Қазақ дубляжы. Калька, актив қолданыстар және жаңа сленгтар
Дубляж – сан шеберді бір арнаға тоғыстырған кірпияз өнер. Бір өнердің тұла бойында аударманың сапасы, тілдің тазалығы мен әртістің шеберлігі сондай-ақ ұлттық болмысымыз сыйып жатыр.
Қазақ киносы секілді, еліміздегі дубляж өнері де басқа елдерге қарағанда кеш өріс алды. Басқаны айтпағанда көршілес Ресей халқы жалпы дубляж өнерін өткен ғасырдың алғашқы ширегінде-ақ дамытқан еді. Бұған біз Үндістанның Чарли Чаплині атанған Радж Капурдың орыс тіліне дубляждалған 50 жыл бұрын орыс тіліне дубляждалған фильмдерін мысалға келтірсек болады. Бұл жалпы көркем фильм жанрына қатысты жағдаят. Ал енді анимациялық фильм сексенінші жылдары Кеңес одағында шетел анимациялық туындыларын біртіндеп дубляждау үрдісі жүре бастады. Фильмдердің қазақ тіліне аударылып, дыбысталуы 1940 жылдары өріс алды. Кеңес дәуірі тұсында қазақ дубляжы үлкен мектеп болып қалыптасты. Оның дамуына театр және кино өнерінің майталмандары үлес қосып, олар өзге елдің үздік туындыларын дубляждап, киносүйер көрерменге қуаныш сыйлады. Тоқсаныншы жылдары дубляж өнері ептеп қағажу көргенімен, қазір қайта жаңаша өріс алуда. Кейінгі жылдары бірқатар шетелдік фильм мен анимациялық туынды дубляждалып, жұртшылыққа жол тартуда. Әсіресе осыдан он жыл бұрын кинотеатрларда қазақ тілінде дыбысталған фильмдерді жиі байқай бермеуші едік. Бірнеше жылдар бойына елдегі киносүйер қауым шетелдің үздік картиналарын орыс тілінде көріп жүрді. Бірі қазақ тіліндегі дыбыстаманың сапасы сын көтермейтінін айтып, түсініксіз екеніне шағымданса, бірі фильмнің қазақ тіліндегі нұсқасы прокаттан аз уақытта алынып, ыңғайсыз уақыттарға қойылатынын алға тартады. 2012 жылдан бері кино мамандары дубляж мәселесін жиі көтеріп жүр. 2019 жылы ғана шетелден келген фильмдер қазақ тілінде дубляждалсын немесе субтитрмен берілсін деп міндеттелген еді. Десек те, соңғы жылдары креативті индустрияның дамуында бұл мәселелер жиі сөз болып, біртіндеп жауабын тауып келе жатыр. Атап айтсақ, биыл «Disney» кинокомпаниясының қаржыландыруымен қазақ тіліне дыбысталған «Ойжұмбақ» мультфильмінің қазақша нұсқасы бастапқы қаралым бойынша үздік нәтиже көрсетіп, кассалық табыста да топ жарды. Мәдениет және ақпарат министрлігі әлеуметтік желіде «Ойжұмбақтың» алғашқы күнгі қаралымы «Аватар» фильмінен үш есе асып түскенін хабарлап, алғашқы прокат құны да рекордтық көрсеткішке жеткені туралы жазды. Талғампаздық пен сапаны талап ететін өнердің бүгінде қайта жанданып келе жатқаны шын қуаныш. Бұл салаға тек өнер не коммерция деп қана емес, идеологиялық қару деп қараған абзал. Эфирдің уақытын толтыруды ойлап, арзан дүниелерді көрерменге ұсыну – таным мен сапаны жақсартпасы анық.
Қалай десек те, қазақ дубляжының өз даму тарихы, жүріп өткен соқпақ жолы бар. Алдағы болашағы да жарқын болуы тиіс. Біз бүгін осы ойлар төңірегінде сөз қозғадық. «Жас Алаштың» сауалына дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев, лингвист Айназ Теміржанқызы және кинотанушы Әлімақын Жанболат қатысты.
