Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 05 Қараша 2024

Қазақ боксы жаңа кезеңге аяқ басты

Головкин

Қазақстан бокс федерациясы 4-қарашада ресми түрде World Boxing ұйымының мүшесі атанды. Бұл ақпарат АҚШ-тың Колорадо-Спрингс қаласында өткен World Boxing халықаралық бокс федерациясының конгресінде жарияланды.

Осылайша, World Boxing (WB) ұйымына кірген елдер саны 55-ке жетті. Конгресс барысында ХОК мақұлдаған WB жарғысы мен жарыс өткізу регламентіне өзгеріс енгізілді. Соған сай турнирлер жаңа салмақ дәрежелерінде өтеді. Сондай-ақ төрешілердің жекпе-жек барысындағы және жеңімпазды анықтау кезіндегі жұмысына да өзгеріс енді.

Конгресс барысында Қазақстан бокс федерациясы 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізуге өтініш берді. Бұл турнир 2028 жылғы Олимпиада ойындарының іріктеу турнирі ретінде өтеді. Әлемдік ұйымның шешімі жақын арада белгілі болады.

Айта кетейік, World Boxing халықаралық бокс федерациясы 2023 жылғы сәуір айында құрылған. Бұл ұйым Халықаралық әуесқой бокс ассоциациясының (IBA) орнын басуы мүмкін. Халықаралық Олимпиада комитеті IBA-ға қырын қарап, Олимпиадаға іріктеу турнирін өзі өткізіп жүр. Өйткені кейінгі кезде бокстың басынан дау арылмай, төрешілердің бұра тартуы мен «бармақ басты, көз қыстылық» әлемдік аренада бұл спорттың беделін тым төмендетіп жіберді.

Тіпті ХОК бұл спорт түрін Олимпиада бағдарламасынан алып тастауға ниетті екенін бірнеше мәрте айтқан. Әрі ұлттық бокс федерацияларын IBA қатарынан шығуға үгіттеп жүр. Қазақстан ҰОК-нің президенті Геннадий Головкин биыл шілдеде осы мәселені көтеріп, ҚБФ-ны IBA-дан шығып, World Boxing ұйымына өтуге шақырған. Головкиннің сол үндеуі араға 4 ай салып, жүзеге асып отыр.

World Boxing

Әлем неге IBA-дан жеріді? Көпшілік бокстағы әділетсіздікке осы ұйымның кейінгі басшыларын айыптайды. Жанкүйерлердің жаппай наразылығы мен ХОК-тің сенімсіздік танытуы IBA-ның уақыты өткенін көрсетіп отыр. Демек, Қазақстан бокс федерациясының жаңа ұйымға мүше болғаны оң шешім деп есептейміз.

Қазір қазақ боксы қиын сәтті бастан өткеріп жатыр. Азиада ғана емес, әлемдік деңгейде бокс державасы саналатын Қазақстанның нәтижесі нашарлап барады. Кейінгі екі Олимпиада мен екі Азиадада бірде-бір алтын медаль ала алмадық. Әсіресе Париж Олимпиадасынан кейін қазақ боксы сынның астында қалды. Ерінбегеннің бәрі федерацияны, бапкерлер штабын және боксшыларды сынап жүр.

Париждегі сәтсіздіктен кейін бокс федерациясы жанкүйер сынынан сабақ алғандай түр танытып, өздерінше «реформа» жасады. Вице-президент Әзиз Қожамбетов пен бас бапкер Мырзағали Айтжанов бастаған 10 маманды отставкаға жіберді. Айтжановтың орнына бұған дейін де құраманы жаттықтырған Қайрат Сәтжанов тағайындалды. Сондай-ақ шетелден жаттықтырушы шақырды. Одан бері ұлттық құрама ірі турнирге қатыса қойған жоқ. Демек, құрамада не өзгергенін қазірше айта алмаймыз.

Есесіне, жақында Қазақстан жастар құрамасы Будва (Черногория) қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысып, жақсы нәтиже көрсетті. Турнирге біздің елден 25 жас боксшы барған. 17-сі жүлдеге қол жеткізіп (6 алтын, 1 күміс және 10 қола медаль), жалпы командалық есепте бірінші орын алды. Боранбек Бексұлтан (51 келі), Төрехан Сабырхан (67 келі), Өнер Сейілхан (71 келі), Санжар-Али Бегалиев (75 келі), Елянур Турганова (50 келі) және Аружан Зейноллаева (81 келі) турнир жеңімпазы атанды.

Жанкүйерлер қазақ боксы нокдаунға түскендей күй кешіп жүр. Бәрінің көкейіндегі басты сұрақ – төреші уақыт қанша санағанда орнымыздан тұрып, еңсе тіктей аламыз? Елде бұрыннан қалыптасқан мықты бокс мектебі бар, былғары қолғап киюге әуес жастар да көп. Демек, саладағы кем-кетікті түзеп, жұрт айтып жүрген жемқорлықты жойсақ, бокс көші тез арада өз арнасына түседі деген сенім мол.

Қуаныш Қаппас