Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:58

«Қазаэронавигация» жұмысына қатысты дау: Прокурорлар Сауранбаевты жауапқа шақырды

Сауранбаев
Фото: zhasalash.kz

Прокурорлар «Қазаэронавигация» ісіне байланысты Сауранбаевтың қызметтік нұсқаулығын көрсетуді талап етті

Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі «Қазаэронавигация» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына (РМК) қатысты заң талаптарын тікелей бұзды деп айыпталып отыр.

Бұл туралы Бас көлік прокуратурасының Көлік министрлігі мен «Қазаэронавигацияға» жолдаған ресми хатында айтылған. 

Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, еліміздегі әуе қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша заңдылықтың жай-күйіне талдау жүргізілуде. Бұл саладағы негізгі элементтердің бірі – автоматтандырылған әуе қозғалысын басқару жүйесі (АҚБЖ), оны «Қазаэронавигация» РМК пайдаланады. Аталған кәсіпорын Қазақстан Республикасы Көлік министрлігіне бағынышты. Министрлік, Үкіметтің 2023 жылғы 4 қазандағы №862 қаулысына сәйкес, әуе кеңістігін пайдалану және азаматтық авиация саласын басқару бойынша уәкілетті орган болып табылады.

Прокуратура бірнеше мәрте министрлікке АҚБЖ-ның жай-күйі мен жұмысына қатысты ақпарат пен растайтын материалдарды сұрап хат жолдағанымен, ол талаптар орындалмаған. Керісінше, министрлік прокуратураның сұраныстарын тікелей бағынышты ұйым – «Қазаэронавигацияға» жіберумен шектелген.

«Прокуратураның заңды талаптарын елемеу – бұл заңды тікелей бұзу болып саналады. Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 665-бабының 2-бөлігіне сәйкес, прокурор, тергеуші немесе анықтаушының заңда белгіленген тәртіппен қойған талаптарын орындамау жеке тұлғаларға – 20, лауазымды тұлғаларға – 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға немесе 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алуға әкеп соғады», - делінген Бас көлік прокуратурасының хабарламасында.

Осыған байланысты прокуратура министрлік пен РМК-дан:

  1. 2025 жылғы 31 шілдеге дейін бұған дейін жолданған сұраныстар бойынша ақпарат пен материалдарды ұсынуды;
  2. 2025 жылғы 31 шілдеде сағат 16:00-де Бас көлік прокуратурасы ғимаратына министрлік пен РМК-ның жауапты лауазымды тұлғаларын шақырып, негізгі және резервтік АҚБЖ жұмысына қатысты сұрақтар бойынша түсініктеме беруді;
  3. Осы салаға жауапты тұлғалардың, оның ішінде министрлік басшылығының да қызметтік нұсқаулықтарын тапсыруды талап еткен.

«Лауазымды тұлғалар өзімен бірге растайтын құжаттарды ала келуі тиіс. Прокуратура ғимаратына кіру үшін алдын ала хатта көрсетілген орындаушымен байланысу қажет», - делінген құжатта.