Қайрат Сатыбалдының ұлына тиесілі болған «Байсат» базары арзанырақ бағаға қайта сатылмақ
Қайрат Сатыбалдының ұлы Бауыржан Нұрсұлтанға бұрын тиесілі болған «Байсат» базары екінші рет сатылымға шығарылып отыр.
E-qazyna порталындағы ақпаратқа сәйкес, 18 қарашада басталған алғашқы сауда өтпей қалған. Алғашқы бағасы 28 639 882 000 теңге деп белгіленген нысан қазір төмендетіліп, 26 706 317 643 теңгеге бағаланған.
Ашық дереккөздерде көрсетілгендей, базар бұған дейін Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының ұлы Бауыржан Нұрсұлтанның иелігінде болған.
2024 жылдың қаңтарында Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Байсат» базарына қатысты барлық мәмілені заңсыз деп таныды. Тергеу кезінде нысанның заңсыз сатылғаны анықталған.
Айта кетейік, экс-президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалды шартты жазамен түрмеден былтыр қыркүйек айында босап шықты. Ол мемлекетке 732,8 млрд теңге көлеміндегі заңсыз жолмен алынған активтерді қайтарған соң, сот жазаның қалған бөлігін бас бостандығын шектеумен алмастырды.
Сатыбалдының бостандыққа шығуы қоғамда түрлі пікір туғызып, бір тарап мұны "Ескі мен Жаңа Қазақстан арасындағы жасырын келісімнің белгісі" деп есептесе, екінші тарап «ескі кландар» қайтадан күш ала бастады ма деген алаңдаушылық білдірді.