Шах-Мұрат Ордабаев, дубляж режиссері: Қазақ дубляжы қазақ көрерменінің қолында
Біздің елде киносүйер қауым шетелдің кинокартиналарын орыс тілінде көріп, қазақша дубляж түсініксіз дегенді жиі естуші едік. Қазір бұл пікір азайып келе жатыр. Бұрындар қазақша аударманың саны мен сапасына мән беретін, жаны ашитын адам аз болды. Бүгінде тек қазақша дубляж саласы ғана емес, қазақ кинематографиясында жаңа толқын пайда болып, режиссерлар да фильмдерін қазақша түсіруді бастады. Сәйкесінше, қазақша дубляжды да қолдайтын жастар көп. Десек те, әлі де шыңдайтын, мән беретін тұстары көп. Кино тілі енді қалыптасып келе жатыр. Осы жолда біз де еңбек етіп жүрміз. Кез келген фильмді аудару барысында ұлттық ерекшеліктер сақталады. Мәтінді аударған, редакциялаған жандар екі ұлттың ерекшелігін ескере отырып, жұп-жұмыр туынды жасайды. Сарапшылардың жөнімен айтылған сын-пікірін ескеріп, оны шығармашылық топпен біріге отырып дұрыстаймыз. Бұл саланы негізі 2022 жылға дейін 11 жыл бойы «Болашақ» корпоративтік қоры қаржыландырып келді. 2022 жылдың жартысынан бастап соңына дейін сол кездегі мәдениет және спорт министрлігі қаржыландырды. Одан кейін бұл қаржыландыру тоқтап қалды. Міне, 2024 жылы қазақша дубляжға «Disney» компаниясының өзі демеуші болды. Дәл осы көрсеткішті ары қарай ұстап тұру үшін көрермен де кинотеатрларда қазақ тілін мейлінше жиі таңдауы керек. Себебі әлі де қазақтілді көрермен фильмнің орысша аудармасын таңдайтын тенденция байқалады. Мүмкін, қазақ тілінен ұялу, намыстану әлде менсінбеу болар. Оның жауабын өзім де таппадым. Бәлкім, отаршылдық сананың қалдырған сарқыншағы шығар. Бір білерім, әлі де орысша аударманы, фильмді көретіндер бар. Бұрынғыға қарағанда азайып келе жатқанымен, әлі де жеткіліксіз. Қазақ тілінің, қазақша дубляждың мәртебесі өскенін қаласақ, бірауыздан фильмді қазақ тілінде көрейік. Көрерменнің белсенділігі, жоғары статистикалық көрсеткіштер арқылы фильмдер де сұраныстағы тілге аударылады. Бұрын кинотеатрларда қазақша дыбысталған фильмдер прокатта ұзақ тұрмай, ыңғайсыз уақыттарға қойылушы еді. Аудармасын «Disney» қаржыландырған «Ойжұмбақ» прокатта ұзақ тұрды. Оның үстіне, қазақша дыбысталған ғана емес, қазақтілді фильмдер прокатты әбден жаулап жатыр. Арасында қазақ тілінде жарияланған фильмдердің кассалық рекордсмен атанғандары да бар.
Өз басым дубляж режиссері ретінде соңғы кезде өнер университеттерін тәмамдаған әртістердің тілінің өзгеруін жиі байқап жүрмін. Тіл тірі ағза сияқты, үнемі өзгеріс үстінде болады. Жаңа сленгтар, сөздер пайда болады. Соған кейде біз дайын болмай қаламыз. Жас әртістердің тілі бұрмаланып, өзгеруі мүмкін. Оларды ортақ формаға келтіру кейде қиындық тудырады. Бірақ бұл табиғи құбылыс, біз де кезінде жаңа тілдің өкілі болдық. Дубляж әртістерін кино түсіру барысындағыдай жан-жақты қабілетіне қарап таңдаймыз. Кәсіби әртістермен жұмыс істеген оңай, олар кез келген рөлге икемделе алады. Түпнұсқадағы идеясы, қалай орындау керек екенін режиссердің тапсырмасымен орындай алатын тек кәсіби әртістер. Тілдің тазалығы, әртістердің шеберлігі мен актерлік қиялынан бөлек, әдетте, тағы бір талап қоямын. Дубляжға коммерция көздеп, ақша табамын деп емес, жақсы рөл шығарамын деген оймен келу. Әрине, кез келген адам қызметі үшін ақша алады, бірақ ақша табамын деген оймен келген адаммен фильмді дыбыстау қиындау.
Айназ Теміржанқызы, лингвист: Аударманың тілі жатық, тартымды болуы тиіс
Дубляж – аса ұқыптылық пен зор жауапкершілікті талап ететін ерекше өнер. Олай дейтініміз – қандай да бір шетелдік туындыны ана тілімізге тәржімалау кезінде ұлттық болмысымызды ескере отырып, оны мейлінше өз табиғатымызға бейімдеу маңызды. Әсіресе соңғы жылдары «Walt Disney», «Pixar» секілді танымал студиялардың анимациялық туындыларын дубляждау ерекше қарқынмен дамып келеді. Бұл, әрине, қуантарлық жайт. Осы тұста белгілі кинотанушы, профессор Бауыржан Нөгербектің мына бір сөзі ойымызға оралады: «Қазақ анимация өнерінің бірден-бір іргетасы – ұлттық фольклор». Бұл қазақ анимациясының бұлжымас заңы болуға тиіс. Бүлдіршіндердің әлемді тануының тікелей құралы, мультфильмді өз тілінде сөйлету болашағын ойлайтын әр елдің міндеті десек, қателеспейміз. Ал біздің еліміздегі осы туындылардың бүгінде аударылу сапасы қандай?
