Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:40

Қазақ футболы: Азияда – отақол, Еуропада – ең кенже

Қазақ футболы
Фото: ЖИ

25 сәуір Қазақстанда бейресми түрде футбол күні аталып өтеді. Бұл атаулы дата Қазақстан футбол федерациясының Еуропа футбол қауымдастықтары одағына (УЕФА) мүше болған күніне орай белгіленген.

Осыдан 23 жыл бұрын, 2002 жылы 25 сәуірде Стокгольмде өткен УЕФА-ның 26-кезекті конгресінде Қазақстан УЕФА-ға ресми түрде қабылданып, қазақ футболы жаңа белеске аяқ басқан.

Рахат Әлиев бастаған сол кездегі футбол шенділері қарт құрлықтың құрамына өтсек, күшті бәсекенің арқасында қазақ футболы қарыштап дамиды дегенді желеу етіп, Еуропаға бет бұрған. УЕФА туы астында өнер көрсетіп жүргенімізге ширек ғасырға жуықтады. Бірақ футболымыз қарыштап дамып кете қойған жоқ. Әрине, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда алға жылжу бар, бірақ шенділер уәде еткен, жанкүйерлер үміт еткен деңгейге жете алған жоқпыз. Тіпті ол межеге жақындай да қоймады.

Осыдан екі жыл бұрын Магомед Әдиев бастаған Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатына іріктеу турнирінде сәтті өнер көрсетіп, құрлық біріншілігіне өтуге өте жақын болған. Дания, Словения, Финляндия, Солтүстік Ирландия және Сан-Марино құрамасымен бірге H тобында бақ сынаған Әдиев шәкірттері 10 ойында 18 ұпай жинады. Еуропа чемпионатына тікелей жолдама алу үшін Словениямен соңғы турдың соңғы минуттарына дейін күресті. Қазақ футболы тарихында ұлттық құраманың ең үлкен жетістігі ретінде осы кезеңді айтуға болатын шығар.

КСРО кезіндегі қазақ футболы

Қазақ футболының тарихы дегенде тәуелсіздіктен кейінгі 34 жылды ғана емес, 1913 жылдан бастау алатын 122 жылдық тарихымызды айтып отырмыз. Өйткені Қазақстанда алғашқы футбол клубтары 1913 жылы Семей қаласында пайда болған. ҚФФ мойындаған мәлімет бойынша, алғашқы команда – «Ярыш» («Жарыс»). Сондай-ақ Семей қаласында ССК, «Олимп», «Ласточка», «Орлята» сияқты командалар құрылған. Аладопты қазақ даласына ағылшын саудагерлері әкелген деген ақпарат бар.

«Ярыш» Семей өңіріне белгілі татар көпесі Сыдық Нығматуллиннің қаржылай көмегімен құрылған. Одан да қызығы, команда сапында қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Омарханұлы Әуезов (1897-1961) ойнаған. Жас Мұхтармен бірге Ахметсәлім Кәрімов, Қасымхан Мұхаммедов, Салах Хисматуллин, Зиятдин Рыспаев, Мұхаммед Сайдашев, Юнус Нигматуллин, Әміржан Сыздықов, Ғабдулхан Ғаббасов, Мұхамедулла Құрманов, Гусман Ямбушев, Сабыржан Ахмедшин қатарлы алғашқы қазақ футболшылары өнер көрсеткен көрінеді.

Сондай-ақ «Ярыш» халықаралық бәсекеге қатысқан алғашқы қазақстандық команда саналады. Клуб Семей қаласындағы Бірінші дүниежүзілік соғыс тұтқындарынан жасақталған командаға қарсы жолдастық матчтар өткізген. Әскери тұтқындар командасында 1912 жылғы Олимпиада ойындарының екі қатысушысы өнер көрсетті деген ақпарат бар. Семей даласында бастау алған қазақ футболы Ертіс жағасында өркен жайып, 1915-16 жылдары Керекуде «Ястреб», «Звездочка» командалары құрылған.

