Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:38

Қайтеміз, Трамптың жазғанына көнеміз де...

Трамп
Фото: ашық дереккөз

АҚШ президенті Дональд Трамп әлемді тағы шулатты. Ақ үй басшысы 3 ай бұрынғы әніне қайта басып, тұтас әлеммен сауда соғысын бастады. Бірақ бұл жолғы қарқыны сәл баяу. Сәуірдің басында 185 мемлекетке қосымша баж салығын енгізетінін жарияласа, бұл жолы «қара тізіміне» небәрі 14 ел еніп отыр. Ең қиыны, қосақ арасында Қазақстан да жүр.

7 шілде күні Трамп әлемнің 14 елінің басшыларына хат жолдап, 1 тамыздан бастап жаңа тариф саясаты күшіне енетінін хабарлады. Әр елдің президентіне бағытталған хат мәтінін өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасына да жариялады. Хаттардың мазмұны бірдей, бірақ шарттары әртүрлі. Мысалы, біздің елден АҚШ-қа баратын тауарларға қосымша 25 пайыз салық салынады.

Сондай-ақ Жапонияға – 25, Оңтүстік Кореяға – 25, Оңтүстік Африкаға – 30, Лаосқа – 40, Малайзияға – 25, Мьянмаға – 40, Туниске – 25, Босния және Герцеговинаға – 30, Индонезияға – 32, Бангладешке – 35, Сербияға – 35, Камбоджаға – 36, Тайландқа – 36 пайыз баж салығын енгізген.

Трамптан келген хат

Ақ үй басшысының Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жазған хаты көп адамды таңғалдырғаны анық. Біріншіден, Трамп өзара саудада АҚШ әділетсіздікке ұшырап, зиян шегіп отыр деп санайды екен. «Өкінішке қарай, біздің сауда қатынасымыз өзара тең болған жоқ. Сондықтан 2025 жылғы 1 тамыздан бастап АҚШ Қазақстаннан келетін барлық тауарға 25 пайыз көлемінде тариф енгізеді» деп жазған Трамп. Сондай-ақ Ақ үйде жасаған мәлімдемесінде «Біз көп елмен сөйлестік. Олар бұған дейін өз дегенін істеп келді, енді әділдік орнататын уақыт жетті. Бұған дейін жағдай біз үшін әділетсіз болды, сол үшін әділ шешімге келуіміз керек», – деді.

Яғни ол өзара саудада әділетсіздікке ұшырап, зиян шегіп отырған әлсіз елдің рөлін сомдап отыр. Бірақ бұл қаншалықты шындыққа жанасады? АҚШ-тың халықаралық қатынастарда, саудада, дипломатияда өзгелерден үстем, пайда алушы мемлекет екенін елдің бәрі біледі. Мысалы, Қазақстан елдегі ең ірі үш мұнай кенішін АҚШ компанияларына ұзақ жылға тиімсіз шарттармен жалға беріп, пайдадан қағылып келеді. Демек Трамптың саудада әділетсіздікке ұшырадым деп «жылайтын» жөні жоқ. Ол бұл сөзді өзі ашқан сауда соғысын ақтап алу үшін айтып отырған сияқты.

Екіншіден, хат мәтіні ескерту мен қорқытуға толы. Егер бір ел өз тауарын басқа ел арқылы АҚШ-қа жеткізіп, жаңа салықтан жалтаруға тырысса, одан да жоғары тариф салынатынын жазған. Сондай-ақ Трамптың салығына шамданып, қарымта салық енгізетін мемлекет табылса, ол ел белгілеген салық мөлшерін жаңағы 25 пайызға қосып, қысымды тіптен күшейтетінін айтқан. Мысалы, Қазақстан АҚШ-тың 25 пайыз баж салығына қарымта ретінде Вашингтоннан келетін тауарға 30 пайыз салық енгізсе, қазақстандық тауарға салынатын тариф 55 пайыз болады. Яғни Ақ үй қожайыны әлемге «маған қарсы шықпа, менің тарифіме шартсыз көн» деп отыр.

Бірақ Трамп «қарсыластарына» шегінерге жол қалдырып отыр. Ол үшін өндіріс орнын АҚШ аумағында ашып, өнімді сол елде өндіру керек. Сонда салықтан босатыласыз. Бірақ бұл шарт бізге келіңкіремейді. Тәуелсіздік алғалы өз елінде өндіріс аша алмай, мол табиғи байлығын өзі өңдеп сата алмай, әлі күнге шикізатқа сүйеніп отырған мемлекет мұхит асып, АҚШ-та зауыт сала қояды дегенге кім сенеді?!

