Кац: Израиль Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысын да жоюға дайын
Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац Иранда тағайындалатын кез келген жаңа жоғарғы көшбасшы Израильге қарсы соғысты жалғастырса, ол ел үшін қабылданбайтынын мәлімдеді.
Бұл туралы BBC хабарлады.
Кацтың айтуынша, Ирандағы Сарапшылар кеңесі тағайындайтын кез келген жаңа басшы Израильге қарсы агрессиялық саясатты жалғастырса, Израиль оны нысанаға алуы мүмкін.
«Егер ирандық террористік режим Израильді жою жоспарын жалғастыратын, АҚШ-қа, еркін әлемге және аймақтағы мемлекеттерге қауіп төндіретін, сондай-ақ Иран халқын қысымда ұстайтын жаңа көшбасшы тағайындаса, ол сөзсіз жойылатын нысанаға айналады», – деп Reuters агенттігі Кацтың сөзін келтіреді.
Қазіргі уақытта Ирандағы 88 дінбасынан тұратын Сарапшылар кеңесі жақын арада жаңа жоғарғы көшбасшыны таңдауы тиіс.
Бұған дейін 28 ақпанда Израиль мен АҚШ жасаған бірлескен зымырандық шабуыл нәтижесінде Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи қаза тапқаны хабарланған.
The New York Times басылымының жазуынша, оның ықтимал мұрагерлерінің бірі ретінде Хаменеидің ұлы Моджтаба Хаменеи қарастырылып отыр. 4 наурызда бірқатар БАҚ Моджтаба Хаменеи жаңа лидер болып сайланғанын мәлімдеді.