Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Қайырғали Көнеев, невролог: Бірде-бір шенеунік Қазақстанда емделмейді

 Қайырғали Көнеев
Фото: Жас Алаш

Кейінгі уақытта денсаулық сақтау министрлігі төңірегінде дау-дамай өршіп кеткені байқалады. Халықтың денсаулық сақтау жүйесіне көңілі толмайтыны да жасырын емес.

Осы орайда біз белгілі дәрігер, невропатолог Қайырғали Көнеевпен арнайы сұхбаттасып, еліміздегі медицинаның қазіргі жай-күйі, саладағы кемшіліктер мен шешімін күткен мәселелер жөнінде әңгімелестік. Jas Alash Youtube-арнасына шыққан сұхбаттың ықшамдалған нұсқасын  ұсындық.

– Өзіңіз осы саланың ішінде жүрген маман ретінде, бүгінгі медицина саласын қалай бағалайсыз?

– Әрине, қазіргі медицинаға халықтың көңілі толмайтыны рас. Халық қалтасынан төлеп жатқаннан соң, сапалы медициналық қызмет көргісі келетіні заңды. Бірақ бұлай болмай тұр. Халық медицина көмегін алайын десе, кезегін ауруханалардан айлап, тіпті жылдап күтеді. Неге бұлай болуы керек, дұрыс емес. Бір сөзбен айтқанда, сапалы қызметті қазіргі денсаулық сақтау жүйесі көрсете алмай отыр.

– Жақында министрліктің қант диабетіне қатысты мәлімдемесі қоғам арасында дау туғызды. Әлназарованың отставкасын талап етіп жатқандар да бар. Министрлік неге қант диабетіне арналған дәрі-дәрмекті қаржыландыруды тоқтатып қойып отыр деп ойлайсыз?

– Бұл да дұрыс емес деп ойлаймын. Басында еуропалық сапалы инсулиннің орнына министрлік арзан пәкістандық инсулиндер алдырды. Оның салдарынан адамдардың қанты көтеріліп кетіп, шырылдап жүгіріп жүрді. Енді келіп оны да алып тастамақшы. Қалай қаржыландыруды тоқтатады?! Біз қант диабетін жеңдік пе? Эндокринологтардың айтуынша, балалар арасында қант диабеті өсіп жатыр. Егер елімізде қант диабеті күннен-күнге өсіп жатса, тегін көмекті қалай алып тастай аламыз? Алып тастауының бір себебі – қазір әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында қаражат жетіспей жатыр. Соның орнын қант диабеті ауруларынан тегін көмекті алып тастап толтырмақшы. Егер ақша үнемдегісі келсе, әкімшілік қызметкерлерді жұмыстан босатсын. МӘМС миллиардтаған ақшаға жиһаздарды, арнайы қызмет көліктерін жалға алады. Солардан ақша үнемдесін. Неге халықтың денсаулығынан үнемдеуі керек? Жұмыс істейтін үш-төрт қызметкерлерін қалдырсын да, қалғандарын қусын. Неге біз халықтың қалтасынан ақша төлеп, оларды қызметпен қамтамасыз етеміз және керекті көмекті ала алмаймыз? Егер олай болмайтын болса, МӘМС-тің қажеті не? Қорды жауып тастайық та, бұрынғы ақылы және тегін медицинаға оралайық. Бұрын тегін медицинада ештеңе болған жоқ, ақылысында бәрі болды емес пе? Соған қайта оралсақ, халық «жарайды, тегін медицинада ештеңе жоқ, үкіметтің де оған қарайласуға жағдайы болмай тұр, өз денсаулығымызды өзіміз ойлауымыз керек» деп, ақылы емхана қызметіне жүгінеді.

Қазір халықтың қолынан мұнайды, уранды алды. Енді келіп бәрін ақылы етпекші. Біздің шенеуніктер не істеп жатыр? Бұлай болмауы қажет қой. Халыққа қарсы үкіметтің қажеті не? Қуу керек, ондай үкіметті. Әлеуметтік көмек мәселелерін шеше алмайтын үкіметтің министрінен бастап қарапайым қызметкеріне дейін отставкаға кетуі керек.