Ал қазақ даласындағы алғашқы футбол алаңы 1921 жылы Жамбылда ашылды. 1928 жылы Қызылжарда ҚазАКСР губернияларының командалары арасында өткен турнир Қазақстандағы алғашқы ресми жарыс ретінде тіркелген. 1936 жылы қазақстандық команда алғаш рет Бүкілодақтық ресми бәсекеге қатысты. Ақтөбе қаласының «Динамо» командасы I КСРО кубогының 1/32 финалында мәскеулік ЦСКА-мен кездесіп, 0:4 есебімен жеңілді. 1937 жылы қазақстандық команда алғаш рет кәсіпқой клубтар арасындағы КСРО чемпионатында бақ сынады. Кеңес Одағының ІІІ чемпионатындағы «Шығыс қалалары» тобында алматылық «Динамо» өнер көрсетіп, жеті қатысушының арасында үшінші орын алған.

Осыдан кейін Қазақстанда футбол командалары көбейіп, 1946 жылы алғашқы чемпионат, 1947 жылы алғашқы Қазақстан кубогы өтті. 1954 жылы Алматыда «Қайрат» футбол клубы құрылып, 1954-1991 жылдары КСРО чемпионатына қатысты. 1960 жылдан Кеңес одағының жоғарғы лигасында бақ сынады. Ең үздік көрсеткіші – жетінші орын (1986 жыл). Қазақстан футболы тарихындағы алғашқы ресми халықаралық матч 1957 жылы Алматыда «Қайрат» пен финляндиялық «Вааса» арасында өтті. Жолдастық кездесуде алаң иелері 4:0 есебімен жеңіске жеткен.

Кеңес одағы кезінде Тимур Сегізбаев, Құралбек Ордабаев, Сейілдә Байшақов қатарлы қазақ футболшылары үлкен жетістіктерге жетті. Сегізбаевтың сиқырлы өнері жайлы жанкүйер қауым әлі күнге дейін тамсана айтады. Қазақ футболының қара шаңырағы саналатын Семей өңірінде туған Тимур Санжарұлы біздің де аладопта алынбаған еншіміз бар екенін дәлелдеп берген шеберлердің бірі. КСРО футбол әлемінде Тимур Сегізбаевтың жарқ етіп шыға келуі қазақ халқының айбынын асырып, мерейін көтергені анық. Оның атақты «Спартак» сынды командаларға гол соғуын әр қазақ өз жеңісі ретінде қабылдаған.

КСРО чемпионатының жоғары дивизионында бақ сынаған «Қайрат» үнемі өзге елдің командаларымен кездесетін. Алматыда өтетін әр матчқа мыңдаған жанкүйер жиналып, «Халық командасының» шашбауын көтеретін. Сол кезде команда сапында жасындай жарқылдаған Сегізбаев бар қазақтың мақтанышы болған деседі. Ақ көңіл халық сүйген ұлын мақтағанда мәскеуліктерің жолда қалып, тура атақты Пеленің өзімен қатар қойған көрінеді. «Тимур допты қақырата тепкенде қарсылас қақпасы қақ айырылады» деп аңыз ететін болған. Бұл бөтенге бодан болып, өзгеге есесі кетіп жүрген халықтың өзінен туған бір ұлдың басқадан оза шапқанын көріп, қуанғаны болар!..

Ал Құралбек Ордабаев қазақтан шыққан алғашқы қақпашылардың бірі. Оның аты пенальти қайтарудың қас шебері ретінде аталып жүр. 1977 жылы «Қайрат» қорғаушысы Сейілдә Байшақов қазақстандық футболшылар арасында алғаш болып КСРО құрамасына шақырту алды. Футболшы Кеңес Одағы құрамасы сапындағы алғашқы матчын 1978 жылғы әлем Чемпионатының іріктеу турнирі аясында Будапештте Венгрия құрамасына қарсы өткізді. 1989 жылы «Қайрат» шабуылшысы Евстафий Пехлеваниди грекиялық «Левадиакоске» ауысып, шетелдік клубпен келісімшарт жасаған алғашқы қазақстандық футболшы атанды.

