Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 15:12

Қайыры аз, жалақысы көп легионерлер

Қазақ футболы
Фото: ЖИ

Қазақстанда футбол, хоккей, велоспорт, баскетбол сияқты спорт түрлеріне өте көп қаржы бөлінеді. Әсіресе кәсіпқой клубтар мемлекеттің мойнына мініп алған.

 Әр облыстағы кәсіпқой командалар бюджеттен миллиардтаған қаржы алып, шетелден шақырған легионерлердің жалақысын төлеуге жұмсайды. Ел спортындағы осы келеңсіз үрдіс жайлы біз де бірнеше мәрте мақала жаздық.

Енді жағдай өзгеруі мүмкін. Билік шетелдік спортшыларға мемлекет қазынасынан қаржы төлеуге шектеу қоюды жоспарлап отыр. Нақтырақ айтқанда, 27 наурызда сенаторлар дене шынықтыру және спортты дамыту туралы заңды мақұлдап, ел президентінің қол қоюына жіберді. Мемлекет басшысы мақұлдаған соң бұл заң спорт саласына біршама өзгеріс енгізуі мүмкін.

Ең бастысы – Қазақстан азаматы саналмайтын спортшыларды бюджет қаражаты есебінен ақша бөлуге тыйым салынады. Шетелдік атлеттерге тіпті квазимемлекеттік сектордан да қаржы бөлуге болмайды. Жаңа заңға сәйкес өзге елден келген спортшылардың жалақысы, бонустары, тіпті трансфер төлеміне де қазынадан бір тиын бөлінбейді. Яғни бұдан былай футбол, волейбол, баскетбол және хоккей клубтарында ойнайтын легионерлерге мемлекет бюджетінен жалақы төлеу тоқтатылады. Кәсіпқой клубтар легионер шақырғысы келсе, олардың еңбекақысын төлеп беретін демеуші табуы қажет.

Бірақ заң шығарумен бар проблема шешілмейді, оның нақты жүзеге асуын қадағалау қажет. Біздің елде бұған дейін де кәсіпқой клубтарға бөлінетін қаржыны шектеуге бағытталған бірнеше ереже қабылданған. Бірақ олар толық іске асқан жоқ. Мысалы, 2020 жылы футбол және хоккей клубтары үшін лимит белгіленді. Оған сәйкес футбол және хоккей клубтарының жылдық бюджеті 1,2 млрд теңгеден аспауы керек еді. Бірақ бұл мүмкін болмады. Кейінгі 2 жылда «Астана», «Ордабасы» сияқты клубтар 4-5 млрд теңгеден қаржы алып отырды. Ал «Ақтөбе», «Елім-ай» қатарлы командаларға 2-3 млрд теңге бөлінді. Елордалық «Барыс» хоккей клубы да мол қаржыдан қағылған жоқ.

Сондай-ақ Қазақстанда 2022 жылы футболшылардың ай сайынғы жалақысы 2 миллион теңгеден аспауы керек деген ереже қабылданған. Бұл ережені де ешкім сақтаған жоқ. Жақында Шымкент қаласы әкімі Ғабит Сыздықбеков команда капитаны Асхат Тағыберген айына 20 млн гонорар алатынын айтып, оны сынға алды. Осы даудан кейін Асхат шымкенттік командадан кетіп қалды. Қазақстандық футболшыны ашық сынаған Сыздықбеков командадағы легионерлердің жалақысы жайлы жақ ашқан жоқ. Әйтпесе, «Ордабасыда» миллиондап жалақы алатын шетелдіктер жетерлік.

Мысалы, 2023 жылы шілдеден 2024 жылдың желтоқсанына дейін «Ордабасыда» Артем Беседин есімді украиналық шабуылшы доп тепкен. Жақында Footboom телеграм-арнасы украин футболшысы Қазақстанда 1,5 жыл өнер көрсеткені үшін 454 миллион теңге (860 мың доллар) алғанын жазды. Дереккөздің хабарлауынша, Бесединнің бір айлық гонорары 4 мың доллар ғана болған. Ал қалған соманы бонустар ретінде алып отырған. Шамасы шымкенттік шенділер жалақыға қойылған лимитті осындай жолмен айналып өткен сияқты.

Салыстыру үшін айтсақ, Беседин «Ордабасы» сапында 1,5 жылда небәрі 33 матчқа қатысып, 6 гол ғана соққан. Тағыберген 2 жылда 67 матчқа қатысып, 17 гол соқты және 25 нәтижелі пас берді. «Ордабасы» Бесединге берген 454 млн теңгені 18 айға бөлсек, украиналық легионер ай сайын 25 млн теңге алып отырғанын байқаймыз. Ал Асхаттың жалақысы одан біршама аз. Бірақ екі футболшының статистикасы жер мен көктей. Тағыберген Бесединге қарағанда әлдеқайда нәтижелі өнер көрсеткен. Демек Сыздықбеков сынайтын адамын шатастырып алғаны анық. Сондай-ақ биыл «Ордабасыға» 3,46 млрд теңге бөлінді деген ақпарат бар. Шымкент әкімі шын ашық шенді болса, осы қаржының есебін беруді де ұмытпасын.

