Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:23, 07 Наурыз 2024

Бүгінгі қазақ әйелі

қазақ әйелі
Фото: из открытых источников

Қазір қоғамда қазақ әйелінің рөлі қандай болуы керек деген сауалды жиі талқылаймыз. Бүгінгі заман әйелді отбасы ошақ қасына байлап отырғызыпқоятын уақыт емес.

Осыған байланысты әйелдерді дамуға, жетілдіруге жетелейтін психологиялық курстар, коучтардың ақылы сабақтары, бизнес - тренингтер өте көп. Әлеуметтік желіні ашып қалсаң болғаны – заманауи әйел болуды оқытатын, гендерлік теңдікті насихаттайтын түрлі-түрлі кеңестерден көз тұнады. Ал шындығында бәріне үлгеретін, тұрмысты да, жұмысты да қоса алып жүретін әмбебап әйел болудың сиқыры неде?! Қоғамда белсенді болу өз алдына бір еңбек. Отбасына ұйытқы болып, бүтін бір шаңырақтың берекесін келтіру ол да айтарлықтай еңбекті қажет етеді. «Жас Алаш» газеті қазіргі қазақ әйелі қандай болуы керек деген сауалды әр салада еңбек етіп жүрген нәзік жандарға қойып көрді.

Дерек пе дәйек

Жалпы, статистикаға сүйенсек, еліміздегі әйелдердің саны 9,9 миллионды құрайды. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, солардың ішінде тұрақты жұмысы бар әйелдердің саны 1,4 миллионға жетіпті. Олардың 16 пайызы саудадан нәпақасын тауып жүрсе, соңғы үш жылда мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін әйелдердің де саны өскен. Қазіргі уақытта республика бойынша мемлекеттік қызметте 51 151 әйел жұмыс істейді. Бұл барлық мемлекеттік қызметшілердің 55,5 пайызын құрайды. «Аналитик» талдау және сараптау орталығының есебінше, қазір үйде отырған әйелдердің өзі нәпақа табуға асығып, ертеңіне алаңдап отырған жайы бар.
Аталмыш орталық мамандары таяуда жұмыссыз үйде отырған әйелдер арасында сауалнама жүргізіп көріпті. Сауалнамаға 200 мың әйел қатысқан. Олардың 36 пайызы ертеңіне алаңдап, қосымша жұмыс істеуге талпынып, өзін-өзі жұмыспен қамтудың жолдарын іздеп жүрсе, үйде отырған әйелдердің келесі бір 50 пайызы елдегі әлеуметтік қамсыздандыру, жәрдемақы төлеу жағын жетілдіру керектігін айтыпты. Ал бала күтіміне байланысты немесе тағы басқа себептермен үйде отырған әйелдердің 14 пайызы қоғамдағы қазақ әйелдеріне жасалатын жағдайды өркениетті елдермен салыстырып, біздің де сол деңгейге жетуімізді тілепті.

Жәрдемақығы иек артпаймын

Жалпы, біздегі мамандар әйелдердің мәртебесін өсіруге қатысты жобалар, ана мен балаға төленетін әлеуметтік төлемдер хақында жиі сөз қаузайды. Мемлекеттен сондай әлеуметтік жәрдемақы алып отырған аналардың бірі –біздің кейіпкеріміз Кербез Таутесерова. Алматы облысы Сарыөзек қаласында тұратын кейіпкеріміз 8 баланы жалғыз өзі асырап отырған ана. Жолдасы бақилық болған Кербез бүгінде «еңбектің терін сезініп жүріп, әбден ысылдым» дейді. «Мемлекеттен берілетін жәрдемақыға иек артпаймын. Өзімді-өзім
жұмыспен қамтып отырмын. Тігіншілікпен айналысамын. Тамақ пісіріп, оны пойызға апарып сатамын. Сарыөзектегі қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысамын. Қолымда мал ұстаймын. Оның сүтінен құрт, май жасап, оны да сатамын. Әйтеуір тыным таппаймын. Балаларым жас. Үлкен қызым 14 жаста. Қалғандары бірінен кейін бірі өсіп жатыр. Жолдасым қайтыс болғанда мен тіпті жарық пен судың ақшасын қалай төлеуді де білмейтінмін. Ал қазір үйдің барлық шаруасы, балалардың тәрбиесі, оларды асырап бағу бәрі менің мойнымда. Барлығына үлгеремін. Бір жағынан іс тігіп жатсам, бір жағында тамағым пісіп жатады. Көпбалалы аналар одағының мүшесімін. Қоғамдық жұмыстардан да қалмаймын. Әрине, 8 баланы өсіру оңай емес. Үлкен жауапкершілік. Ең
бастысы – балаларымның дені сау. Ештеңеден тарықтырып отырған жоқпын», – дейді кейіпкеріміз. Кербездің айтуынша, мемлекеттен қандай да бір көмек сұрамас бұрын, адам алдымен өзі талпынуы керек. Әрекетке берекет сол кезде беріледі. Кейіпкеріміз талпынып жүріп, жергілікті әкімдік арқылы бизнес бастауға арнайы гранттар да алыпты. Берілген гранттар аясында өзін-өзі жұмыспен
қамтып, тігін машинасын, тағы басқа қажеттіліктерін алған. Қазір сол тігіншіліктен ай сайын 150 мың теңгеден асырып, таза пайда табады екен. Ал тұшпара, құрт, май сатып, табатын табысы бөлек. Көпбалалы ана ретінде және балаларына асыраушысынан айырылғаны үшін төленетін жәрдемақы тағы бар.

