Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:10, 12 Қыркүйек 2024

Кәсіпкерлерге сертификат беру кәсіпкерлікті дамыту емес

Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры
Фото: из открытых источников

Биыл жыл басынан бері Жетісу облысында шағын және орта бизнестің қызмет көрсету көлемі 40 пайызға өскен.

Облыс бойынша бұл салада 60 мың субъект бар. Онда 180 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Жалпы, облыстағы шағын және орта бизнесті қолдауға биыл 7,4 млрд теңге бөлініпті. Одан бөлек, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы кәсіпкерлер жеңілдіктерге қол жеткізе алады.

Мәселен, талдықорғандық кәсіп иесі Нұрдәулет Ақкөз осындай жеңілдіктерге қол жеткізгендердің бірі. Ол «Даму» қоры арқылы пайыздық мөлшерлемесі жеңілдетілген несие алған. Сөйтіп айына 140 тонна полиэтилен құбырын шығаратын «Полимер РіРе» кәсіпорнын іске қосқан. Бұл кәсіпорынға жалпы көлемі 106 млн теңге инвестиция салынған. Кәсіпкердің айтуынша, су, газ желілеріне қажетті құбырларға сұраныс жоғары. Сол сұранысқа сай кәсіпорын 15 мм-ден 160 мм-ге дейінгі, ұзындықтағы құбырларды қолданысқа шығара бастаған. Кәсіпорын қазір құбыр өндіретін шикізатты Ираннан, Қытайдан, Ресейден әкеліп отырған көрінеді. Болашақта кәсіпорын осы шикізат түрін де өзімізде өндіруді жоспарлап отыр.

Кәсіпорын басшысы Нұрдәулет Ақкөздің ойынша, шикізатты өзімізде шығара бастау ұтымды қадам болмақ, бұл сыртқа кететін шығынның біразын қысқартып, кәсіпорындағы жұмысшылардың санын көбейтуге, олардың жалақысын өсіруге ықпал етеді.

Ал кәсіпорын жұмысшысы Вячеслав Козырев жұмыс барысы жөнінде былай дейді:

«Құбыр өндіруге жоғары, орта, төмен қысымды полиэтилен қолданылады. Көбінде су және газ желісін тартуға қолданылатын төмен қысымды полиэтилен шикізатын пайдаланамыз. Жұмыс барысы бірнеше бөлікке бөлінеді. Әрбір құрылғының өз қызметі бар. Бірі – шикізатты сорғыш арқылы станокқа жеткізсе, екіншісі – балқытады, суытады, үшіншісі – құбыр шетіне түрлі-түсті сызықтарды өрнектейді, ары қарай, зауыттың атауы, өндірілген уақытын және қосымша ақпаратты лазер арқылы құбыр бетіне таңбалайды».

Жалпы, Жетісу өңірі ауыл шаруашылығы өнімдерін көптеп шығаруға, осы салада жүрген кәсіп иелерін қолдауға да барынша назар аударуда. Мысалы, былтыр Ескелді ауданының кәсіпкері Тұрсынжан Мәмеш ірі-қара мал өсіруге арналған өндірістік кооператив құрып, артынша сүт қабылдау пунктін ашқан. Бүгінде ауыл тұрғынының аталмыш бизнесі табысқа жете бастапты. Бұл өңірдегі сүт өндірісінің дамуына ғана емес, сонымен қатар жұмыс орындарының ашылуы мен сақталуына да оң әсер етеді.

Тұрсынжан Мәмеш сүт қабылдау пунктіне ең алдымен 3 тонна сүт салқындатқышын сатып алып, оның құнынан 40 пайыз субсидияға қол жеткізген. Сондай-ақ кәсіпкер 1 сүт тасымалдайтын көлік сатып алған. Бүгінгі таңда оның үш сүт тасымалдаушы көлігі бар. Кооперативте жеті адам жұмыспен қамтылған. Қазір бұл кәсіптен өзі де, ауыл тұрғындары да пайда көріп жатыр, сүт қабылдау пункті ауыл тұрғындар арасында үлкен сұранысқа ие. Енді кәсіпкер өз бизнесін одан әрі дамытуға ниетті. Бұл өз кезегінде шаруалардың табысын арттыруға мүмкіндік береді.

«Мемлекеттік қолдау шаралары арқылы өңірде жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны артып келеді. Айта кетсек, бүгінгі таңда Жетісу облысы бойынша агроөнеркәсіп кешені саласында 20 мыңға жуық кәсіпкер жұмыс істеп жатыр», – дейді ол.

Жалпы, жергілікті әкімдіктің мәліметінше, былтырдан бері Жетісу облысының Кәсіпкерлер палатасы «Кәсіпке бағыт» жобасының шеңберінде шағын және орта бизнеспен айналысқысы келетіндерді тегін оқыта бастаған. Оқыту аяқталғаннан кейін әрбір сала бойынша сертификат беріледі. Атап айтқанда, етті бағыттағы ірі-қара өсіру, ұсақ мал өсіру, егін шаруашылығы және бал өндіру бағыттары бар.

Жетісу облысының Өңірлік кәсіпкерлер палатасының мәліметіне қарағанда, «Кәсіпке бағыт» жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлердің кәсіпкерлік әлеуетін және біліктілігін арттыру мақсатында да ұйымдастырылады. Алайда жергілікті кәсіпкерлердің пайымдауынша, шағын және орта бизнесте әлі де қиындықтар бар. Әсіресе мал шаруашылығына қатысты түйіні шешілмеген түйткілдер баршылық.

«Мысалы, бұған қатысты қысқы кезеңге жем-шөп дайындау шығындарының бір бөлігін субсидиялау жүзеге асырылса жөн болар еді. Субсидиялау қағидалары мен нор­ма­тив­тері жергілікті атқарушы органдар арқылы қалыптасқаны дұрыс. Жерасты суларын ауыл шаруашылығы қажетіне пайдаланудың шығынын субсидиялау да жүзеге асырылса жөн болар еді», – деседі жергілікті кәсіп иелері.

Қ. САЙЛАУ

Жетісу облысы