Соңғы бір-екі жылдың ішінде қазақ дубляжының өрістеуі көрермен тарапынан сұраныстың артуымен де тікелей байланысты. Мысалы, былтыр жарық көрген «Аватар: Су жолы» атты ғылыми-фантастикалық фильм мен биыл прокатқа шыққан «Ойжұмбақ 2» анимациялық туындысы тарихи рекорд орнатқаны мәлім. Аталмыш туындылардың үлкен экрандарға жол тартып, көзі қарақты көрерменнің қазақша сеанстарға баруы, тіптен кинотеатрлардан қазақ тіліндегі сеанстардың көбеюін талап еткені көңіл марқайтады. «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деп хакім Абай айтпақшы, бұл ойлы көрерменнің қалыптасып келе жатқанының айғағы болса керек. Алайда «сөз» қаншалықты түзелді? Осы тұста «Ойжұмбақ 2» анимациялық туындысының мысалында өзіміз байқаған кейбір ұтымды тұстар мен кемшін кеткен сәттер жайлы көзқарасымызды білдірсек дейміз. Ең әуелі, туынды атауы кез келгеннің назарын аударып, есте тез сақталады. Ағылшын тілінде «Inside out» аталатын, орыс тіліне «Головоломка» болып аударылған бұл туындының алғашқы бөлімі қазақ тіліне «Бас бөлігіндегі шытырман» деп тәржімаланғаны есімізде. Бір естігенде құлаққа түрпідей тиетін бұл атаудан гөрі қысқа да нұсқа «Ойжұмбақ» деген атау сәтті шыққан. Дегенмен мультфильмді тамашалау барысында бірқатар стилистикалық қателерді де байқадық. Мысалы, «О, жоқ!», «О, Құдайым!» деген сөздер – ағылшын, орыс тілдерінен тікелей аударылған калькалар. Ағылшындар «Oh no!», «Oh my God!» деген одағайларды жиі пайдаланады, орыс тілінде де «О, нет!», «О, Боже!» деген сөздер бар. Бұл – аталған тілдерде актив қолданысқа ие сөздер болса, қазақ тілінде мұндай калькалар жасанды естіліп тұрады. Мұның орнына «Құдайым-ай!» немесе «Құдай-ау!», «Енді қайттік?» деген сынды тіркестерді қолданса, әлдеқайда жатық, тартымды болар еді. Сонымен қатар Қызғаныш атты кейіпкердің есімі де екіұшты ой тудырды. Ағылшынша «envy», орысша «зависть» сөздері қазақ тіліндегі қызғаныш сөзінің түпкілікті мағынасына аса сай келмейді. Бұл орыс тіліндегі «ревность» сөзімен көбірек пара-пар. Бұдан гөрі іштарлық, күндестік сынды атаулар бұл кейіпкердің табиғатын жақсырақ ашатындай. Ал Енжарлық, Үрей, Сәкөш секілді кейіпкерлердің есімдері, керісінше, өте ұтымды қойылған. Жаңа эмоциялардың бірі, Үрейдің ең басында айтатын мынадай сөзі бар: «Біз жағымды алғашқы әсер қалдырғымыз кеп еді». Бұл сөйлемдегі жағымды және алғашқы деген екі сын есім бір-бірімен қиыспай тұр. Оның орнына «Біз бірден жақсы әсер қалдырғымыз кеп еді», әлде «Біз басынан-ақ жағымды әсер қалдырсақ деп едік» десе дұрысырақ болар ма еді. Ал мультфильмде кездесетін «краштар тауы», «шайып кеттік», «өтпей қалды ма, не?» деген тіркестер қазіргі жастардың ауызекі сөйлеу тілінен алынса да, кейіпкерлерге жарасып, өзінше сән беріп тұрғандай. «Көш жүре түзеледі» демекші, аудармашылар болашақта осы айтылғандарды ескеріп, қателердің орын алуына жол бермейді деп сенеміз.
