Кәсіпкерлерге сенбейтін мемлекеттің жаңа салық кодексі
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енуі тиіс. Жаңа кодексте корпоративті салықтарға, ҚҚС-на, арнайы салық режимдеріне, ставкаларға қатысты бірқатар өзгерістер бар. Жаңа кодексті талқылау 2024 жылдың 15 шілдесіне дейін жалғасады.
Соңғы бес жылда 60 рет қаралған салық кодексінің жаңа нұсқасына бизнес қауымдастықтың көңілі толмай отыр. Ал билік өкілдері, керісінше, жаңа салық кодексі – бизнестің дұрыс жолға қойылуы мен қарапайым халықтың өмірін жеңілдетуге бағытталған дейді. «Жас Алаштың» елордадағы тілшісі тараптардан пікір сұрап, жаңа кодекстегі өзгерістер кімдердің мүддесі үшін тиімді екенін сұрап көрді.
Салық саласында жұмыс істеп жүргеніне 9 жылдан асқан «СамРук» есептік компаниясының құрылтайшысы Шынар Елеуова жаңа кодекстегі өзгерістердің басым көпшілігі кәсіпкерлердің мүддесіне қарсы екенін айтты.
«Өзгерістердің барлығы бизнеске қарсы, кәсіпкерлерге зорлық көрсетуге бағытталған. Мәселен, 2020 жылы бизнес үшін пайдалы деп жаппай бөлшек салығына көшуді ұсынды. Кәсіпкерлер 30-40 ЖШС, жиырма ЖК (ИП) ашып әуре болмайды деп қуанып, жаппай көшелік дедік. Енді ғана бөлшек салығын түсініп, кәсіпкерлер икемделді-ау дегенде айналымды қысқартпақшы. Қараңыз, жыл соңына дейін айналымы 2 млрд теңгеден асатындар квартал сайын мемлекет қазынасына 3%, кей аймақтар 2% салық төлейтін. 2025 жылдан бастап айналым 500 миллионға дейін болса ғана бөлшек салығын төлейді, одан 1 млн теңге болсын асып кетсе 20% cалық төлеуге міндеттеп отыр. Бұл квартал сайын төленетін салық. Айналым бөлек, кәсіпкердің сол айналымнан табатын табысы бөлек. Сонда бизнеске тек салық шығындарын жабу үшін жұмыс істеуге тура келеді. Мұндай шешім – мемлекеттің кәсіпкерлерге деген сенімі жоқ дегенді білдіреді. Салық кодексін енгізетін кезде «біз нарыққа анализ жасадық» дейді, анализ жасауға уақыт тым аз болды. Ешқандай зерттеусіз, бизнеспен ақылдаспай мемлекет қазынасы үшін тиімді шешімді пайдаланғалы отыр», – деді Шынар Елеуова.
Бизнестің салық саласын жүргізіп отырған маманның ойынша, мемлекет бөлшек салығын қалдыруы керек еді. Одан бөлек, келесі жылдан бастап бір отбасы мүшелері бірнеше ЖШС, ЖК аша алмайды.
«Заңдағы бизнес үшін екінші бір тиімсіз өзгеріс – бизнесті бөлшектеу. Яғни қазіргідей бір адам өзінің, туыстарының атынан бірнеше ЖК ашып, бір-біріне ұқсамайтын кәсіпті қатар жүргізіп, бір контрагентпен жұмыс істей алмайды. Қарапайым мысалмен айтсақ, 2 млрд айналымды бірнеше компанияға бөлшектей алмайсыз. Мұның салдары көлеңкелі экономикаға әкеледі».
Бизнес қауымдастықтың назы
Сондай-ақ «Қазақстан салықтары» ассоциациясының басшысы Екатерина Ким жаңа салық кодексінде бизнеске қатысты әкімшілік міндеттемелер мен тексерулер көп деп отыр. Жаңа кодекстен қатаң өзгерістерді күтпеген бизнес «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына жүгініп, президенттің атына петиция әзірлеген.
