Қазақ болмысының ішкі драмасын сахна мен экранға алып шықты
«Ажал айтып келмейді» дегенмен жақыныңды жамандыққа, сұм ажалдың құшағына қимайсың. Асанәлі аға қасымызда жүріп, бізге ғана емес, күллі қазақ өнерінің абыз ақсақалы бола алды. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының санаулы қарттарының бірі еді. Талай сахналас болып тәлімін алдық.
Оның үстіне шыққан ауылымыз бір еді. Жамбыл облысының Сарысу ауданынан, бір топырақтың тумасымыз. Кездескен сайын: «Ауылға бардың ба?», – деп сұраушы еді. «Иә, бардым. Аруақтарға Құран бағыштап қайттым», – деймін. Сонда езуіне күлкі үйіріліп, көз жанары жылтырап, мейірлене қолымды қысады. Ағамыз қазақ болмысының ішкі драмасын сахна мен экранға алып шыққан тұлға. Ол сахнада кейіпкерді бейнелеген жоқ, ол адамның ішіндегі жалғыздықты, қаталдық пен мейірімнің, ар мен үрейдің үздіксіз қақтығысын тірі күйінде алып шықты. Сондықтан да ағамыз сомдаған образдарды уақыт ескірте алмасы анық, саяси кезеңдер әлде заман ауысқанмен, Әшімов жасаған образдар галереясы ескірмек емес. Қалай десек те, артында өшпес із, таусылмас мұра қалдырды. Тек әртіс не режиссер болып қана қоймай, қаншама шәкірт тәрбиеледі. Бірге отырған тұста айтқан ақылы мен кеңесі, болмысы, сахнадағы рөлдері үнемі көкейімізде жаңғырып тұра бермек. Көкірек көзімізде мәңгі сайрап, жатталып тұрары анық. Бізге айтқан қалжыңы мен мінезі, үлкенді үлкен, кішіні кіші деп сыйлай алатын қабілетіне тамсанбайтын жан кемде‑кем. Тек қана Бекежан рөліне емес, өзі ойнаған барлық образға көрерменін сендіре білді. Жалпы 30-дан астам фильмге түсіп, театр сахнасында 50-ден аса қойылымда ойнаған, солардың әрқайсысында әртүрлі рөлдерді сомдаған шын талантқа тамсанбасқа болмас. Қазақ театрындағы рухани биіктіктің, кәсіби жауапкершіліктің, психологиялық тереңдіктің символына айналып, сахнада өткенді ғана емес, бүгінгі мен болашақты да сөйлетті.
Асанәлі ағаның ортамызда жүргенінің өзі біз үшін жанымызға медет еді. Ағамыздың қасында жүріп, сахналас болу да шын қуаныш. Театрға алғаш қадам басқан 1993-94 жылдары танысып, ол кісі қойған спектакльде рөл сомдадық. Сол рөл театрдағы жолымыздың бастауы, алғаш ойнаған спектакльдеріміздің бірі болатын. Содан бері аға мен іні боп, сыйластықтың үлгісін көрсетіп келдік. Театрдағы ұрпақ сабақтастығы деген ұғымды болмысымен дәлелдеді.
Әшімовтың қай рөлін алып қарасақ та, үлкен ізденімпаздықпен, талғаммен жасалғанын байқаймыз. Бір рөлін басқасынан бөліп алып қарау тіпті де мүмкін емес. Біз одан актерлік техникадан бұрын, адам болып қалудың, өнерге адал болудың не екенін үйрендік. Бүгін сол күндерге көз жүгіртсек, Асанәлі ағамыздың әр сөзі, әр ісі, әр рөлі біздің театрлық жадымызда тірі күйінде сақталып қалғанын аңғарамыз. Ол кеткенімен, оның дауысы, оның сахнадағы тынысы, адамға деген көзқарасы жанымызда қалды. Театр сахнасына шыққан сайын, оның биігін, оның талғамын, оның талапшылдығын еске аламыз. Өйткені мұндай тұлғалар тек өнер тарихында ғана емес, шәкірттерінің жүрегінде өмір сүрері анық. Асанәлі ағамыздың артында қалған ең үлкен мұра да осы. Көкірегімізде «әттеген-айлар» сайрап тұр. Ағамыздың иманы жолдас болсын! Қош, Сарысудың саңлағы! Қош, Абыз, ағатайым!
Дулыға Ақмолда