Қайрат Құдабаев – қазақстандық бітімгерлер ерлігінің символы

Қазақстан бітімгершілік миссияларда батыл қадамдар жасап, жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге белсенді атсалысып келеді. Бітімгерлік жолында ерен ерлік көрсеткен офицерлеріміздің бірі – капитан Қайрат Құдабаев.
Оның есімі Қазақстанның халықаралық міндеттемелерді мүлтіксіз орындап келе жатқан ел екенін дәлелдейтін бейбітшілік жолындағы құрбандықтың үлгісі ретінде тарихта қалды.
2025 жылғы 5 тамызда Алматы облысы Нұрғиса Тілендиев ауылында орналасқан «Бітімгер» оқу орталығында капитан Құдабаевқа арналған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Монумент қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялар орталығының аумағында орнатылды.
Капитан Қайрат Құдабаев – Ирактағы бітімгерлік миссияны орындау кезінде қаза тапқан алғашқы және жалғыз қазақстандық әскери қызметші. 2005 жылдың 9 қаңтарында Васит провинциясында оқ-дәрілерді эвакуациялау барысында болған жарылыс кезінде ол қарулас достарын құтқарып, өзі қаза тапты. Оның бұл жанқияр ерлігі ел есінде сақталып, I дәрежелі «Айбын» орденімен (қаза болғаннан кейін) және бірқатар халықаралық марапаттармен бағаланды.
Салтанатты шараға Бітімгерлік операциялар орталығының басшылығы, ардагерлер ұйымдарының өкілдері, офицердің туыстары мен әріптестері қатысты. Жиналғандар батырдың рухына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Қайраттың ағасы Бауыржан Құдабаев өз сөзінде 20 жыл өтсе де, отбасы үшін бұл ауыр қасірет екенін айтып, ерлікті есте сақтау шарасын ұйымдастырғандарға алғыс білдірді.
«Бүгін Қайрат арамыздан кеткеніне тура 20 жыл толып отыр. Біз оның күлімсіреген жүзін, мейірімділігін, айналасына сыйлаған жылулығын ұмытпаймыз. Оның бұл дүниеден кетуі – отбасымыз үшін, әсіресе анамыз үшін ауыр соққы болды. Қаһарманды құрметтеп, оның ерлігін ұмыт қалдырмағаны үшін Жауынгерлік іс-қимылдар ардагерлері одағы мен Орталық басшылығына шын жүректен алғысымызды білдіреміз», – деді батырдың ағасы Бауыржан Құдабаев.
Осы күні қонақтар «Бітімгер» музейіндегі Қайрат Құдабаевқа арналған арнайы экспозициямен танысты. Онда оның қызметі, марапаттары, жеке заттары мен фотосуреттері қойылған. Салтанатты шара барысында ескерткіштің орнатылуына белсенді атсалысқан Орталықтың әскери қызметшілеріне Ардагерлер одағы атынан естелік медальдар табысталды.
Капитан Құдабаевтың есімі – тек бір адамның ерлігі емес, Қазақстанның бейбітшілік жолындағы жалпы ұстанымының көрінісі. Бейбітшілік жолында құрбан болған қаһарман ешқашан ұмытылмайды. Капитан Қайрат Құдабаевтың ескерткіші – қазақстандық бітімгерлердің ерлігі мен кәсібилігін танытатын символ ғана емес, бейбітшілік жолындағы күресте құрбан болған қаһарманға тағзым.
Оның есімі еліміздің бітімгерлік шежіресіне алтын әріптермен жазылды. Бұл ескерткіш жас сарбаздарға бейбітшілікті сақтаудың маңызын, антына адалдықтың мәнін, Отан алдындағы борыштың қасиеттілігін еске салып тұратын рухани белгі болмақ.
Қазақстан – халықаралық бітімгерлік бастамаларға белсенді қатысушы мемлекет. Еліміз әскерилері БҰҰ-ның бітімгерлік операцияларына 2000 жылдардың басынан белсенді түрде қатыса бастады. Осы уақыт аралығында қазақстандық әскери қызметшілер Ирак, Ливан, Батыс Сахара, Кот-д’Ивуар, Гаити, Орталық Африка Республикасы және басқа да бірқатар елдердегі бейбітшілікті сақтау миссияларында қызмет атқарды.
Осы бағытта ел аумағында Бітімгерлік операциялар орталығы құрылып, халықаралық стандарттарға сай мамандар даярланып келеді. Алматы облысында орналасқан «Бітімгер» оқу-жаттығу кешені аймақтық және жаһандық деңгейдегі оқу-жаттығуларды өткізуге арналған заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған.
Қазақстанның бейбітшілікті сақтауға бағытталған ұстанымы әскери салада ғана емес, дипломатиялық бастамалар арқылы да көрініс тауып келеді. Атап айтқанда, еліміз Сириядағы қақтығысты реттеуге бағытталған Астана процесіне бастамашы болды. Сонымен қатар еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше ретінде сайланып, жаһандық қауіпсіздік мәселелерінде өз үнін жеткізе алды.
2024 жылы Қазақстан алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік миссиясына дербес контингент ретінде қатысу құқығына ие болды. Біздің әскери қызметшілеріміз Сирия мен Израиль шекарасындағы ГОЛАН биіктерінде орналасқан UNDOF миссиясының құрамына қосылды. Бұл – Қазақстанның бітімгерлік әлеуетінің артқанын және халықаралық қауіпсіздік саласында сенімді серіктеске айналғанын білдіреді.
Еліміз бітімгерлерінің мұндай жетістікке Қайрат Құдабаев сияқты батыр жауынгерлердің жанқияр ерлігінің арқасында жеткені анық. Капитан Құдабаев Қазақстанның бейбітшілік жолындағы ұстанымы мен қазақстандық бітімгерлер ерлігінің символына айналды.
Елназым Қуанқызы