Қазақ-британ қарым-қатынасының болашағы
Биыл 24 сәуірде Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия құрама корольдігінің сыртқы істер, достастық және халықаралық даму министрі Дэвид Кэмерон елімізге ресми сапармен келді. Әлем таныған әйгілі саясаткер бұл сапарында Қазақстан президенті және сыртқы істер министрімен кездесті.
Дэвид Кэмерон күнде келіп жүрген ауыл-үйдің қонағы емес. Жер бетіндегі ең ірі елдердің бірі Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі. Әлемдік саясатта ойып тұрып алатын орны бар тұлға десек қателеспейміз. Британия үкіметін басқарып тұрған шағында әлемдік саясатқа әсер еткен біршама бастаманың басы-қасында болған.
Сол үшін де Қазақстан билігі Кэмерон сапарына көп үміт артып отыр. Отандық ақпарат құралдары Астанадағы кездесуді елеусіз қалдырған жоқ. Кездесуде не мәселе талқыланатынын, бұл сапар Қазақстанға не беретінін сөз етіп жатыр. Сыртқы істер министрлігінің өзі бұл кездесуге «қазақ-британ қарым-қатынасының жаңа кезеңі деп баға беріп отыр.
Астанадағы кездесу жайлы Қазақстан тарапты ғана емес, Ұлыбритания үкіметі де жан-жақты ақпарат таратты. Қазақстандағы Ұлыбритания елшілігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Кэмерон мен ҚР сыртқы істер министрінің кездесуінде стратегиялық әріптестік, сауда және ынтымақтастық туралы бірнеше маңызды келісімге қол қойылды.
Елшілік бұл құжатта білім беру, пайдалы қазбалар, климаттың өзгеруі, қаржы және іскерлік орта, қорғаныс пен қауіпсіздік, ғылым мен технология, мәдениет пен адамдар арасындағы байланыс және т.б. мәселелер жазылғанын хабарлады.
Дэвид Кэмерон Орталық Азиядағы қоршаған ортаны қорғау, шағын және орта бизнесті дамыту және экономикалық реформаларға алдағы үш жылда 50 миллион фунт стерлинг бөлу жоспарланып отырғанын айтты. Атап айтқанда, өңірдегі климатты қорғау бағдарламасына 19,5 миллион, білім беру бағдарламасына 6,5 миллион фунт стерлинг бөлінеді.
Біздің байқауымызша, осы жолғы кездесуде қос тарап мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдетуге, әсіресе білім беру саласы мен жастарды қолдау ісіне ерекше назар аударған сияқты. Ұлыбритания сыртқы істер министрі аймақтағы жастарға арналған жаһандық мүмкіндіктерге қолдау білдірді. Ұлыбритания өңірдегі ағылшын тілі мұғалімдерін Британ кеңесі арнайы әзірлеген оқыту материалдарымен қамтамасыз етпек.
«Ұлыбритания қазақстандық жастардың әлемдік деңгейдегі британ университеттерде магистратура бағдарламасы бойынша тегін білім алуы үшін Chevening стипендиясының санын екі есеге арттырады», – деп жазды Ұлыбритания елшілігі.
Сонымен қатар Оксфорд университетіндегі Birsöz Initiative ұйымы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты, «Болашақ» білім беру бағдарламалар орталығы және «Тіл-Қазына» қазақ тілі орталығымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Бұл қазақстандық ғалымдардың Оксфордта білім алып, педагогикалық дайындықтан өтуіне, ғылыми-зерттеу гранттарына түсуіне, сондай-ақ тілдерді оқыту әдістемесі саласында британиялық әріптестермен бірлесіп жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Ковентри университеті Ковентри Қазақстан университеті деп аталатын жаңа кампус құру туралы меморандумға қол қойды. Бұл кампус бірқатар бакалавриат және магистратура бағдарламасын қамтиды, оның ішінде мұғалімдерді оқыту жобасы да бар. Сондай-ақ Алматыда британиялық Queen’s University Belfast университетінің филиалын ашу және Оксфордта қазақ тілін оқыту бағдарламасын іске асыру туралы меморандум жасалды.
