Қазақ даласын кезген неміс ғалымдары
Өткен бейсенбі, 12 қыркүйек күні AmalBooks баспасының “Таза тарих” сериясы аясында басылып шыққан Отто Финш пен Альфред Брамның «Путешествие в Казахские степи» кітабы баспасөз өкілдеріне таныстырылып, баспа жетекшісі Бақытжан Бұхарбай журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Кітапта 1876 жылы Бремен географиялық қоғамының тапсырмасымен Батыс Сібірге экспедицияға аттанған неміс зерттеушілері, орнитолог Отто Финш және әлемге әйгілі натуралист Альфред Брэмнің осы сапар барысында қазақ даласына ат басын бұрып, Павлодар, Семей, Сергиополь (қазіргі Аягөз), Лепсинск, Зайсан, Зырян (қазіргі Алтай) және Өскемен аймақтарынан қалдырған құнды деректері қамтылған. Авторлар өздері жүріп өткен өңірлердің өсімдіктер мен жануарлар дүниесін зерттеумен қатар, жергілікті қазақ халқының өмір салтын егжей-тегжейлі сипаттайды.
Баспагердің айтуынша, «Путешествие в Казахские степи» басылымына "Батыс Сібірге саяхат" кітабынан, сондай-ақ Брэмнің "Солтүстік пен оңтүстіктегі өмір: солтүстік полюстен экваторға дейін" кітабындағы қазақ даласына саяхатына қатысты үзінділері мен 1877 жылы немістің die gartenlaube газетінде жарық көрген "даладағы аңшылық" мақаласы енгізілген.
Бақытжан Бұқарбай;
-Экспедиция барысында үш неміс ғалымы қазақ даласына келіп, олардың екеуі, саяхат барысында жазба деректер қалдырған. Біз соған сүйене отырып, осы этнографиялық жинақты дайындадық. Отто Финш пен Альфред Брэмнің қай қайсысы да өз заманының әлемдік деңгейдегі танымал ғалымдары. Тіпті қазақ даласында жасаған саяхаты барысында Альфред Брэм сол кездегі қазақ мектебінің кітапханасынан өзінің “Жизнь животных” атты кітабын көргенін айтады. Мен де бала кезімнен осы ғалымдарды оқып өскеніммен олардың қазақ даласына сапарлағанынан бейхабар екенмін. Бізде насихатталмай жатқан әлі де көп нәрсе бар. “Таза тарих” сериясы аясында тарихи кітаптарды шығаруымыздың да мақсаты осы.
Бұған дейін “Amal books” баспасынан “Кенесары хан уа сұлтан Сыддық”, “Аспантау асқан үркін көш”, “Жанқожа батыр толғауы”, “Русия һәм көшпенділер”, “Қазақтар мен Түркмендер арасында”, “История казахского народа” сияқты бірнеше тарихи кітап жарық көрген. Алдағы уақытта баспагер тағы да 20 шақты құнды деректерге негізделген тарихи кітаптарды баспаға дайындап жатқанын айтты.
Кітаптың тұсаукесері қыркүйек айының 18-і күні өтпек.