Ал Трамп ұсынған екінші жол ымыраға біршама бейім. Қазақстан бастаған 14 елдің президентіне жазған хатында ол «Егер сіз АҚШ үшін әлі де жабық нарықтарыңызды ашып, тарифтік пен тарифтік емес тосқауылдарды алып тастасаңыз, біз осы хатта көрсетілген тарифті қайта қарастыруды ойластыруымыз мүмкін. Бұл тариф екі ел арасындағы қатынасқа байланысты өсуі не кемуі мүмкін» деп жазған. Оның үстіне Ақ үйдегі мәлімдемесінде «Бұл нақты шешім, бірақ 100 пайыз емес. Егер олар хабарласып, басқаша жасауды ұсынса, оған ашықпыз» дегені тағы бар.

Яғни АҚШ президенті өз еліңнің нарығын мен үшін қазіргіден де қолжетімді етсең немесе маған хабарласып, көңілімнен шығатындай тиімді ұсыныс айта алсаң, тарифтен босатуға дайынмын деп отыр. «Ер болсаң, бопсаға шыда» дегісі келеді. Үш жыл бойы соғыс өрті астында өмір сүріп жатқан Украина президенті Владимир Зеленскийдің өзін «айтқан шартыма көнбедің» деп Ақ үйден «қуып шыққан» Трамп басқаны аяй қоймасы белгілі жағдай. Демек, жоғары тарифтен құтылғысы келген мемлекет Вашингтонға ұнаудың амалын қарастыра бергені жөн.

Сәуірдегі 185 мемлекеттен тұратын ұзын сонар тізім шілдеде 14-ке дейін қысқарғанын айттық. Әрине, бұл тізім алда толығуы мүмкін, бірақ сәуірдегідей көп болмасы анық. Трамп өзі де «көп елмен сөйлестік» деп отыр. Соған қарағанда, сәуірдегі алғашқы дүмпуден кейін-ақ көптеген мемлекет Трамппен сөйлесіп, тіл табысқан сияқты. Осы уақыт аралығында Қазақстан билігі қайда қарап отырғанын кім білсін, «таңдаулы» тізімге кіріп кеткенімізге қарағанда, Ресейдің қабағын бағып, Трамптың аузын алуға батпаған сияқты. Оның үстіне, тіл табысу процесі жүретінін 185 мемлекет туралы әңгіме шыққанда сарапшылар да айтқан. Олардың ойынша, АҚШ әлем елдеріне ұзақ мерзімге жоғары тариф енгізгелі отырған жоқ, бұл олардың өз нарығына да тиімсіз. Вашингтонның ойы – жаңа тарифпен қорқыту арқылы, өз тауарларына салынған өзге елдердің ескі тарифтерін төмендету болса керек.

Қазақстан үкіметінің қолынан не келеді?

Қазақстан қорқынышты хат келіп алған соң ғана дір етті ме екен, АҚШ-пен келіссөз жүргізіп, Трамптың тарифімен күресіп көрмек болып жатыр. ҚР сауда және интеграция министрлігі Вашингтонға өз ұсынысын жолдағанын хабарлады. «Өз тауарларымызға қалыпты сауда режимін сақтау мақсатында Қазақстан Үкіметі АҚШ әкімшілігіне өзара сауда шарттарын жақсарту жөніндегі ұсынысын жолдады. Қазір АҚШ тарапы Қазақстан ұсынысын қарастырып жатыр, келіссөз өтетін күні туралы хабарлайды. Қазақстан ұлттық мүддесін қорғау және тұрақты сауда-экономикалық әріптестікті дамыту мақсатында АҚШ-пен келіссөз жүргізуге дайын», – делінген ресми хабарламада.

Бірақ Арман Шаққалиевтің келіссөзінен оң нәтиже шығатынына сену қиын. Өйткені министрлік мұндай әңгімені сәуірде де айтқан. Трамптың алғашқы тізімі шыққанда сауда министрлігі біздің ел АҚШ-қа экспорттайтын тауарлар олардың өзіне аса керекті тауар, сондықтан оларға Вашингтон жоғары тариф белгілей қоймайды деп арқаны кеңге салып жүрген. Осыны ескере отырып, Ақ үймен Қазақстан тауарына қосымша баж салығын енгізбеу жөнінде келіссөз жүргіземіз деп мәлімдеген. Бірақ Шаққалиев содан кейін нақты қандай келіссөз жүргізгені туралы айтпаған. Соған қарағанда, не келіссөзінен пайда болмаған немесе мүлде келіссөз жүрмеген де сияқты. Нәтижесі міне – «үздік» 14!

Трампты райынан қайтару үшін Қазақстан үкіметінде бір айға жуық уақыт бар. Ақ үй хат жіберілген елдерге келіссөз жүргізуге 2025 жылғы 1 тамызға дейін ғана уақыт беріп отыр. АҚШ президенті тариф күшіне енетін мерзім бұдан әрі шегерілмейтінін, келіссөзге қосымша уақыт берілмейтінін қатаң ескертті.

Қазақстанмен қатар «қара тізімге» енген Жапония мен Оңтүстік Корея да Трамптың тілін табуға тырысып көрмек. Жапония премьер-министрі Сигэру Исиба АҚШ-пен жүргізілген келіссөз нәтижесінде салық мөлшері сәуірдегі 30–35 пайыздан қазіргі 25 пайызға түсіргенін айта отырып, 1 тамызға дейін хаттағы мөлшерлеме төмендейді деп үміттеніп отыр. Бірақ ол Ақ үйдің екі ел арасында жүріп жатқан келіссөзге қарамастан, қосымша баж салығын белгілегеніне өкініш білдірді. Ал Оңтүстік Корея өкілі де АҚШ-пен екі ортадағы жоғары деңгейлі келіссөз нәтижесінде оңды нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік бар екенін айтты.

Жаңа тариф Қазақстанға қалай әсер етеді?

Трамптың хатына қатысты Ақорда ашық мәлімдеме жасаған жоқ. Жапония, Оңтүстік Корея сияқты елдердің саяси тұлғалары тарифке қатысты пікір білдіріп жатқанда, біздің басшылар неге үнсіз отыр? Бұл Қазақстанның АҚШ-пен сауда соғысын жүргізуге дайын емес екенін білдірсе керек. Ақорданың есебі – мүмкін болса, келіссөз жүргізіп, тарифті төмендету, ал мүмкін болмаса «Трамптың жазғанына көну».

Мұны сауда министрлігінің мәлімдемесінен де аңғаруға болады. Шаққалиевтің айтуынша, Қазақстан АҚШ-қа экспорттайтын тауардың басым бөлігі – мұнай, уран, күміс, ферроқорытпа, тантал және титан сияқты шикізат пен АҚШ үшін стратегиялық маңызға ие тауарлар. Сондықтан олар мұхиттың арғы бетіне жаңа бажсыз жеткізіле береді. Қабылданған жаңа тариф Қазақстан экспортының 95 пайызына әсер етпейді. Бұл мәлімдемеден «АҚШ қосымша салық салса сала берсін, ол елмен саудамыз онсыз да қызып жатқан жоқ» деген немқұрайлы емеурін аңғарылады.

АҚШ өзінде тапшы болып отырған стратегиялық маңызы бар тауарларға тарифті өсірмейді деген ақпарат бар. Қазақстаннан АҚШ-қа экспортталатын 12 тауардың 9-ы сол елдің экономикасы үшін маңызды стратегиялық зат екен. Оның ішінде ең басты екі өнім – мұнай мен уран. Қазақстан мұнайын өндіретін ең ірі компания – америкалық «Теңізшевройл». Ал АЭС отыны ретінде пайдаланылатын байытылған уран Вашингтонға аса қажет. Біздің үкімет осы факторға сенім артып, Трамп өз қолын өзі кеспейді деп отыр. Бірақ келесі қадамын болжап болуға келмейтін қитұрқы саясаткер қандай қадамға баратыны белгісіз. Трамп үшін өз ойын өзгерте салу, өз сөзіне өзі қарсы шығу – әдеттегі жағдай.

Ресми дерек бойынша Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 2023 жылы 4,1 млрд, 2024 жылы 4,2 млрд доллар болды. Бұл Қазақстаннан басқа шет елдерге жіберілген барлық тауардың 2,4 пайызына ғана тең. Яғни АҚШ-ты Қазақстанның басты сауда серіктесі деуге келмейді. 2024 жылғы сауда айналымының 2 миллиарды – экспорт, 2,2 миллиарды – импорт. Ал 2025 жылғы қаңтар мен мамыр арасында Астана мен Вашингтонның сауда айналымы 1 млрд 265,8 млн доллар болды. Қазақстан АҚШ-қа 418,2 млн доллардың тауарын экспорттады.

Экономист, Ләззат Жанмолда: АҚШ-қа қарымта салық салудың қажеті жоқ

«АҚШ президенті дүниежүзіне баж салығын енгізіп жатыр. Біздің елге 25 пайыз болса, кей елге салынған салық 40 пайызға дейін жеткен. Бірақ Қазақстаннан АҚШ-қа экспортталатын тауарлардың басым көбі ол елде қосымша салықтан босатылған, 8 пайыз ғана салық төленетін шикізат өнімдері. Мысалы, АҚШ-қа уран сатамыз. Қазақстан – уран қоры мен уран өндірісі бойынша әлемде алдыңғы қатарда тұратын ел. Демек Вашингтон бұл өнімді бізден ала береді. Оның үстіне АҚШ-пен алыс-берісіміз жалпы сыртқы саудамыздың 2 пайызын ғана ұстап отыр. Демек бұл жағдай ел экономикасына үлкен әсер етеді деп айта алмаймын. Дегенмен 2 пайыздың өзіне сәл қарауға келмейді, аз болса да әсері бар екені анық.

Кез келген мемлекетпен стратегиялық қарым-қатынасымызды үзбей, өз деңгейінде сақтағанымыз жөн. Ал АҚШ сияқты алпауыт елге тіпті ешқашан салқын қабақ танытуға болмайды. Сондықтан олардың баж салығына қарымта салық салудың қажеті жоқ деп есептеймін. Біз дамушы елдердің қатарында жүрген мемлекетпіз, дамыған елдер сияқты өзге мемлекеттерге ықпал ететін қауқарымыз жоқ. Экономикамыз оған жар бермейді. Сондықтан сыртқы саудада кез келген қадамды байқап жасауымыз керек».

Қазақстаннан АҚШ-қа экспортталатын тауарлар. Мұхит асырып сататын негізгі тауарымыз шикізат екенін айттық. Оның ішінде шикі мұнай – 1,1 млрд доллар (жалпы саудадағы үлесі 56,2 пайыз), уран – 322,9 млн доллар (16,4 пайыз), күміс – 239,9 млн доллар (12,2 пайыз), ферроқорытпа – 188,2 млн доллар (9,5 пайыз), тантал және одан жасалған бұйымдар – 17,6 млн (0,89 пайыз). Ал шикізат өнімі емес тауарлардың үлесі 2024 жылы 95,2 млн доллар болған. Бұл Қазақстанның АҚШ-қа жалпы экспортының 4,8 пайызы ғана екен.

Ал Қазақстан АҚШ-тан жеңіл көлік, дәрі-дәрмек, медициналық қондырғылар, ет пен тауық еті, қара металдан жасалған бұйымдар, электр құрылғылары, трамвай мен теміржол тетіктері, көлік бөлшектері сияқты тауарларды импорттайды.

Егер АҚШ-тың жаңа тарифі Қазақстанның сыртқы саудасына, экономикасына аса үлкен әсер етпесе, Трамп Тоқаевқа хат жазып, шулы тізімге Қазақстанды неге қосты? Сарапшылар Қазақстан Трамп жүргізіп отырған үлкен саяси ойынның әсерінен қосақ арасында кетті деп санайды. Ақорда сол үшін де аттанға айғай қоспай, әліптің артын бағып отырған болуы мүмкін.

Бірақ сол саяси ойынның салмағы бізге оңайға соқпауы мүмкін. Шілденің басында Бразилияда БРИКС ұйымының 17-саммиті өтті. Оған Қазақстан алғаш рет серіктес ел ретінде қатысты. Бұған дейін Ақорда БРИКС-ке қырын қарап, әлемдік аренада абырой жинап жүрген. Ал бұл жолы серіктес ел ретінде саммитке барып, бұл ұйымға бүйрегі бұра бастағанын аңғартты. Ал БРИКС АҚШ-тың басты «жауы» Ресей, Қытай және Иранның ықпалындағы ұйым екенін ескерсек, Қазақстанның бұл қадамы Ақ үйге ұнамауы мүмкін. Жақында Трамп БРИКС мүшелері «антиамерикалық» саясат жүргізетін болса, оларға қосымша 10 пайыз баж салығын енгізетінін айтқан. Демек Қазақстан үшін Трамптың тарифі аса қорқынышты да емес, аса жеңіл де емес.

Қуаныш Қаппас