Қазақстанда қанша легионер бар?

Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевтың айтуынша, 2024 жылдың қорытындысы бойынша футболдан Премьер-лигада – 149 легионер, хоккейде – 109 шетелдік ойыншы өнер көрсеткен. Елдегі спорт түрінде шамамен 300 легионер бақ сынап жүр. Вице-министрдің айтуынша, үкімет мемлекет қаржысын тиімді әрі әділ пайдалану үшін кәсіпқой клубтарды қаржыландыруға нақты лимит белгілеуді жоспарлап отыр.

«Бюджеттен футбол, хоккей және басқа спорт клубтарын қаржыландыруға нақты шектеулер қоямыз. Сондай-ақ ойыншылардың жалақысына да лимит енгізіледі. Қазір кейбір спортшылар негізсіз жоғары жалақы алып отыр. Мұндай жағдайды бақылауға аламыз», – дейді Жарасбаев.

Жарасбаевтың спортшылар негізсіз жоғары жалақы алып отыр дегенімен келісуге болады. Қазақстанда кәсіпқой клубтарға бөлінген қаржының басым бөлігі жалақы төлеуге жұмсалады. Әсіресе легионерлер өте жоғары гонорар алады. Мысалы, УЕФА-ның ресми есебі бойынша, 2023/24 жылғы маусымда Қазақстан Премьер-лигасы клубтарына 87 миллион еуро (шамамен 46 миллиард 322 миллион теңге) жұмсалған. Оның 70,5 миллионы (81 пайызы) – мемлекет қаражаты. Қазақстандық клубтар бұл қаржының 54 миллион еуросын (шамамен 28 миллиард 751 миллион теңге) жалақы төлеуге жұмсаған. Бұл көрсеткіш бойынша біздің чемпионат Еуропада 28-орында тұр. Осы деректің өзі біздің сөзді растай түседі.

Хоккей спортында да жағдай осы. Елордалық «Барыс» хоккей клубында кейінгі 6 маусымда 113 легионер өнер көрсетіпті. Сол 6 жылда клубқа бюджеттен 48,9 млрд теңге бөлінген. Бұл спортта да көп қаржы гонорарға жұмсалады. «Барыс» ойыншыларына 2023 жылғы маусымда – 2 млрд 180 млн теңге, 2024 жылғы маусымда – 2 млрд 776 млн теңге жалақы төлеген.

Оның үстіне спортқа бөлінген мол қаржы жетер жеріне жетпей жатыр. Орта жолда қолды болып, федерация басшылары мен клуб жетекшілерінің қалтасында кеткен ақша аз емес. Оның кейбірі анықталып, шенділер сотталған жағдайлар бар. Мүлде ашылмай, жабулы қазан күйінде қалған істер де аз емес екені анық. Жақында ҚР Бас прокуратурасы Қазақстан футболындағы бірқатар заңсыз әрекет жайлы ақпарат таратты.

«Қазақстан футбол федерациясы мен бірнеше клубқа жүргізілген прокуратура тексерісі нәтижесінде 3 млрд теңге көлемінде қаржылай заңбұзушылық анықталды. Атап айтқанда, негізсіз сыйақы төлеу, инфрақұрылым объектілерін салу кезінде қаражатты мақсатсыз пайдалану, спортшылармен жасалған күмәнді келісімдер және спортшыларды тамақтандыруға бөлінген қаржыны жымқыру фактілері бар.

Мысалы, федерацияның бұрынғы басшылары жекелеген қызметкерлер мен спортшыларға 300 млн теңгеден аса негізсіз сыйақы төлеген. Федерацияның әкімшілік ғимараты мен Талғар қаласындағы жаттығу базасын салу барысында іс жүзінде орындалмаған жұмыстарға 350 млн теңгеден аса төлем жасалған. Сондай-ақ 135 млн теңге стратегиялық құжат пен стандарттарды әзірлеуге бөлінген қаржының орынды жұмсалған-жұмсалмағанына күмән бар.

«Ордабасы», «Ақтөбе» және «Жетісу» футбол клубтарындағы тексерулер де келісімшарт сомаларын асырып көрсету, ойыншыларды төмен бағамен сату, жоғары бағамен сатып алу және қаражат жымқыру сияқты бірқатар елеулі заң бұзу әрекеті анықталды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмысы басталды. Футбол федерациясының бұрынғы басшыларына қатысты қылмыстық іс Қаржылық мониторинг агенттігіне берілді», – деп хабарлады Бас прокуратура.

Легионер легі тоқтай ма?

2024 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Туризм және спорт министрлігімен бірлесіп, спортты қаржыландыру саласын тексерді. Сол кезде кейінгі 6 жылда спорт саласын қаржыландыруға 1,4 триллион теңге бөлінгені анықталып, Қазақстан спортқа қаржы бөлуден әлемде көп елден алда тұрғаны белгілі болды. Бірақ мол қаржы өз жемісін бермей, желге ұшқан. Шенділер бір сәттік нәтиже үшін шетелден легионер шақырып, азаматтық беріп, жарысқа қатыстырған.

