Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:10

Қайрат Сатыбалдының экс-жұбайы шағымын айтты

Асылжан Есенқызы мен Қайрат Сатыбалды
Фото: скриншот Бәсе телеграм арнасы

Назарбаевтың інісі Қайрат Сатыбалдының экс-жұбайы Асылжан Есенқызы бірнеше жыл бойы азаматтық некеде тұрғанын және қарым-қатынас кезінде психологиялық және физикалық зорлыққа ұшырағанын айтты. 

Асылжан Есенқызының айтуынша, Қайрат Сатыбалды әкелік міндеттерін орындаудан жүйелі түрде жалтарып келеді. Ол азаматтық некеден туған қызы – Иманжанның ерекше қажеттілігі бар екенін біле тұра, ешқандай материалдық та, моральдық та қолдау көрсетпегенін алға тартады. Анасының сөзінше, баланың емі мен күнделікті күтіміне қажетті қаражат толықтай өз мойнында қалған.

Ең ауыр айыптаулардың бірі – баланың қараусыз қалуы. Асылжанның мәлімдеуінше, 2025 жылдың қараша айында қызы бірнеше күн бойы тамақсыз қалған. Қазіргі таңда ана мен бала ресми түрде «әлеуметтік осал топ» және «қиын өмірлік жағдайда қалған отбасы» ретінде тіркеуде тұр. Соған қарамастан, әке тарапынан көмек болмаған.

Бұдан бөлек, экс-жұбайы жүктілік кезінде өзіне физикалық және психологиялық қысым көрсетілгенін айтады. Ол бұл жағдайлар бойынша құқық қорғау органдарына бірнеше рет арызданғанын, алайда істердің нәтижесіз қалғанын жеткізеді. Өз сөзінде Асылжан Қ. Сатыбалдының ықпалды байланыстарының жауапкершіліктен жалтаруға мүмкіндік беріп отырғанын да жасырмай айтты.

Айта кетейік, Қайрат Сатыбалды – Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі.   Ол 2022 жылы ірі көлемдегі қаржылық қылмыстар бойынша сотталып, кейінірек шартты түрде мерзімінен бұрын босап шықты.

Қазіргі таңда Қайрат Сатыбалды немесе оның өкілдері Асылжан Есенқызының бұл мәлімдемелеріне ресми жауап берген жоқ.