Қаза тапқан Нұрайдың отбасы Бас прокуратураға шағым жолдады
Шымкентте қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың отбасы кісі өлтіру ісін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаментіне беруді сұрап, Бас прокуратураға ресми шағым жолдады.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаровтың айтуынша, отбасы Шымкент қалалық полиция департаменті қызметкерлеріне деген сенімсіздікке байланысты істі басқа органға беруді талап етіп отыр.
«Нұрай Серікбайдың отбасы Шымкент қаласы ПД қызметкерлеріне сенімсіздік танытып осы қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ҚР ІІМ Тергеу департаментіне тапсыруды сұрайды», – деді адвокат.
Оның айтуынша, Нұрайдың туыстары Президент Әкімшілігіне, Бас прокуратураға және Ішкі істер министрлігіне шағымдар жолдаған.
Алайда адвокат істі беруді талап ету себептерін ашып айтудан бас тартты.
«Сенімсіздіктің себептерін жария ете алмаймыз, себебі бұл – тергеу құпиясы», – дейді қорғаушы.
Еске салайық, 11 қаңтар күні Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбай пышақ жарақатынан қаза тапты. Оның туыстарының айтуынша, күдікті қызды дүкенге шыққан сәтінде торуылдап, бірнеше рет пышақ сұққан. Алған жарақаттары өмірге қауіпті болып, Нұрай оқиға орнында көз жұмған. Қылмыстан кейін күдікті бой тасалаған.
13 қаңтарда полицейлер қала маңынан 28 жастағы күдіктіні ұстады. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жалғасуда.
Оған Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша іс қозғалды:
-
99-баптың 1-бөлігі – «Адам өлтіру»;
-
125-1-бап – «Некеге тұруға мәжбүрлеу»;
-
115-1-бап – «Сталкинг».
Нұрайдың туыстары бұған дейін қыздың ұзақ уақыт бойы қудалауға ұшырағанын, қорқыту мен аңду фактілері бойынша полициядан бірнеше рет көмек сұрағанын айтып, ашық мәлімдемелер жасаған.
Жағдайға Қасым-Жомарт Тоқаев реакция білдіріп, 20 қаңтарда Ұлттық құрылтай отырысында полиция әрекеттеріне баға беруді тапсырды. Сол күні Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы Нұрлан Алмасбеков қызметінен босатылды. Сонымен қатар некеге мәжбүрлеу дерегін тіркемеген полиция қызметкерлеріне қатысты салғырттық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.