Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 18:00

Кая Каллас: ЕО елдері Ресейге қарсы 17-ші санкциялар пакетін мақұлдады

Кая Каллас
Фото: Virginia Mayo/dpa/picture alliance

Еуропалық Одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Кая Калластың мәлімдеуінше, ЕО елдері Ресейге қарсы 17-ші санкциялар пакетін бекітті. 

Бұл жаңа пакет, әсіресе, мұнай эмбаргосын айналып өту үшін Ресей қолданатын "көлеңкелі флотқа" бағытталған. Атап айтқанда, ЕО-ның қара тізіміне Ресейдің 200 кемесі енбек.

«Жаңа шаралар гибридті қауіптер мен адам құқықтарының бұзылуына жауап ретінде қабылданды. Ресей соғысты қаншалықты ұзақ жалғастырса, біздің жауабымыз да соғұрлым қатаң болады», – деп жазды Каллас 20 мамыр күні X әлеуметтік желісінде (бұрынғы Twitter).

Сондай-ақ, 17-ші санкциялар пакеті аясында Ресейдің Украинаға жасаған агрессиясына байланысты 75 жаңа заңды және жеке тұлға санкциялық тізімге енгізілді. Осылайша, ЕО-ның санкциялар тізіміндегі тұлғалар саны 2500-ден, ал санкцияланған кемелер саны 300-ден асты. Бұл санкциялар бірнеше апта бойы әзірленген, яғни Мәскеу Украинадағы соғысты 30 күнге тоқтату туралы ұсыныстан (12 мамырдан бастап) бас тартқанға дейін дайындалған. Бұл ұсынысты Украина президенті Владимир Зеленский, Германия канцлері Фридрих Мерц, Франция президенті Эммануэль Макрон, сондай-ақ Ұлыбритания мен Польшаның премьер-министрлері Кир Стармер мен Дональд Туск ұсынған болатын.

Германияның қорғаныс министрі Борис Писториустың айтуынша, АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путиннің 19 мамырдағы телефон арқылы сөйлесуі Ресейдің бейбіт келісімге келуге дайын емес екенін тағы да көрсетті.

«Владимир Путин уақытты созып отыр. Ол тек өз шарттарымен ғана атысты тоқтатуға дайын – бұл Украинадан НАТО-дан бас тартуды, территориялардан айырылуды және басқа да талаптарды қамтиды», - деді Писториус. Оның айтуынша, жақын арада барлық тараптарға қолайлы келісімге келу мүмкін емес, ал Ресейдің Украинаға ұшырған дрон шабуылдары көп нәрсені аңғартады.

Писториус Ресейдің энергетикалық секторына қарсы санкцияларды күшейтуді ұсынды. Оның пікірінше, «ең тиімді санкциялық құрал – Ресейдің энергия ресурстарынан табыс алуын азайту». Сондай-ақ, ол Украина қорғаныс өнеркәсібімен ынтымақтастықты нығайтуға шақырды. ЕО елдерінің қорғаныс министрлері Брюссельде өткен кездесуде Украинаға әскери көмек көрсету мен ЕО-ның қорғаныс әлеуетін арттыру жолдарын талқылаған.

Еске салайық, 19 мамырда Дональд Трамп Владимир Путинмен үшінші рет телефон арқылы сөйлесіп, нәтижесінде Ресей мен Украина "жедел түрде" келіссөздерді бастайды деп мәлімдеді. Оның айтуынша, келіссөз шарттарын тараптар өздері белгілейді, өйткені «барлық мәлімет тек соларға ғана мәлім». Кейін Трамп Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізуден бас тартты. Өз кезегінде Владимир Путин Киевпен болашақ бейбіт келісім туралы меморандум әзірлеуге дайын екенін айтты. Бұл меморандумда соғысты тоқтату шарттары мен мерзімдері көрсетілуі тиіс.

Украина президенті Владимир Зеленский мұндай меморандумға қол қою мүмкіндігін жоққа шығармады және оның ресейлік нұсқасын күтетінін айтты. Қазіргі таңда Украина бейбіт процесті жалғастыру үшін тараптардың жаңа кездесуін Түркияда, Швейцарияда немесе Ватиканда өткізуді қарастырып жатыр. Алайда Зеленский Украинаның территориясынан әскерін шығармайтынын және бұл – Ресейдің талаптарының бірі екенін нақты білдірді.