Қазақ даласынан Еуропа дастарқанына дейін

Қазақстанның астық пен ұн экспортындағы көрсеткіштері биыл айтарлықтай өсіп, оң динамика танытып отыр. 2023–2024 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 34%-ға жоғары көрсеткішке өскен.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сүйенсек, былтыр 9,3 млн тонна экспортталса, 2024 жылдың қыркүйегінен 2025 жылдың шілде айына дейін еліміз шетелге 12,4 млн тонна астық пен ұн экспорттаған. Экспорттың айтарлықтай артуы агроөнеркәсіп кешенінің стратегиялық жоспарлары мен көліктік-логистикалық шешімдердің тиімді жүзеге асырылуының нәтижесі. «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының логистикалық деректері көрсеткендей, қазақстандық өнімге сұраныс көршілес елдерде де, алыс шетелде де өсе түскен. Мәселен, жаңа өнімнің басты тұтынушыларының бірі болып табылатын Өзбекстанға тасымал көлемі бұрын 3,38 млн тоннаны құраса, 28,2%-ға артып, 4,3 млн тоннаға жеткен. Тәжікстанға жіберілген көлем 39,2%-ға өсіп, 1,45 млн тоннаға дейін ұлғайған. Қырғызстан бағытында экспорт көлемі 2,5 есеге артып, 156 мың тоннадан 398 мың тоннаға дейін көтерілді. Бұған қоса, Иранға жөнелтілген астық пен ұн көлемі 17,3 есеге ұлғайып, 974 мың тоннаға жеткен. Бұл елдің Қазақстанмен сауда қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеруге мүдделі екенін көрсетеді. Ал көпжылдық үзілістен кейін қайта жанданып жатқан бағыт Азербайжанға экспорт 120 есеге өсіп, бар болғаны 6 мың тоннадан 723 мың тоннаға дейін артты. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2024–2025 жылғы экспорт маусымындағы басты жетістік қазақстандық астықтың географиясының кеңеюі болып отыр. Бұрын бұл нарықта болмаған, бірақ соңғы жылдары жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне мейлінше мән бере бастаған Еуропа елдері енді Қазақстанның тұрақты серіктестеріне айналып келеді. Мәселен, алғаш рет қазақстандық бидай мен ұн Бельгия, Польша, Португалия, Норвегия және Ұлыбританияға жөнелтілген. Бұл — тек экономикалық жетістік қана емес, сонымен қатар еліміздің аграрлық өнімінің сапасы мен сенімді жеткізу мүмкіндігінің халықаралық деңгейде мойындалуының белгісі.
Айта кетерлік жайт, біздің отандық астыққа деген қызығушылық тек Еуропамен шектелмейді. Біріккен Араб Әмірліктері, Вьетнам және Солтүстік Африка елдері де қазақстандық өнімге ерекше назар аударып отыр. Ұлттық астық операторы «Азық-түлік корпорациясы» АҚ арқылы Мароккоға 60 мың тонна, ал Вьетнамға 15 мың тонна көлемінде бидай жөнелтілді. Бұл экспорт тек сауда байланысының емес, екіжақты сенім мен ұзақ мерзімді әріптестіктің де көрсеткіші. Сонымен қатар соңғы бес жылда үзілген экспорттық байланыстар қайта жандана бастады. Атап айтқанда, Грузия, Түркия мен Әзербайжан бағыттарындағы тасымалдар қалпына келтірілді. Бұл елдерге қазақстандық өнім қайта ене бастауы геосаяси тұрақсыздыққа қарамастан, біздің еліміздің логистикалық артықшылықтарын және азық-түлік нарығындағы сенімді серіктес ретіндегі орнын паш етеді.
Италияға жөнелтілетін қатты бидай көлемі де айтарлықтай артты. Бұл еуропалық макарон өнімдерін өндірушілердің Қазақстанда өндірілетін жоғары сапалы бидайға деген сұранысының өскенін көрсетеді. Қатты бидай — әлемдік нарықта жоғары бағаланатын, көбінесе премиум-класс өнімдерге пайдаланылатын астық түрі. Сондықтан бұл сұраныс қазақстандық егіншіліктің бәсекеге қабілеттілігінің нақты дәлелі.
Сәруар Бақберген