Қайрат Сатыбалдының ұлына тиесілі «Байсат» базары қайта сатылымға шығарылды
Алматыдағы «Байсат» базары тағы да сатылымға қойылды. Бұған дейін ол Қайрат Сатыбалдының ұлы Бауыржан Нұрсұлтанға тиесілі болған.
2024 жылы Қайрат Сатыбалды базардың негізгі бөлігін мемлекетке өз еркімен тапсырса, кейін прокуратура сот арқылы активтің қалған бөлігін де қайтарды.
Қазір базар қайтарылған активтерді басқару комитетінің қарамағында.
Сауда 8 сәуірге белгіленген. Бұл жолы базар 28,6 миллиард теңгеге сатылмақ.
«Байсат» базары бұған дейін үш рет сатылымға шығарылған:
2025 жылдың қыркүйегі – 28,6 млрд теңге (өтпеді, сатып алушы болмады);
2025 жылдың соңы – баға 26 млрд теңгеге дейін төмендетілді (тағы да өтпеді);
2026 жылдың қаңтары – 24,7 млрд теңгеге дейін арзандатылды (сатылмады);
Енді актив төртінші рет сатылымға шығарылып отыр, бірақ бұл жолы бастапқы бағамен – 28 млрд теңгеге.
Сатып алушыларға не ұсынылады
Ресми дерекке сәйкес, базар «Көтерме-бөлшек сауда орталығы» ЖШС-не тиесілі және Алматының Жетісу ауданында, Солтүстік айналма көшесі, 7-үй мекенжайында орналасқан.
Нысан құрамына:
жалпы аумағы 13 гектар болатын екі жер телімі,
сауда павильондары мен қоймалар,
әкімшілік ғимарат,
асхана,
бақылау-өткізу пункті және шаруашылық нысандар кіреді.
Сарапшылардың бағалауынша, базар орта бизнес санатына жатады.
2025 жылдың алғашқы жартысында базар 1 млрд теңгеден астам табыс тапқан. Негізгі кіріс – сауда орындарын жалға беруден түскен.
Компания туралы мәлімет
«Көтерме-бөлшек сауда орталығы» ЖШС – базар мемлекетке қайтарылғаннан кейін басқаруға берілген компания.
Жұмыс істеп келе жатқаны: шамамен 1 жыл 8 ай;
Басшысы: Мұхтар Есболғанов;
Төленген салық көлемі: шамамен 1,6 млрд теңге.
Компания сауда орындарын жалға беру және базарды басқарумен айналысады.

Қайрат Сатыбалды базардан қалай айырылды
Қайрат Сатыбалды – Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі. Ол 2022 жылы 6 жылға сотталған.
Тергеу мәліметінше:
«Қазақтелекомға» 12 млрд теңгеден астам шығын келтірген,
басқа да мүліктік істерге қатысы болған.
2023 жылы ол ақшаны жылыстату ісі бойынша кінәсін мойындап, бірқатар активтерін мемлекетке қайтарды. Солардың қатарында «Байсат» базары да бар.
2024 жылы прокуратура сот арқылы базардың қалған бөлігін де мемлекетке қайтарды. Сот мәмілелерді заңсыз деп таныды.
Қандай активтер тәркіленді
Қ.Сатыбалдының мемлекетке қайтарылған ірі активтер қатарында:
Kaisar Tower бизнес-орталығы – 7,9 млрд теңге;
DoubleTree by Hilton қонақүйі – 6,49 млрд теңге;
Kaisar Plaza, АрСат, Maisat бизнес орталықтары;
«Мегатау» сауда үйі;
«Байсат» базары бар.
Сондай-ақ шетелден де активтер қайтарылған:
Дубайдағы виллалар (шамамен 20 млрд теңге);
Франциядағы элиталық пәтерлер;
Мәскеу мен Түркиядағы жылжымайтын мүлік.