Кассациялық сот атыраулық блогер Рано Нигметоваға қатысты үкімді ішінара өзгертті
Қылмыстық істің бір эпизоды қылмыс құрамы болмағандықтан тоқтатылып, ал тағайындалған бас бостандығынан айыру мерзімі қысқартылды.
Іс материалдарына сәйкес, Нигметоваға екі эпизод бойынша алаяқтық жасады деген айып тағылған. Бірінші эпизод гүл дүкенінен 4 миллион 745 мың теңгеге гүл шоқтарына тапсырыс беруге қатысты болған. Тергеу нұсқасы бойынша, гүлдер төлемсіз алынған, кейін олардың суреттері блогердің әлеуметтік желілерінде жарияланған.
Екінші эпизод инвестиция салу сылтауымен алынған ақшаға байланысты. Тергеу дерегінше, жәбірленуші пайда табамын деген үмітпен Нигметоваға 30 миллион 250 мың теңге берген, алайда бұл қаражат қайтарылмаған.
2025 жылы Атырау қаласының №2 соты Нигметованы алаяқтық бабымен кінәлі деп танып, оны 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кескен.
Қорғаушылар бұл үкімге шағым түсірген. Кассациялық сот адвокаттардың бірқатар уәждерімен келісіп, гүлдерге қатысты эпизод бойынша қылмыс құрамы болмағандықтан қылмыстық қудалауды тоқтатты.
Ал екінші эпизод бойынша соттың қорытындылары өзгеріссіз қалдырылды. Дегенмен тағайындалған жаза мерзімі қысқартылды.
Адвокаттардың айтуынша, үкім қайта қаралғаннан кейін Нигметова жазаны жеңілірек жаза түрімен ауыстыру туралы өтініш беруге мүмкіндік алды. Кейінірек ол шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы да өтініш жасай алады.