– Енді басынан дау арылмай келе жатқан МӘМС жүйесіне келейікші. Халық ақшасын төлегенімен, өзіне қажетті медициналық көмекті ала алмайды. Неге бұл дұрыс жұмыс істемей жатыр деп ойлайсыз?

– Оның мәселесі өте көп. Біріншіден, денсаулық сақтау жүйесінде жемқорлық тамырына дейін жайлап кеткен. Ақша ұрлауға оңай болу үшін арнайы заңдар ойлап табылған ғой. Антикор кезінде осының бәрін көрсетті. Бірақ ештеңе өзгермеді. Үкімет селт етпеді. Себебі түгел шенеуніктер медицина саласынан «жем» жейді. Прокуратура да барып аузын салады, мемлекеттік әкімшілік қызмет те барып қолын салады. Шенеуніктердің «жем» жеп отырған саласынан осы – медицина мен білім қалды ғой. Басқа жерлерден жей алмай қалды. Мысалы, мұнайды алып қойды, қазба байлықты сатып жіберді. Не қалды?! Осы медицина мен білім ғана қалды. Шенеуніктер екеуінен күнін көріп жүр. Мысалы, мен қоғамдық қызметпен айналысып жүрген кезімде бір оқиға болды. Антиковид уақытында арнайы кәстөм алуға 90 млн теңге бөлінді. Ал бұлар арнайы кәстөм орнына сырлайтын кезде киетін мата киімдер алыпты. Қалған ақшаны қалталарына басқан. Анық көрініп тұрған қылмыс. Сотта мұны «жемқорлық, қайтарсын» деп жатыр. Алайда прокуратура мен антикор селт етпеді. Себебі анау да алған, мынау да алған. Бір сөзбен айтқанда, өздерінің де қолы таза емес. Антикорға жазсаң, үндемейді, мемлекеттік қызмет істері агенттігі болса шенеуніктердің бәрін ақтайды. Ондай агенттіктің не қажеті барын түсінбей қалдық.

Автократия, жемқорлық бар жерде МӘМС қарын тойдыратын жүйеге айналады

– МӘМС жүйесін шетелдік тәжірибелерге қарап біздің елге енгізген шығар. Бұл жүйе шетелде қалай жұмыс істейді?