«Жоғары жетістіктер спортында шетелдік спортшылардың натурализация процесі қалыпты жағдайға айналды. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан олимпиадалық спорт түрлеріне 126 шетелдік азаматты алған, 60 пайыздан астамы, яғни 79-ы кейін туған жеріне оралды», – деп мәлімдеді антикор.

Бұл – олимпиадалық спорт түрлерінің есебі ғана. Бұған футбол, баскетбол, хоккей сияқты шетелдік ойыншыларды сатып алу тәжірибесі кеңінен жалпыласқан командалық спорт түрлері енбеген. Футбол мен хоккейдің өзінде уақытша көк паспорт алып, кейін өз еліне тайып тұрған спортшылар аз емес. Кез келген спорт жанкүйері мұндай уақытша «қазақстандықтардың» бірнешеуін атап бере алады.

Бұл тәжірибенің тиімсіз екені дәлелденсе де, спорт саласындағы шенділер шетелден шебер шақыруды тоқтатар емес. Мысалы, жақында ғана, 25-30 наурыз аралығында Иордания астанасы Амманда күрес түрлерінен Азия чемпионаты өтті. Құрлық біріншілігіне Қазақстан құрамасы сапында екі ресейлік легионер барды. Олар – грек рим күресінен Шамиль Ожаев (87 келі) пен еркін күрес шебері Начын Куулар (70 келі). 1998 жылы Новосибирскіде дүниеге келген Ожаев турнирде қола жүлдегер атанса, 1995 жылғы тывалық спортшы Начын Куулар алғашқы айналымнан аса алмады. Бұл балуан биыл екі турнирде қатарынан алғашқы белдесуінде жеңіліп отыр. Ақпанда Албанияның Тирана қаласында өткен рейтингтік турнирде молдовалық Диакон Вазиледен ойсырай жеңілген болатын.

Жанкүйер қауым жеңілістен көз ашпайтын мұндай легионердің қажеті қанша деп, таңғалып жүр. Куулардың орнына өз балуандарымыз барғанда бұдан әлдеқайда жақсы нәтиже көрсетер еді. Легионер балуан бақ сынайтын 70 келіде былтыр Нұрқожа Қайпанов әлем чемпионы атанған. Ал 2023 жылы Санжар Досжанов Азия чемпионы болды. Солардың орнын жүлде алмайтын шетелдік спортшыға беріп отырмыз. Бірақ спорт шенділер жаңа заңның мұндай көк паспорт алған спортшыларға қатысы жоқ деп отыр. Яғни мемлекет натурализацияланған спортшыларға қаржы төлей береді.

Айта кетейік, біз жоғарыда сөз еткен Азия чемпионатында қазақстандық балуандар 2 алтын, 4 күміс, 5 қола медаль (грек-рим күресі – 2 күміс, 2 қола, қыздар күресі – 1 алтын, 1 қола, еркін күрес – 1 алтын, 2 күміс, 2 қола) алды. Алтын медальге еркін күрес шебері Нұрқожа Қайпанов (74 келі) пен Жәмила Бақбергенова (72 келі) қол жеткізді. Ең қызығы, Жәмила – төрт дүркін, Нұрқожа – үш дүркін құрлық чемпионы атанды. Ал әлем чемпионы Ризабек Айтмұқан (еркін күрес, 97 келі) күміс жүлдегер атанды.

Бокс

Астанадағы бокс кешінде кімдер өнер көрсетеді?

5 сәуір күні Астанада үлкен кәсіпқой бокс кеші өтеді. Кештің басты жекпе-жегінде орта салмақта WBO және IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (16-0, 11КО) мен франциялық Анауэль Нгамиссенгу (14-0, 9КО) кездеседі.

Сондай-ақ бұл кеште Сұлтан Зауырбек, Батыр Жүкембаев сияқты қазақстандық үздік кәсіпқой боксшылар мен жас жұлдыз – ағайынды Сабырхандар шаршы алаңға шығады. Ұзақ жыл Қамшыбек Қоңқабаев үшін алынбас қамалдай болған өзбек боксшысы Баходир Жалолов өнер көрсетеді. Әу баста ол қазақстандық Иван Дычкомен жұдырықтасады деген ақпарат тараған. Жанкүйерлерге қызығы да осы жекпе-жек еді. Бірақ Баходир басқа қарсылас таңдапты.

Танымал BoxRec порталы елордада өтетін бокс кешінің толық андеркардын жариялады.

Сұлтан Зауырбек VS Азинга Фузилемен;

Жүкембаев VS Кейн Гарднер;

Баходир Жалолов VS Игорь Шевадзуцкий;

Отабек Холматов VS Джейсон Кэной Манигос;

Балауса Муздиман VS Мария Тереза Пинили;

Махмұд Сабырхан VS Николас Тордецилла;

Төрехан Сабырхан VS Джири Хауке;

Әлішер Әбдуәлім VS Ашиш Чоудхари;

Ақниет Әлімбай VS Джозеф Дубский.

Қуан Өмірхан

Тегтер: