Қайрат Сатыбалдыдан қайтарылған базарда неге тыныштық жоқ?

Желіде тараған бейнежазбада Алматы тұрғыны базар аумағына кіргені үшін қолма-қол ақша талап етілетінін айтып, ешқандай түбіртек не талон берілмейтінін алға тартқан.
Алматыдағы «Байсат» базарында заңсыз ақша жинау деректеріне қатысты тұрғындар шағымдануда.
— Ақшаны тікелей қолма-қол сұрайды. Базарға кіретін бір ғана жол бар, ал шығу мүмкін емес — көліктер тығыз орналасқан, тұрақ табу қиын. Бір сағаттан бері шыға алмай тұрмыз. Әкімдік меншігіне өтті деген "Байсат" базарының жағдайы осы. Ешқандай чек не талон жоқ, бірақ ақша жиналып жатыр. Бұл мәселені ешкім шешуге тырыспайды, - дейді бейнежазбаның авторы.
Еске салсақ, 2023 жылдың қаңтарында Алматы қаласының мамандандырылған экономикалық соты "Байсат" базарына қатысты барлық мәмілені заңсыз деп танып, мүлікті мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім шығарған. Сот отырысы барысында базардың заңсыз сатылғаны дәлелденіп, кешендегі ғимараттар мен жер телімі мемлекетке қайтарылған.
Сот құжаттарына сәйкес, базар аумағындағы үш нысан мен 1,4 гектар жер бұрын «КазГерСтрой» БК» ЖШС мен «Astana Financial Group» ЖШС-нің иелігінде болған. Бұл компаниялар Қайрат Сатыбалдының ұлына тиесілі еді.
Мүліктің мемлекетке қайтарылғанына қарамастан, базар аумағында заңсыз ақша жинау, көлік қозғалысын реттемеу сынды мәселелер әлі де шешілмеген. Қоғам тарапынан жауапты органдарға нақты шаралар қабылдау және есеп беру туралы талаптар күшейіп келеді.