– МӘМС жақсы жұмыс істеуі үшін саяси жүйе ашық болуы қажет. Ашық, демократиялық таңдау болуы керек. Сондай кезде ғана МӘМС өте жақсы жұмыс істейді. МӘМС-тің арқасында Шығыс Еуропа әлеуметтік денсаулық сақтау жүйесінен озық денсаулық сақтау жүйесіне көшті. Өзімізді Батыс Еуропамен салыстырмай-ақ қояйықшы, олар әлдеқашан дамып кетті ғой. Ал Шығыс Еуропадағы ішкі жағдайы бізден төмен Македония, Босния және Герцеговина елдері осы МӘМС-тің арқасында денсаулық сақтау жүйесін көтеріп алды. Ашық жүйе болса, МӘМС жақсы жұмыс істейді. Ал біздегідей, автократия, жемқорлық болса, МӘМС қарын тойдыратын жүйеге айналады. Бұл жүйе халыққа да, дәрігерлерге де қарсы. Жақсы болды деп отырған бірде-бір дәрігер жоқ. Дәрігерлер кейде қолын бір сілтей салады. Себебі тапсыратын «отчеттары» өте көп. Автоматтандырылған жүйе деп атайды. Бірақ ештеңесі жұмыс істемейді. Қала берді, бұрын автоматтандырылған ақпараттық клиника, «стационар» дегендер болатын, қазір олар да жоқ. Бәрін қолмен істеуге тура келеді. Тас ғасырына қайта келгендейміз. Дәрігерлерден де талап ететін нәрселері көбейіп кетті. Кезінде арнайы бағдарлама арқылы аудан орталығында емханалар салынды. Облыстық аурухана ғимараттары жаңарды. Қаншама МРТ, КТ сатып алынды. Енді келіп осы емханалардың басым бөлігі жекешелендіруге берілді. Қандай да бір сомаға келісіп берсе жақсы ғой, тегін беріп жатыр. Жарайды, оны біз сияқты дәрігерлерге берсе мейлі ғой, жоқ, шенеуніктерге береді. Мысалы, балалар стоматологиялық емханасын көрдік. Аталған емхана жекеменшікке өтерден бұрын шотында 200 млн теңге болған, оны 90 млн теңгеге беріп жіберді. Сонда сен 90 млн теңгеге емхананы аласың да, бірден қолыңда 200 млн теңге болады. Остап Бендер о таком не мечтал. Анық көрініп тұр, жазып жатырсың, халық шулап жатыр. Ал үкіметтік реакциясы – нөл. Жекешелендірген инвестор не істейді? Ештеңе, қаржы да салмайды. Талғар аудандық емханасының қызметкерлері жақында маған хабарласып, көмек сұрады. Оларды қысқартып жатыр екен. Жергілікті басшылар ақша үнемдегісі келеді. Мамандарды қысқартады. Бір қызметкер 3 постта жұмыс істесе, енді келіп «6 постта жұмыс істейсің, жалақың 30 пайызға қысқарады» дейді. Жұмысың 3 есеге көбейеді де, айлығың азаяды. Қысқартуға ұшырамай қалғандар соған көніп, жұмыс істеп жатыр. Ал қысқартылғандарды министрлікке айтып жүріп, қарсылық танытып, қайта жұмысқа кіргіздік. Бұл – қоғамдық наразылық болған оқиғалар ғана. Ал үндемей жабылып жатқан оқиғалар қаншама. Біздің қазақ сол ғой. Бірдеңе болса, «е, жарайды» дейді де қоя салады.

– Жақында Шу аудандық ауруханасының қызметкерлері жергілікті басшылықтың былықтарын айтып, видеоүндеу жолдады. Қызметкерлер басшылық өздерін адам құрлы көрмейтінін, жалақысын дұрыс есептемейтінін, тіпті ала алмай жүргенін, 13-жалақы, сыйақы дегендерді көрмегенін айтты. Бұдан бөлек, жергілікті қызметкерлер емханаға күрделі жөндеуді өз ақшаларына жүргізеді екен. «Кейде қиналып кетіп адам жалдаймыз» деген сынды арыздарын айтты. Бүгінгі заманда мұндай болуы мүмкін бе?

– Әрине, бұлар деген қызметкерлердің жанайқайы шыққан оқиғалар ғой. Жаңа Талғарды да айтып өттім. Алайда елімізде қаншама оқиғаларды естіп-білмей қалып жатамыз. Барлық репрессия, жемқорлық, өкінішке қарай, осы салада болып жатыр.

Бізде ауылдағы тұрғындар адам емес, қалалық тұрғындар адам

– Елімізде VIP ауруханалардың бары жасырын емес. Президент әкімшілігі, әкімдік клиникасы деген сияқты. Шенеуніктер қарапайым халықпен бірге емделуге не кедергі?

