Қауіпті токсин: Nestlé Қазақстанда балалар қоспаларының бірқатар партиясын кері қайтарып жатыр
Nestlé компаниясы Қазақстан аумағында балалар тағамының шектеулі партияларын кері қайтарып алу туралы шешім қабылдады.
Қандай себеппен кері қайтарылып жатыр?
Компанияның хабарлауынша, бұл шешім сақтық шарасы ретінде қабылданған және Nestlé-нің жаһандық деңгейдегі кері қайтарып алу науқанының бір бөлігі саналады. Себеп сыртқы жеткізушіден алынған арахидон қышқылы ингредиентінде цереулид токсинінің болуы мүмкін деген қауіп.
Цереулид — Bacillus cereus бактериясы бөлетін токсин. Ол қайнату немесе қайта қыздыру кезінде жойылмайды. Көбіне бөлме температурасында ұзақ сақталған өнімдерде түзіледі. Ағзаға түскен жағдайда жедел тағамдық улануға әкеліп, жүрек айну, құсу және іштің ауруы сияқты белгілерді тудырады.
«Аталған ингредиенттің мөлшері өте аз болғанына және Қазақстанда цереулид токсинінің тағамдағы құрамына қатысты нақты норматив болмағанына қарамастан, ықтимал қауіптерді азайту мақсатында “Nestlé Food Kazakhstan” ЖШС 2026 жылғы 5 қаңтардан бастап балалар тағамының шектеулі партияларын ерікті түрде кері қайтару шараларын бастады», - делінген компания хабарламасында.
Компания жағдай туралы реттеуші органды хабардар еткенін, сондай-ақ тұтынушылар мен серіктестерге қабылданып жатқан шаралар жөнінде толық ақпарат беруге дайын екенін мәлімдеді.
Қандай өнімдер кері қайтарылады?
Кері қайтарып алу келесі балалар тағамы өнімдерінің нақты партияларына қатысты:
-
NAN 1 OPTIPRO — 51500346AA, 51740346AC, 51510346AA, 52180346AA, 51740346BA, 52200346BA;
-
NAN 2 OPTIPRO — 51420017C5, 51670017C2, 52940017C2, 51680017A1, 5200167811, 5200167821, 5220767821, 5240167821, 5241167821, 5256167811;
-
NAN қышқыл сүтті — 51220017A2, 51230017A1;
-
NAN лактозасыз — 51400346AA;
-
ALFARE Amino — 51050017Y2.
Аталған партияларды сатып алған тұтынушылар өнімді қайтару мүмкіндігіне ие. Қайтару тәртібі қосымша түрде nestlebaby.kz ресми сайтында жарияланады.
Байланыс және қосымша ақпарат
Тұтынушыларға кеңес беру үшін тәулік бойы жұмыс істейтін байланыс орталығы іске қосылған:
+8 800 080 55 44