Қатар Қазақстанда су электр станциясы мен басқа да нысандар салады
Мәжіліс 2024 жылғы 20 наурызда Дохада аяқталған Қазақстан мен Қатар үкіметтері арасындағы басым салалардағы жобаларды дамыту үшін ұзақмерзімді стратегиялық әріптестік орнату туралы келісімді ратификациялады.
Келісімді ратификациялау елдер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, мемлекет экономикасының негізгі бағыттарына жаңа капитал тартуға мүмкіндік береді. Құжаттың негізгі мақсаты – телекоммуникация, қаржы, энергетика, мұнай-химия және басқа да салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыру. Бұл қосымша инвестиция тартуға, инфрақұрылымды жақсартуға, заманауи технологияларды енгізуге және жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді, делінген хабарламада.
Қазақстанда барлығы 9 инвестициялық жоба іске асырылады. Оның ішінде үш газ өңдеу зауытының, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші желісінің, жаңа «Кс-14» компрессорлық станциясының және «Кс-14-Қостанай» газ құбырының, Қызылорда облысындағы құрама циклді зауыт негізіндегі электр станциясының, Ертіс өзеніндегі су электр станциясының құрылысы бар.