Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:57, 02 Қараша 2023

Қаза болған кеншілердің отбасына әлеуметтік төлемдер тағайындалды

сы
Фото: из открытых источников

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры Костенко атындағы шахтада орын алған апат салдарынан қаза тапқан 17 кеншінің балаларына жәрдемақылар мен төлемдер тағайындады

Министрлік мәліметі бойынша, қаза болған 46 кеншінің 21-інің қамқорлығындағыларға әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда республикалық бюджет қаражаты есебінен асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы беріледі. Төлемдер балалар 18 жасқа толғанға дейін, ал жоғары оқу орындарында күндізгі бөлімде оқыған жағдайда 23 жасқа дейін төленбек.

«Осы жәрдемақының мөлшері қайтыс болған адамның асырауындағы адамдардың санына қарай айқындалады және олардың ай сайынғы мөлшері 37 322 теңгеден (1 балаға) 111 560 теңгеге дейін (5 балаға) болады. Жәрдемақының бұл түрі 8 жасқа дейінгі бала күтімін жүзеге асыратын жұмыс істемейтін аналарға да тағайындалды», - делінген ведомство хабарламасында.

Сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем төленеді.

«Бұл төлемнің мөлшері қайтыс болған адамның табысы мен оның әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі негізінде анықталады. Төлемдер мөлшері айына 56 мың теңгеден 272 мың теңгеге дейінгі аралықты құрайды», - делінген хабарламада.