Әлімақын Жанболат, кинотанушы: Дубляж өте нәзік идеологиялық қару
Кеңес дәуірінде қазақ кино өнеріндегі дубляж саласы өте жоғары деңгейде дамыды. Әсіресе 60-70 жылдары қазақ кинематографиясына Ш.Айманов, М.Бегалин, А.Қарсақбаев сынды тұлғалар келіп, кеңестік цензураның арасынан сыналап өтіп, ұлттық болмысыз бен рухымызды кино өнеріне сіңіру арқылы халыққа таратты. Біз қазірге дейін көріп жүрген классикалық фильмдер дәл осы 60-70 жылдары түсірілді. Сәйкесінше, осы жылдары қазақ дубляж мектебі қалыптасты. Бірақ өкінішке қарай, кино – үлкен қаржылық қолдауға мұқтаж өнер. Тәуелсіздік алған соң осы үрдіс жойылып, енді-енді қайта қалыптасып келе жатыр. Бірақ әлі де бұрынғы деңгейіне жете алған жоқ. Қазір мемлекет ұлттық фильмдерді қолдағанымен, қазір прокатта жүрген фильмдердің сексен пайызы жекеленген компаниялардың өнімдері. Мемлекеттің дубляжды қаржылай тұрғыда қолдауға мүмкіндігі болғанымен, мәдени саясатты басқарып отырған билік осы салаға аса назар аудармай жатқанын байқауға болады. Бұл мәдени саясаттың әлсіздігі. Себебі дубляж өте нәзік идеологиялық қару. Ұлттың рухани бірігуіне, тіліміздің сақталып, мәдени келбетіміздің жаңғыруына оның ықпалы зор. Бірақ жоғары жақтан қолдау аз, тек бірқатар фильмдерді ғана қазақша дыбыстайды. Ал телеарналар, әдетте, шетелдік телесериалдарды ғана дыбыстайды. Ал дубляждың сапасына мән беріп жатқан адам аз. Әсіресе орыс тілінен енетін калька тіркестерден аяқ алып жүргісіз. Таза, тәуелсіз, дербес қазақ тілі жетпіс жылдық Кеңестік кезеңнің әсерінен бұзылды. Қазақ тілін сауықтыратын, сақтап, халыққа насихаттайтын күш әдебиеттен кейін кино өнері болып тұр. Бірақ оған жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбей жатқаны өкінішті. Осы орайда қуаты күшті мәдени саясат, кино туралы заңға жүйелі баптар керек. Кино туралы қабылданған заңда дубляж саласы аз ғана сөз болғанымен, елдегі қазақ киносының дубляж мәселесін толық шеше алмайды. Яғни алдымен, заңдық нормалар қабылданса, екіншіден, мемлекет қаржысына тәуелді болып отырмыз. Ал үшіншіден, көрермендер де дубляж мәселесінде белсенділік танытып, әлеуметтік желілерде насихаттауы керек.
Жылына шетелдік бірнеше анимациялық және толықметрлі фильмдер аударылып, дыбыстама жасалады. Бірақ оның деңгейі мен дыбыстау сапасына, аудармасына жете мән берген жөн. Осы тұста күллі түйткілдің басы ретінде аударманы қарастырған жөн. Кейде түпнұсқадан емес, орыс тілінен аударылатын жайттар кездеседі. Осы орайда бүгінгі қоғамның дертіне айналған калька мәселесіне қайта айналып келеміз. Орыс тілінен тікелей аударма жасағанда кей сөйлемдер мазмұнынан айырылып, формасы ғана сақталып қалады. Осылай «түсініксіз» кейіпке айналып шыға келеді. Қай салада да орыс тілінің қазақша баламасы пайда болып, саясат, кино, бұқаралық құралдардың тілі мен заңнамаларға да ықпал етті. Осы мәселеге мәдениет министрлігі назар аударып, құзыретіне алмаса, жылына жүз фильм дубляждасақ та, ешқандай нәтиже шықпайды. Дыбыстау барысында әртістер де орыс тілінің ықпалынан арылып, қазақша екпіндер мен дыбыстарға, сөз ырғағына мән беруі керек. Күні кеше прокатқа шыққан «Ойжұмбақ» мультфильмін қазақша дыбысталуын «Disney» компаниясының өзі қаржыландыруы қазақ тіліне деген үлкен қолдау деп ұғуымыз керек. Байқасақ, қазақтілді киноконтентті тұтынатын көрермендердің саны жыл сайын артып келеді. Әсіресе соңғы жылдары отандық фильмдердің қазақ тілінде прокатқа шығуы, кассалық табыстың өсуін байқаған компаниялар қазақ тілінде дыбыстама жасауға мүдделі болып отыр. Алғашқы эксперименттік жұмысы табысты болғандықтан, келесі фильмдерге де қазақша дубляж жасалуы әбден мүмкін. Кинотанушы ретінде дәл осы «Ойжұмбақ» фильмінің орыс және қазақ тіліне сұранысы туралы мәліметтер жинап, салыстырып көргенімде бәрібір орыс тіліндегі нұсқасы көбірек касса жинаған. Мысалы, мультфильмнің орыс тіліндегі нұсқасы күніне 150-170 мәрте көрсетілсе, қазақ тіліндегі нұсқасы 80-90 рет қана көрсетілген. Бұл әлі қазақша дыбысталған фильмдерге насихат жасау керегін көрсетеді.
Дайындаған
Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