Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:05

KAZ Minerals шахтасындағы төтенше жағдай: бір жұмысшы қаза тапты, екеуі ауруханаға жеткізілді

Шахта
Фото: ашық дереккөз

Абай облысы Бородулиха ауданындағы KAZ Minerals компаниясына тиесілі Орлов шахтасында жазатайым оқиға болып, салдарынан бір жұмысшы қаза тапты.

Алдын ала мәліметтер бойынша, түнгі жарылыс жұмыстарынан кейін шахтада көмірқышқыл газының мөлшері артқан. Таңертең жұмысқа түскен екі қызметкер ес-түссіз күйде табылған. Олардың біреуі оқиға орнында көз жұмды, екіншісі ауруханаға жеткізілді, қазіргі уақытта өміріне қауіп жоқ. Құтқару жұмыстары кезінде учаске бастығы да газдан уланып, ол да ауруханаға жатқызылды.

Абай облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр, мән-жайы анықталуда.

KAZ Minerals компаниясы да оқиға болғанын растады. Компания мәліметінше, себептері мен жағдайлары анықталып жатыр. Сонымен қатар, басқарма төрағасы Андрей Третьяков Орлов шахтасына барып, тергеуге жеке өзі қатысатыны хабарланды.