Кәсіпкерлік белсенділік және әлемдік рейтинг

Қазақстан кәсіпкерлікті дамыту бойынша халықаралық рейтингтерде жақсы нәтиже көрсетті. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі халықаралық рейтингтер тиімді экономикалық саясатты қалыптастыруда, елдердің бәсекеге қабілеттілігін бағалауда және инвестициялар тартуда маңызды рөл атқаратыны белгілі.
Бұл рейтингтер әртүрлі мемлекеттердің бизнес бағытындағы табыстары мен кемшіліктерін объективті түрде бағалауға мүмкіндік береді. Әрі мемлекеттегі жағдайды одан әрі жетілдіре түсу үшін жақсы бағдар бола алады.
Жыл басында ғана Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстандағы кәсіпкерлік белсенділіктің 2023–2024 жылдарғы жай-күйі туралы ұлттық баяндама жариялады. Онда Әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингі (IMD) және Жаһандық кәсіпкерлікті бақылау рейтингі (GEM) сияқты рейтингтер есепке алынған. Осы аталған екі рейтинг те халықаралық аренада беделі бар, белгілі бір елдегі бизнес климат пен бәсекеге қабілеттілікті бағалауда салмағы зор құрал болып табылады. Себебі рейтингті анықтау кезінде институционалдық орта, инфрақұрылым, қаржыландыруға қолжетімділік, білім беру мүмкіндіктері, инновациялар және құқықтық қорғау сияқты кәсіпкерлікті дамытуға әсер ететін факторлар туралы толық ақпарат жиналып, талданады. Өзге елдер секілді Қазақстан да халықаралық рейтингтермен санасады. Әсіресе экономикалық реформалар мен мемлекеттік саясатты іске асырудың тиімділігін бағалауда құрал ретінде қолданады. Өйткені рейтингтер кәсіпкерліктің әртүрлі салаларындағы динамика мен қол жеткізілген нәтижелерді қадағалап қана қоймай, оны жетілдіру бойынша бағыт-бағдар береді. Демек, халықаралық рейтингтерді индикатор ретінде қарауға негіз бар.
Әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингіне (IMD) тоқталар болсақ, ол құнды ақпарат көзі болып есептеледі. World Competitiveness Ranking жыл сайын дүниежүзілік зерттеу жүргізіп, Institute of Management Development нұсқамасымен рейтинг жасайды. Онда «Экономикалық қызмет», «Үкіметтің тиімділігі», «Бизнестің тиімділігі» және «Инфрақұрылым» деген бөлімдер бар. Әр бөлім бойынша қорытынды шығару мақсатында статистикалық талдаулар мен сауалнамалар жасалады. Міне, осы статистика бойынша еліміз жақсы нәтижелер мен прогресс көрсетіп отыр.
Елдегі кәсіпкерлікті дамыту десе, халықаралық рейтингтерден бөлек елде қабылданып, жүзеге асып жатқан тұжырымдамалар да еске түседі. Мысалы, 2023 жылы қабылданған 2030 жылға дейінгі ШОБ-ты дамыту тұжырымдамасы бойынша ЖІӨ-дегі ШОБ үлесін 2022–2024 жылдары шамамен 35–37 пайыздан 2025 жылы 37,5 пайызға көтеру көзделді. Ал «Бизнестің жол картасы‑2025» бағдарламасы мен «Жеке кәсіпкерлікті қолдау шаралары» аясында субсидия, микронесие, кепілдік және гранттар жүйелі енгізілуде. 2024 жылы республикалық деңгейде 852 жобаға 29,5 млрд теңге несие субсидияланды, 582 жобаға кепілдік рәсімделді.
Іске асып жатқан жобалар да аз емес. Мысалы, «Бастау Бизнес» жобасы өте белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Ол азаматтарды кәсіпкерлік дағдыларға үйретіп, әлеуметтік санаттарға жататын жас кәсіпкерлерге қолдау білдіреді. Оқуды аяқтағаннан кейін жобаға қатысушы сертификат алады және өзінің бизнес-жобасын іске асыру үшін 400 АЕК-ке дейінгі мөлшерде грант алуға үміткер бола алады. Әрине, екінің бірі грантқа қол жеткізе алмайды. Десек те, конкурстық негізде мықтылар анықталып, олардың өз кәсібін бастауына мүмкіндік беріледі.
Бағдарламаға қатысушы жұмыссыз ретінде тіркеуде болуы тиіс, ісін жаңадан бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлерге де мүмкіндік беріледі. Оған қоса, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен азаматтар, жеке қосалқы шаруашылықта жұмыс істейтіндер, қысқартылатын қызметкерлер, отбасылық кәсіпорындағы ақы төленбейтін қызметкерлер де қатыса алады. Жоба республика бойынша жүздеген кәсіптің ашылуына себепші болды. Бір ғана мысал, 2024 жылы Шымкент қаласында жобаға 3 383 адам тіркеліп, олардың 2 612-сі оқуды аяқтап, сертификат алған. Оқу алдында 556 адам жеке кәсіп ашса, оқудан кейін бұл көрсеткіш 1 032 адамға жетіпті.
Ал бизнес саласындағы сарапшылар мен талдау орталықтары алдағы жылдары шағын және орта бизнестің қандай түрімен айналысу табысты болатынын жиі талқылайды. Экономикадағы және нарықтағы өзгерістерге сәйкес, алдағы жылдары қалдықтарды өңдеу және экология саласындағы кәсіптер сұраныста болады деп күтілуде. Өйткені Қазақстанда экологиялық стандарттар күшейіп келеді, соған байланысты пластик пен қағаз қалдықтарын жинау және қайта өңдеу, экологиялық қаптамалар шығару, екінші реттік шикізатты пайдаланатын өндірістер өзекті болмақ. Тағы онлайн-білім беру бойынша бизнестің перспективасы зор. Қазір еңбек нарығы жылдам өзгеруде, жаңа мамандықтар пайда болып жатыр. Программалау, цифрлық маркетинг, қаржылық сауаттылық, жеке бренд құру, soft skills бағытында онлайн-курстарға сұраныс артатыны айтылып жүр. Бұл бағыттағы кәсіп пен табыстың қазіргі аяқ алысы да жақсы. Сол секілді экологиялық тауарлар шығару, тасымалдау, сату, ауыл шаруашылығына арналған технологиялар, дронмен егістік бақылау, автоматтандырылған суару жүйелері, агроаналитика платформалары, логистика және жеткізу қызметтері, үй жануарларына қатысты қызметтер, шағын бизнеске арналған қаржылық қызметтер, жекелендірілген тауарлар мен қызметтер, денсаулық пен фитнес саласы, IT және жасанды интеллект бағытындағы стартаптар актуалды болмақ.
Б.МЕЙІРБЕК