Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 08:15

Кәсіпкерліктегі қиындықтар. «Пирожки сатып байымайсың»

еңбек
Фото: из открытых источников

Әдетте ұрпақтарды «зумер», «бумер», «миллениал» деп бөліп жатады. Соның ішінде 2000 жылдардан бастап дүниеге келген жастар өмірге деген өзгеше көзқарасымен, «арманшылдығымен» және «тәуекелшілдіктерімен» ерекшеленеді.

Аталған жаңа ұрпақ еңбек нарығымен қоса бизнесті де жандандырып, еңбек адамына айналып та үлгерді. Сондай жандардың бірі – Гауһар Нұрланқызы. Жас кәсіпкер өмірі мен бизнесте жолыққан қиындықтарды қалай еңсергенін айтып берді.

Мен мектепті аяқтаған соң құқық саласында қызмет етуді таңдадым. Сөйтіп, Алматыдағы Мақан Есболатов атындағы академияға оқуға түсіп, курсант болдым. Бірнеше жыл білім алып, қалыпты өмір салтымды ІІМ қызметкеріне сай өзгерттім, бейімделдім. Қолыма дипломымды алған соң сол кездегі өңірлердің біріндегі полиция департаментіне жұмысқа орналастым. Иә, біздің елімізде полиция қызметкерлерінің халық алдындағы беделі керемет емес. Бірақ бұрынғымен салыстырғанда сенім артқан деп ойлаймын. Оның үстіне, бұл саланың мамандары нарық бағасымен салыстырғанда аз ғана жалақыға жұмыс істейді. Сөйтіп жүріп үнемі өз өмірлерін тәуекелге тігеді, денсаулықтарын арнайды. Шыны керек, бес күн жұмыс, арғысы демалыс, таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін деген кесте жоқ. Көзіңді аша салып келесің, түннің ортасында қайтасың. Психологиялық-эмоционалдық жүктеме физикалық басымдылықтан кем түспейді. Алайда Отанға қызмет ету де, ол форманы кию де үлкен құрмет, абырой. Соған қарамастан, мен өз жолымды басқа арнаға бұруды жөн санадым.

Себебі қыз баласына бұл жұмыс оңайға түспейді. Қауіп-қатері көп. Ал жалақы тек күніңді күнге жалғауға жетеді. Мен бір келген өмірімді мұндай қатал өмір салтына арнағым келмеді. Ақырында, қызметімнен бас тартып, құқық қорғау саласынан кеттім. Мемлекеттің есебінен оқыған жылдарымның «отработкасын» төледім. Сөйтіп, өз кәсібімді аштым.

Негізі, мен бұған дейін де әртүрлі табыс көзін іздеп, бірнеше саланы байқап көрген болатынмын. Ал толыққанды кәсіп жасауды – асханалар бизнесінен бастадым. Иә, жан-жағымдағы адамдар, таныстарым «пирожки сатып байымайсың» деп жатты. Десек те, мен ол сөздердің ешбірін елемедім. ­Өйткені ойыма алған нәрсені жасаумен жан-жаққа назар аударатындай да мүмкіншілік болмады.

Ең әуелі құжаттарды реттедік. Кәсіп пен ақша жүрген жер барлығының заңды болуын талап етеді. Өзім заң саласының маманы болған соң аса қиналған жоқпын. Біздің қоғамда кәсіп ашу үшін, құжаттар рәсімдеу үшін «аға-көке керек, ақша керек» деп жатады. Оған қосылмаймын. Өзің бәрін біліп тұрсаң, талап етіп, құқығыңды қорғай білсең, ешқандай да «бармақ басты, көз қыстының» қажеті жоқ. Ондай қадамдарға әдетте өзіне сенімсіздер барады. Одан соң, Алматыдағы үлкен университеттердің бірінің асханасын жалға алып, өз қолыммен жөндеу жұмыстарын жүргіздім. Бар жанымды салып жиһаз таңдадым, барлық сауда орындарын аралап жүріп қажетті құрал-жабдықтарды түгендедім. Жұмысқа мамандар іздеп, оларды орналастырдым. «Әрекетке – берекет» деген. Ісіміз алға басып, бәрі өз жолына түскенде екінші асханамды аштым.

Табыс тұрақталып, кіріс кіре бастаған соң шетелде саяхаттауды өмір салтына айналдырдым. Қазір әлемде осы бір культ қатты дамып жатыр ғой. Жер көру, ел аралау еркіндік пен эмоцияның көзі ретінде сипатталады. Көпшілік осыған ұмтылады. Ол рас та. Сенің көкжиектеріңнің арғы жағында шексіз әлем жатыр. Оны көру, сезіну, танысу сондай ғажап. Әрі ол сені арғы өмірге, бақыттырақ бола түсуге, көбірек еңбектенуге шабыттандырады.

Осы шабытпен жаңа бір салаға келдім. Сөйтіп, өзімнің мини-маркетімді аштым. Онда да «ремонттан» бастап кассаға дейін тікелей араластым. Әрбір тауарды орналастырып, бәрін реттеп, жұмысқа қызметкерлер алдым. Мұның бәрі айтуға оңай болғанымен, бизнесте тәжірибесі жоқ, мегаполисте өмір сүретін 23 жастағы қыз үшін үлкен стресс пен еңбек. Қаншама энергия мен ресурс. Бұйырса мұнымен тоқтап қалмаймын. Әлі де бірнеше салада өзімді сынап көргім келеді. Армандарым көп. Және ол үшін өзімді толық арнауға дайынмын.

Кәсіпкер боламын деген адам шешім қабылдай білуі керек. Негізі, өмірде бәрі оңай. Бірақ ол үшін бір нәрсені қатты армандау қажет. Сонда мотивация да, талпыныс та, қайрат та келе береді. Әрдайым әрекет етуді, алға жылжуды таңдасаң ғана сол армандарың орындалатынын ұмытпаған жөн.

Балауса Ділдәбек

Тегтер: