Қайрат Сатыбалдыға тиесілі бизнес-орталық өзіндік құнынан жоғары бағаға сатылмақ болған
Алматыдағы бұрын Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған Kaisar Plaza бизнес-орталығы электронды саудаға шығарылды. Алайда оған сатып алушылар табылмады. Сарапшылардың пікірінше, бұған нысанның өзіндік құнынан жоғары бағада ұсынылуы себеп болуы мүмкін.
7 сәуір күні бизнес-орталық 61,5 миллиард теңгеге аукционға қойылды. Сауда бағаны өсіру форматында өтпек болған. Жарнамаға қызығушылық жоғары болғанымен, бірде-бір қатысушы тіркелмеген.
Нысан туралы
- 9 қабатты ғимарат;
- Жалпы ауданы шамамен 64 мың шаршы метр;
- Орналасқан жері: Алматы, Желтоқсан көшесі, 115;
- Жер телімі – 0,72 гектар (2030 жылға дейін жалға алынған);
- Ішінде 53 жалға алушы бар.
Құжаттарда ғимарат ауданы әртүрлі көрсетілген (56,5 мың – 63,9 мың ш.м.), себебі кейбір бөліктер (мысалы, шатыр) есепке алынбаған.
Бағалау мәселесі
Бағалаушылардың есебіне сәйкес – ғимараттың құны – 44,5 млрд теңге, жер телімі – 2,8 млрд теңге, бағасы шамамен 47 млрд теңге, ал аукционға ғимарат 61,5 млрд теңгеге қойылған.
Қосымша шамамен 15 млрд теңгенің қайдан шыққаны түсініксіз.
Сонымен қатар баға ҚҚС-сыз көрсетілген, яғни сатып алушы үшін соңғы құн бұдан да жоғары болады.