Қазақ ақыны Димашқа сыйлаған итке «Ғарышкер» деп ат қоюға қарсы шықты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында ғана "Қазақстанның халық әртісі" атағын алған Димаш Құдайбергенге тазының күшігін сыйлады. Бұл туралы әнші өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына бөлісіп, оған “Ғарышкер” деп ат қойғанын жариялады, деп жазады Zhasalash.kz.
"Достар, танысып қойыңыздар, бұл - менің жаңа досым.
Табиғаттың бұл ғажабын, яғни тазы күшігін маған Қасым-Жомарт Кемелұлы сыйлады.
Ата-бабамыз тазыны қастерлеп, жақсы көрген. Бұл ит киіз үйге еркін кіре алған, бұл оның тазалығын білдіреді.
«Тазы» атауы парсы тілінен енген, мағынасы - «шапшаң», «епті».
Осындай баға жетпес сыйлық үшін Президентімізге алғыс айтамын!
Тазының атын “Ғарышкер” деп атадық",- деді Димаш Құдайберген.

Сондай-ақ Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің facebook парақшасында Мемлекет басшының құрметі мен сыйына Димаштың лайық екенін айтып, оның ұлттық құндылықтарды әлемге дәріптейтінін жазды.
"Президенттің сыйлығына Димаштың ерекше қуанып, риза болғанын айта кеткен жөн.Жалпы, қазақтың тазы тұқымын әлемдік деңгейде насихаттауда Димаш үлкен іс атқара алады деп ойлаймын. Өйткені жер жаһанды жауһар өнерімен жаулаған дарабоз әнші ұлттың дәуірлерден жеткен құндылықтарын дәріптесе, дүниежүзіне даңқы жайылмақ. Бұл да Мемлекет басшысы айтатын креативті индустрияның бір бағыты болады деген сенімдемін",- деді Берік Уәли.

Алайда белгілі ақын Ұлықбек Есдәулет болса, тазы итке мұндай атау беру ғарышкерлердің ерлігіне көлеңке түсірумен тең екенін айтып, бұлай атауға қарсы шықты.
"Берік бауырым, Димашқа айтыңдар, “Ғарышкер” деген атты итке қойғаны дұрыс емес. Өзгертсін!
Қазақ тазысы Лайка емес!
Біздің қазақта бұл тазы ит сыйланғанға дейін ұшқан ғарышкерлер бар екенін ескеруі керек!
Жақсы ниетпен сыйланған сүйкімді сыйлықтың құнын төмендетпеңдер! Ғарышкер ағаның ерлігіне көлеңке түсіруге болмайды!"- деді ақын.