Д.Кэмерон Қазақстанды «Ұлыбританияның Орталық Азиядағы негізгі әріптесі» деп атады. Саясаткердің бұл сөзі дипломатиялық тәсілмен асыра айтылған болуы да мүмкін. Бірақ біз үшін Ұлыбританиямен қарым-қатынасты жақсартудың маңызы зор. Біз ғана емес, әлемдегі кез келген мемлекет Лондонмен «жақын дос» болуға ұмтылады. Экономикасы, әскері, білімі, медицинасы, технологиясы әлемді алдыңғы орында тұратын Британия сынды елмен байланыс орнатудың пайдасы болмаса зияны болмайды.
Ресми дерек бойынша, Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания арасындағы тауар айналымы 2023 жылы 1,2 миллиард АҚШ доллары болды (экспорт – 703 миллион, импорт – 478,7 миллион доллар).
Қазақстанда британиялық капиталдың қатысуымен 600-ге жуық компания, бірлескен кәсіпорын мен өкілдік жұмыс атқарып жатыр. Ұлыбритания Қазақстандағы ең ірі шетелдік инвесторлардың ондығына кіреді. Кей дерек бойынша алтыншы орында тұр. 2023 жылы Ұлыбританиядан Қазақстан экономикасына 795 миллион доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Ал 2005 жылдан бері бұл көрсеткіш 17 миллиард доллардан астам болды. Лондон осы уақытқа дейін негізінен мұнай-газ саласына инвестиция салса, енді басқа салаларға да назар аударуды жоспарлап отыр.
Дэвид Кэмеронның Қазақстанға сапары барысында Астана мен Лондон арасындағы біршама келіссөз сәтті аяқталды. Сыртқы саясат пен қауіпсіздік, сауда мен инвестицияны ілгерілету, зияткерлік меншікті қорғау, энергетика және шикізат бойынша әріптестік, көлік, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі, банк және қаржы қызметтері, жұмыспен қамтамасыз ету және әлеуметтік саясат, ғылым және білім сияқты маңызды салаларда тарихи келісімдерге қол қойылды.
Әлемдік геосаясат бұралаң жолға түсіп, өңірдегі ахуал күрделі болып тұрған сәтте сыртқы саясатты сәтті жүргізу қажет. Әсіресе Ұлыбритания сынды алпауыт елмен дипломатиялық қатынастың маңызы зор. Бірақ қандай елмен келіссөз жүргізсек те, ел мүддесі бірінші орында тұру керек. Бос мақтанға ұрынып, болашақ ұрпақтың мың жылдық мүддесін бөтен елге жығып бергеніміз жарамайды. Сол үшін дипломаттарымыз дарынды, саясаткерлеріміз сергек болғаны жөн. Қазақ-британ қарым-қатынасының жаңа көкжиегі көрінді деген ұран сөз жүзінде қалмай, ел экономикасына елеулі үлес қосады деп үміттенеміз.
Дэвид Кэмеронның бұл сапарын Қазақстан мен Британия басылымдары ғана емес, әлемдік БАҚ талқылап жатыр. Өйткені Кэмерон біздің елге ғана емес, Орталық Азиядағы бес мемлекеттің бәріне және Моңғолияға ат басын тіреді. Демек, Лондон державалар тартысына жаңа леп қосуға ниетті. Өйткені ол сапар шеккен аймаққа көз тігіп отырған ел көп. Ұлыбритания осы өңірге ықпал ететін жаңа «ойыншы» атанғысы келетін сияқты.
Қалай болғанда да бұл сапар Лондонның Орталық Азияға қатысты ұстанымында өзгеріс болып жатқанын көрсетеді, олар өңірге шындап қызығушылық таныта бастады. Мұндай сәттегі біздің мақсат – державалар тартысының ойыншығына айналмай, керісінше, «ойыншылардың» әр жүрісінен өзімізге пайда алып қалуға тырысу болмақ. Қазақ-британ қарым-қатынасы қай қиырға бет алатынын бар әлем бақылап отыр.
Қуан Өмірхан