«Балалардың жәрдемақысын қосымша сабақтарына, мектепке қажеттіліктеріне, киімдеріне жұмсаймын. Қазіргі балаларда қажеттіліктер көп. Ересек балаларым мені үнемі қолдап отырады. Әйтеуір барлығы жеткілікті. Бір жәрдемақыға қарап отыратын адам емеспін», – дейді ол. Кербездің ойынша, қазақ әйелдерінің қоғамдағы орны әлдеқашан берілген. Әйел – ең алдымен ана. Ол тұтас бір ұлттың айнасы. 

Көкпарды да тартады, баланы да табады

Ақпараттарды қалт жібермей, көпбалалы аналардың жетістігін қалыс қалдырмай отыратын Кербездің жөн сілтеуімен Түркістан облысы Созақ ауданында көкпар тартып, бәйгеге қатысатын көпбалалы ана бар екенінен хабардар болдық. Созақтағы 6 баланың анасы Адолат Әлтешова жастайынан атқа мініп, өңірге танымал болған екен. Ағылшындық жылқы баптайтын Адолаттың талай көкпарда қанжығасы майланыпты.

Адолаттың өзі: «5 жасымнан бастап, атқа міндім. Әкеміз шабандоз, көкпаршы болған. Шешеміз де ат мініп жүретін» дейді.
Бала кезінен ат құлағында ойнаған келіншек қазақтың ұлттық ойын түрлерін де жақсы меңгеріпті. 13 жасында аудан бойынша өткен бәйгеде бірінші орын алған екен. Бүгінде көпбалалы отбасы ат баптап, көпшілікке үлгілі тіршілік кешуде. Сонымен қатар Әбішевтер әулеті – ауыл балалары арасында көкпар тартып, бәйге шабатын шабандоздар көбейсе деген тілегі барын да жасырмайды.
Адолаттың ойынша да, әйел үнемі өзін-өзі жетілдіріп отыруы керек. Еңбектен қашпаған дұрыс. Еңбектенген әйел және ерін сыйлаған әйел ол гүлдей жайқалады, тамырын кеңге жаяды. 

Бірдей стандарттар жасаудың қажеті жоқ

Ал саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиеваның байламынша, қазіргі кезде қоғам әйелдерге шарт қоймауды, әйелдің таңдауын құрметтеуді үйренуі керек. Саясат саласында жүрген Толғанай ханым: «Әйел затының рөлін қоғам емес, ең алдымен әйелдің өзі анықтап алуы керек» деп есептейді. Мысалы, кейбір әйелдер тек ана, аяулы жар болуды ғана қалайды. Үй шаруашылығымен ғана айналысқысы келетін әйелдер бар. Мансап қуып, қызмет жолында өскісі келетін қыз-келіншектер де жетерлік. Міне, осы
аралықта әйелдің таңдауын құрметтеу маңызды. Саясаттанушының ойынша, барлық әйелдер үшін бірдей стандарттар
жасаудың қажеті жоқ. Қандай әйел болғысы келеді оны өзі шешуі қажет. Әйел бақытты болса, оның қоршаған ортасы да бақытты болады. «Мен өз қалауыммен жүрдім. Жас кезімде кәсіби шыңдалуға қызығатынмын, білімге көп көңіл бөлдім, содан кейін еңбек еттім. Біраз уақыттан соң кәсіби дамуға деген қажеттілігімді қанағаттандырған кезде менде ана болуға деген құштарлық пайда бола бастады. Сөйтіп ана атандым. Қазір маған барлығына үлгеріп жүретін қарбалас өмір қатты ұнайды. Менің өмірім, менің таңдауым. Сондықтан әрбір әйелге таңдау жасауды өзіне қалдыру қажет», – дейді саясаттанушы...

Әйелді өсіретін азаматының қолдауы

Ал экс-депутат Жәмила Нұрманбетова әйелді ең алдымен қасындағы азаматы қолдауы қажет екенін айтады. «Қарап отырсам, бірқатар лауазымды қызметтер атқарыппын. Қаншама жыл Алматыда ғылым саласында қызмет еттім. Ғылыми атақ дәреже де
алдым. 16 жыл Еуразия ұлттық университетінде жұмыс істедім. Қоғамдық жұмыстардан қалмадым. Партия жұмысы, жастармен жұмыс
істеуден жалыққан емеспін. Одан кейін мәжіліс депутаты болдым. Қазір жоғары білім және ғылым министрінің кеңесшісімін. Ойлап қарасам, балалардың жас кезінен бастап еңбектеніппін. Үш баланың анасымын. Қазір шүкір, балалар өсті, өнді. Отбасына да, жұмысқа да үлгердік. Әлі күнге дейін үлгеруге тырысамын. Ешқандай көмекшім жоқ. Үйдің қарбалас тірлігін де, сырттың жұмысын да бір өзім жасаймын. Менің ойымша, әйелді өсіретін жолдасының қолдауы. Менің жолдасым үй шаруасына үлгермей жатсам, қабақ шытпайтын. Түсініп, қолдап отырды. Негізінде, қандай жағдайда да әйелді өсіретін азаматының қолдауы. Қазақ өзі әу бастан «Ер азаматқа жүрек, әйелге тірек керек» дегенді бекер айтпаса керек. Ер азамат әйелді қолдап, қолпаштап отырса ол әйел өседі, өнеді,бақытқа кенеледі. Ал әйел бақытты болса, әлем бақытты, балалар бақытты. Демек, бұл арада әйелдің қоғамдағы орны, отбасындағы жағдайы, мансап жолындағы баспалдақтары қандай болатыны ер азаматқа байланысты. Осыны ұмытпаған жөн. Әйелге азаматы тарапынан үнемі қолдау керек», – деп ой түйіндеді Жәмила Нұрманбетова.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Тегтер: