Қайрат Боранбаев "УДО"-ға өтініш беріп, кейін қайтарып алған

Кеше Алматы қаласының Бостандық аудандық №2 қылмыстық сотының кестесінде кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың аты-жөні пайда болған.
"За нами уже выехали" телеграм арнасының жазуынша, кейін белгілі болғандай, сотта Боранбаевтың шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға (УДО) қатысты өтініші қаралған.
Соттың баспасөз қызметі бұл жайында былай деп хабарлады:
«Сот отырысы барысында сотталған азамат өз өтінішін қайтарып алды. Соның негізінде сот оның өтінішін қараусыз қалдырды».
Еске сала кетейік, Қайрат Боранбаев – Қаңтар оқиғасынан кейінгі науқанда алдымен ұсталғандардың бірі. 2022 жылдың наурыз айында қаржы жымқырды деген айыппен қамалды. Оған тиесілі «АзияГазЧунджа» ЖШС мен QazaqGaz ҰК АҚ арасында газ жеткізуге 141 681 676 272 теңгеге келісім болған. Бірақ сот газды арзанға сатып алуға болатынына қарамастан, мемлекеттің 14 565 318 010 теңгесін артық жұмсады деп кәсіпкерді айыптады. Боранбаев басында бұл айыппен келіспегенімен, тергеуден соң кінәсін мойындап, келтірілген шығынды толық өтеді. Ол 8 жылға сотталды, кейін тергеумен ынтымақтастық аясында бірнеше мал-мүлкі мен қаржысын мемлекет меншігіне өткізіп, жазасы 6 жылға дейін қысқарды. 2 жыл 4 айдан кейін шартты жазамен бостандыққа шықты. Мемлекетке жалпы 260 млрд теңге қайтарды.