«Бизнестің жаңа салық кодексін талқылауына аз ғана уақыт берілді, адамдар мұндай қатаңдатылған салық кодексін күтпеді. Әкімшілік міндеттер мен көптеген тексерулер енгізілген. Атап айтсам, бөлшек салығы мен жеңілдетілген режимді алып тастауға қарсымыз. Үш жыл мораторийде болдық, енді салық тексерістерін қатайтпақшы. Бұрын кәсіпкерлердің мүддесін қорғаған бірнеше пункттер қазір мүлдем жоқ. Бұл бизнес үшін үлкен мәселе. Жаңа салық режимімен шағын кәсіпкерлердің 80% көлеңкелі бизнеске кетеді. Отбасылық бизнеске де жол жабық, себебі жылдық лимитті 500 млн теңгеге көтерді. Кәсіпкерлердің айналымы 500 млн болғанымен, табысы 50-100 млн теңге ғана болуы мүмкін, ал төлейтін қосымша құн салығы, үстеме салықтармен банкротқа ұшырауға болады, – деді Екатерина Ким.
Қымбат алкоголь мен сигараларға да салық салынады
Жаңа салық кодексіне қатысты қаржы вице-министрі Ержан Біржановтан пікір сұраған едік. Вице-министр, керісінше, келер жылдан бастап салықтың басым бөлігі қысқарып, қарапайым азаматтар үшін жеңілдіктер жасалады дейді. Министрдің айтуынша, бұдан былай жылдық табысы 15 млн теңгеден аспайтындар «жеке кәсіпкер» ретінде тіркелуге міндетті емес, тіпті салықтан босатылады. Мұндай мүмкіндік өзін-өзі жұмыспен қамтыған 2 миллионға жуық кәсіпкерге беріліп отыр.
«Жаңа кодекс шеңберінде азаматтардың жеке кәсіпкер ретінде тіркелу шегін жоғарылатып отырмыз. Қазіргі таңда 12 ай табыстық мөлшері 1 млн теңге болатын болса, ол салық органдарында жеке кәсіпкер ретінде тіркелетін. Жаңа кодекс шеңберінде біз бұл соманы 15 есеге көбейтіп жатырмыз. Екіншіден, шағын бизнесте жүрген азаматтар жалпы табысынан 2% ғана салық төлейді. Бизнес өкілі екені құжат бойынша танылып, айналымы біз айтқан 15 миллион теңге болса, жылдық салық үлесі – 8% болмақ. Қазіргі таңда қосылған құн салығына міндетті түрде тұру үшін 20 мың айлық есептік табысы (70 млн асса) болуы тиіс. Жаңа режимде бұл шек 7 есеге ұлғайып, 500 млн теңгеге көтеріліп жатыр. Салық төлеуші бизнес өкілдері кәсіптерін ЖШС, ЖК-ға бөліп тастамай, тек өз атынан жүргізіп, толыққанды салық төлейді. Шаруа және фермер қожалықтары үшін ағымдағы режимді өзгеріссіз қалдыру ұсынылды. Бірыңғай жер салығының орнына жеке табыс салығы төленетін болады», – дейді Біржанов.
Көпшілік айтып жүрген сән-салтанат салығы да жаңа кодексте бар. Енді бай-бағландар қымбат сигара мен алкоголь өнімдері үшін де салық төлеуге міндеттеледі.
«Құны 450 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлік, құны 75 млн теңгеден асатын қымбат көлік, құны 100 млн теңгеден асатын ұшақтар мен яхталар, бір данасы 10 мың теңгеден асатын сигаралар мен 1 литрі 500 мың теңгеден асатын алкоголь өнімдеріне 10% cалық енгізіледі. Егер салықты уақытында төлемесе, ірі бизнес өкілдерінің шоттары жабылады. Ескі көлікке салынатын салық екі есеге азаяды. Шағын және орта бизнестегі кәсіпкерлер мемлекетке есеп беруді ұмытып кетсе, қазіргідей әкімшілік жазаға тартылмайды, айыппұл арқаламайды. Ойын бизнесі үшін салық мөлшері 15 пайызға өседі. Шетелден құны 75 миллион теңге тұратын көлік әкелгендер 7 миллион 500 мың теңге салық төлеуге міндетті. Бұл жылжымайтын мүлікке де қатысты» деп пікір білдірді вице-министр.
Айжан Қалиева
Астана қаласы