– Иә, ондайдың бары жасырын емес. Бір жақсы мысал келтірейін. Кезінде АҚШ президенті Рейган жолда келе жатып кенеттен инфаркт алып, қозғала алмай қалған. Сосын оны жақын жердегі халқы аз, мысалы, біздің Панфилов сияқты халқы 10 мыңнан аспайтын аудан орталығындағы емханаға апарған. Сол жерде Рейганның жүрегіне «шунтирование» жасаған, яғни қосымша тамыр салған. Бұл – 1980 жылдары болған оқиға. Дәл қазір бізде аудан орталығына барып шенділер жүрегіне ота жасатса, өліп кетеді. Ешкім де жасай алмайды. Сондықтан бізде ауылдағы тұрғындар адам емес, қалалық тұрғындар адам болып тұр. Конституцияда ешқандай дискриминация болмауы қажет дейді. Қарап тұрсаңыз, бұл – дискриминация. Сен ауыл тұрғыны болсаң, ешқандай емге қол жеткізе алмайсың, егер де шенеунік болсаң, заманауи техникалар арқылы қажетті барлық емді ала аласың. Негізі бұлай болмауы қажет. Мұндай емханаларды алып тастау керек. Шенеуніктер де халықпен бірге емделсін. Халық сияқты күтсін, 3 айлап кезекте тұрсын. Автобуста жүргендерін суретке түсіріп көрсетеді. Қарапайым клиникадағы дәрігердің алдында кезекте тұрғанын суретке түсірсін. Тым болмағанда премьер-министр, денсаулық сақтау министрі, депутат болсын, қарапайым емханаға емделіп көрсінші, көрейік. Олар мұндай емханаларға жақындауға қорқады.

Коронавирус болған кезде шекаралар жабылып, локдаун орнады ғой. Қаншама азаматтарымыз қаза тапты, қайғылы жағдай. Бірақ мен бір нәрседен қатты үміттендім. Себебі бұған дейін шенеуніктер баласына вакцина салдыру үшін де шетелге баратын. Өзін, анасын Қазақстанда емдетпейтін еді. Тіпті министрлік емес, сонау төмендегі департамент деңгейіндегі басшылардың өзі шетелде емделеді. Депутаттардың да бірде-біреуі елімізде ем алмайды. Сондықтан оларды денсаулық сақтау саласында не болып жатқаны қызықтырмайды. Мен осындай кезде шенеуніктер енді ойланатын шығар деп үміттендім. Себебі ковид кезінде олар елімізде емделуге мәжбүр болды. Генералдар мен судьялар халықпен бірге емханада жатты. Соның кейбірі қайтыс болып кетті. Енді көздері ашылатын шығар дедік. Қазір бәрі ұрлап жатыр ғой. Біреу келеді де, жап-жаңа бордюрларды аударып тастап, орнына басқасын қояды. Біз оған қарап та жатқанымыз жоқ. «Білгендеріңді істе» деп жатырмыз. «LRT салып ақша ұрлағыларың келе ме, ұрла!» деп жатырмыз. Бірақ «халықтың денсаулығын ұрламашы» деп жылап тұрып айтамыз. Естімейді. Сонымен, коронавирус келді. Шенеуніктер қарапайым ауруханада жатыр. Енді олар «ертең мен қартаямын, осы жерге келіп емделемін, сондықтан медицина жүйесін реттеуге атсалысайын» деп ойланатын шығар деп едім. Алайда бір-екі жыл аздап дұрысталғандай болды да, кейін медицина саласында ұрлық баяғыдан да қатты өршіп кетті. Себебі біздегі медицина саласы тесік шелек сияқты. Бірдеңе болса, министрді орнынан алып тастайды. Басқа министр тағайындалғанымен ештеңе өзгермейді. Неге? Себебі алдымен жүйені өзгертуіміз қажет. Президентті, министрді, әкімді, депутаттарды сайлауымыз қажет. Ашық, демократиялық жүйе керек. Сонда барып денсаулық сақтау саласында жүйе өзгереді. Әйтпесе, шіріп жатқан үкіметте ең алдымен шіріктің иісі медицинадан шығады. Қазақстан үкіметі шіріп шатыр. Ананы істейді, мынаны істейді, ештеңе өзгермейді, өзгеру үшін басынан бастау керек. Министрлердің ауыса беретіні сонша, біз олардың аты-жөнін де жаттауды қойдық, шатастырып ала береміз. Сондықтан министрді ауыстырғаннан ештеңе өзгермейді. Жалпы жоғарыдағылар өз жүйесінің қандай екенін көріп тұр ғой. Сонда да жемқорлыққа көз жұмып қарайды. Жоғарыда айтып өткенімдей, прокуратура, ІІМ, мемлекеттік қызмет істері агенттігі, президент әкімшілігі – бәрі осы астаудан жем жеп отыр. Олар халықтың қанын ішіп жатқан вампирлер. Олардан құтылмай, жүйе жақсармайды. Әрі қарай шіри береді. Үкімет емес, халық өзгеруі қажет.

