Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

"Қайрат" футбол клубы Алматы бюджетінен 750 миллион теңге алады

Сәтпаев, Анарбеков, Шерхан
Фото: Жас Алаш коллаж

Жеке меншіктегі "Қайрат" футбол клубы 2026 жылы Алматы қаласының бюджетінен 750 миллион теңге алады. 

Ресми құжатқа сәйкес, бөлінетін қаражат премьер-лига командасының және клубтың бүкіл құрылымының қызметін қамтамасыз етуге жұмсалмақ.

“Қайрат” футбол клубының штатында барлығы 103 қызметкер бар, оның ішінде:

- Премьер-лига командасы: 5 бапкер және 21 футболшы;

- “Қайрат Жастар”: 5 бапкер және 31 футболшы;

- “Қайрат” академиясы: 41 бапкер және 800-ден астам тәрбиеленуші.

Сонымен қатар Алматы қаласында футзалды спорт түрі ретінде даярлау мен дамытуға 90 миллион теңге қарастырылған. Бұл қаражат жаттығу үдерісін ұйымдастыруға, спортшылардың халықаралық, қалалық және республикалық жарыстарға қатысуына, сондай-ақ академияның жұмысын қамтамасыз етуге және спорттық резервті даярлауға бағытталмақ.

Алматы әкімдігі Қайрат Боранбаевқа тиесілі жеке меншік “Қайрат” футбол клубын қалалық бюджеттен қаржыландыру үшін қаражат бөлінуіне қатысты пікір білдірді.

Әкімдіктің мәліметінше, “Қайрат” футбол клубы тек ықтимал жеткізушілердің бірі ретінде ғана қарастырылуы мүмкін екенін, алайда бұл әлі нақты шешім емес екенін атап өтті.

“Бұл жерде нақты бір кәсіби футбол клубын немесе оның негізгі командасын тікелей қаржыландыру туралы сөз болып отырған жоқ. “Қайрат” футбол клубы балалар-жасөспірімдер инфрақұрылымы дамыған, лицензияланған академиясы, білікті бапкерлер құрамы және футболмен айналысатын балалар санының көп болуына байланысты әлеуетті жеткізушілердің бірі ретінде ғана қарастырылуы мүмкін”, – делінген баспасөз хабарламасында.
Тегтер: