал бармайтын «Қопа» деген көлдің жағасында. Енді қазір тоқтатып, мамыр айының басында құрылысына қайта кірісіп, мамырдың соңында ашуды жоспарлап отырмыз. «Топырағы бос екен, стелла қисайды» деген – жалған сөз. Оны әшейін ауылдағы механизаторға салдырып жатқан жоқ, оны жобалаған, бірнеше жұмысымен танымал атақты – Қазыбек Сатыбалдин».

Заңғар Кәрімхан
Фото: ашық дереккөз

Белгілі алаштанушы Заңғар Кәрімханның сөзінше, әкімдік пен демеуші кәсіпкерлер арасында түсінбеушілік болған. Биыл Міржақып Дулатұлының 140 жылдығы. Сондықтан халыққа кешеннің ашылғаны керек. Осындай жағдай болып жатқаннан кейін ол мәселені көтерген.

«Егер басқа облыс бюджеттен бір тиын алмай осындай кешен тұрғызса қуана-қуана қолдайтын еді. Ал Солтүстік облысы шенеуніктерінің не үшін қолдамай отырғанын түсінбедім. Уақытында ашып жіберсе, Торғайда басталған тойдың жалғасы болар еді. Бірақ олай болмай, арты дауға айналды. Алайда Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі бұл дауды өршітпей тоқтатуды дұрыс деп тапты. Олар хабарласып, енді мемориалдық кешеннің құжаттық рәсімдерін реттеуге, жұмыстардың заңды әрі ұқыпты жүргізілуіне дайын екенін жеткізді, уәде беріп отыр. Ал кәсіпкер ағамыз ескерткішті қайта қалпына келтіруге келісті. Алдағы уақытта кешеннің ашылуы дұрыс ұйымдастырылып, Міржақып Дулатұлы бастаған Алаш ардақтыларына лайықты деңгейде өтеді деген үмітіміз де, сеніміміз де мол. Бұл орайда мен өзімнің азамат ретіндегі, алаштанушы ғалым ретіндегі анық ұстанымымды білдіріп, жұмысымды адал атқардым деп есептеймін. Ешкім мені мәжбүрлеген жоқ, біреу мені түрткен емес. Бұл орайда арзан атақ пен жалған хайпқа ұмтылмағанымыз айдан анық. Тыныштықты бұзып, ел арасына іріткі салған түгіміз жоқ. Тек Міржақыптай арыстың туған күнінде ширыққан көңіл мен шамырқанған намыстан туындаған сөз діттеген жерге жетті. Ел-жұрт, қоғам алдында, алаштану саласында арым таза, жүзім жарқын», – дейді З.Кәрімхан.

Иә, Алаш тақырыбы – қазақтың жанды жері. Міржақып, Ахмет, Әлихан сынды арыстарға қатысты әрбір әрекет халықтың намысына тікелей тиетін дүние. Сондықтан мұндай мәселеде мемлекеттік органдардың қателесуге де, салғырттық танытуға да қақысы жоқ. Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі осы оқиғаның алғашқы күнінде-ақ ахуалды ушықтырмай, ашық түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс болатын. Қоғамда дүрбелең туғанда ғана емес, алдын ала әрекет ету кәсіби басқарудың талабы болса керек. Халық алдында түсініксіз шешімдер қабылдап, іс аяқсыз қалғанда немесе ақпарат бұлыңғыр болғанда, оның орнын түрлі қауесет пен күдік басады. Бұл жолы да солай болды. Себебі әкімдік «топырағы бос, стелла қисайған» деп екіұшты ақпарат таратты. Кәсіпкерлер мұны жоққа шығарды. Сондықтан осы істің алдында әкімдік тарапынан келісім мен қолдаудан гөрі тосқауыл мен күмән көбірек көрінгені кемшілік болды. Ең өкініштісі, Міржақып Дулатұлындай арыстың 140 жылдығына арналған игі іс мерейтойда қуаныш әкелудің орнына дауға айналды. Мұндай жағдайда биліктің міндеті мәселені жасырып-жабу емес, оны әділ шешу, кінәліні іздеу емес, жол табу, тоқтату емес, аяқтау болатын. Алайда ашылмай жатып дауға айналған кешен ісі олай болмай шықты. Әшейінде әрбір істі өз ұпайына жаза салатын шенеуніктер мұны да дұрыстап пайдалана алмады.

Жүсіп Рахатұлы
Жүсіп Рахатұлы. Фото: Gov.kz

P.S. Айтпақшы, осы дауда Солтүстік Қазақстан облыс әкімінің ең көп аты аталған орынбасары Жүсіп Жұмағұловқа да хабарластық. «Әкімдік қандай негізде кешен қисайып жатыр деген қорытындыға келген, кешенді салып жатқанда неге мұның заңға қайшы екенін ескертіп тоқтатпадыңыздар, Алаш қайраткерлеріне арналған кешен болғасын арты дауға ұласатынын неге ескермедіңіздер» деген сияқты бірнеше сауал жолдадық. Бірақ Жүсіп Рахатұлы: «Үлкен түсінбеушілік болған, кейбір ақпарат дұрыс жеткізілген жоқ. Мәселе толық шешілді», – деп қысқа қайыра салды.

Тұрсынбек БАШАР