Ұрыларды ұстамау керек, ұрламайтын жүйе жасау керек

Қоғамдық бақылау деген бар. Бұрын халық медицина саласында не боп жатқанына қарамайтын еді. Егер бұл салаға араласып жатса министрлер: «Сен кімсің? Дәрігер болмасаң не істеп жүрсің, бәрібір түсінбейсің ғой? Біз мамандар өзіміз білеміз» дейтін. Халық та бұл салаға араласқысы келмейтін. Себебі ақылы медицинасы бар, соған барамын деп ойлайтын. Ал қазір бәрі басқаша. Бәрі ақылы. МӘМС-ке де ақша төлеп жатырмыз ғой. Сондықтан қоғам қалтасынан қаржы шығарып жатқасын талап етеді, талап етуге құқығы бар. Қазір бізге қоғамдық бақылауды күшейту керек. Әйтпесе, ұйқыдан тұрасың, қант диабетін қаржыландыруды тоқтатамыз деген заң шығарады.

МӘМС пен ақылы қызметті бөлмесек болмайды. Бізде «МӘМС-пен келсең, кезегің 3 айда келеді, ақылы өтсең, тап қазір өткіземіз» дейді. Сонда бір дәрігер, сол құрылғы – оны қалай түсінуге болады? Халықтың ашуланатынындай бар. Бұл – ақылы медициналық көмек алуға итермелейтін әдіс. Сондықтан клиникалар ақылы да, МӘМС арқылы да ақша алып отыр. Бұлай болмауы керек. Әлемдік тәжірибеде МӘМС-пен жұмыс істейтін емханалар ақылы қызмет көрсетпейді. Керісінше, ақылы қызмет көрсететіндер мемлекеттік тендерге қатыспайды. Бізге де осы әдісті енгізіп, бұларды бөлу керек.

Әр клиниканың басына полиция қоя алмайсың. Қойғанның өзінде де, пара беріп, сыбайлас етіп тастайды. Ұрыларды ұстамау керек, ұрламайтын жүйе жасау керек. Ал неге олай жасамай жатыр? Өйткені әр шенеунік бір-бірден мемлекеттік емханаларды алып, өз адамдарын отырғызып алған. Өзінің қалтасына тамып тұрғанда, оның не қажеті бар? Ондай заң шығарса, ертең табысы азайып қалады. «Бұл жерде қашанғы отырамын, бір жыл ма, екі жыл ма, әзірге ұрлап ала берейінші» деген оймен алып жатыр барлығын. Ерінбегеннің бәрі осыны істеп отыр. Бұл жолды жаппағанша, ұрлық тоқтамайды. Ал оны бөлгеннен кейін коррупцияға көп жолдар жабылып қалады. Қазір, мысалы, клиника ақылы жұмыс істесе, 10 пайыз салық, МӘМС-пен жұмыс істейтін болсаң, салық төлемейсің дейді. Сонда қалай, мен екі бухгалтер алып отырмын делік, бірі – кассаны санайтын, екіншісі – МӘМС-тің ақшасын санайтын. Сонда мен ұрлықты санайтын үшінші бухгалтер алуым керек пе? Далбаса боп шығады. 10 пайыз салық деген соң, бәріне салу керек, МӘМС-тен бе, үкіметтен бе, маңызды емес. Дені дұрыс бәсекелестік болса, шетелдік клиникалар да бізге келеді...

Сұхбатты қағазға түсірген

Айымгүл Мақсұтқызы