Тәуелсіздік кезіндегі қазақ футболы

1992 жылы Қазақстан Халықаралық футбол қауымдастықтары федерациясы (ФИФА) мен АФК мүшесі болды. Сол жылы алғашқы ел чемпионаты мен кубогы өтіп, екі турнирде де алматылық «Қайрат» жеңіске жетті. Сондай-ақ Қазақстан құрамасы тәуелсіз ел ретіндегі тұңғыш матчын Түрікменстанға қарсы өткізіп, 1:0 есебімен жеңіске жетті, жалғыз голды ойынның 85-минутында шабуылшы Владимир Нидергаус соққан. 1994 жылы Қазақстан ФИФА мен АФК-ның толық құқылы мүшесі атанды.

1996 жылы Қазақстан құрамасы Азия чемпионатының іріктеу турниріне қатысып, Азия футбол конфедерациясы аясындағы алғашқы ойынын өткізді. Ал бір жылдан кейін құрама тұңғыш рет әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне қатысты. 1998 жылы Қазақстан жастар құрамасы Азия чемпионатында төртінші орын алып, Нигерияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатына жолдама алды. Содан бері 27 жыл өтсе де бұл қазақ футболындағы ең ірі жетістік саналады. Одан кейін ешбір құрамамыз әлем чемпионатының финалдық кезеңіне өте алмады. Ерлан Оразаев – әлем чемпионатында гол соққан (Хорватия қақпасына) тұңғыш әрі әзірге жалғыз қазақстандық футболшы.

1999 жылы павлодарлық «Ертіс» ойыншысы Андрей Мирошниченко Қазақстан чемпионатында 100 гол соққан алғашқы футболшы атанды. Сол жылы «Ертіс» Азия чемпиондары кубогының ширек финалына жетті. Павлодарлық ұжым 2001 жылы осы турнирдің жартылай финалына өтіп, Азияның үздік төрт командасының қатарына енді.

2002 жылы сәуірде Стокгольмде өткен УЕФА Конгресінде Қазақстан футбол одағы УЕФА құрамына қабылданды. Сол жылы Қазақстан құрамасы УЕФА туы астындағы алғашқы матчын Алматыда Эстонияға қарсы өткізіп, 1:1 есебімен тең ойнады, ойында Олег Литвиненко гол соқты. Елордалық «Жеңіс» УЕФА Чемпиондар лигасының, «Атырау» мен «Қайрат» УЕФА кубогының іріктеу кезеңіне қатысып, алғашқы айналымда сүрінді.

Қазақстан құрамасы УЕФА-дағы алғашқы ресми ойынын 2004 жылы өткізді. Алматыда өткен әлем чемпионатына іріктеу матчында Украинадан 1:2 есебімен жеңілді. Біздің құрама 2007 жылы 24 наурызда Алматыда Сербия құрамасын 2:1 есебімен жеңіп, УЕФА туы астында ресми ойындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Матчта Қайрат Әшірбеков (48 минут) пен Нұрбол Жұмасқалиев (67 минут) көзге түсті.

2013 жылы Қарағандының «Шахтері» Еуропа лигасының топтық кезеңіне жолдама алып, еурокубоктардың топтық кезеңіне өткен алғашқы қазақстандық команда атанды. Ал 2015 жылы «Астана» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алып, қазақ футболы үшін жаңа белесті бағындырды. Елордалық команда 2018 жылы Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне өтіп, тағы бір тарих жаңартты.

2022 жылы Магомед Әдиев бастаған Қазақстан құрамасы УЕФА Ұлттар лигасының «С» лигасында Әзербайжан, Словакия және Беларусьтен басым түсіп, «В» дивизионына жолдама алды. Ал 2023 жылы Еуропа чемпионатында іріктеуде Дания, Финляндия, Солтүстік Ирландия сияқты құрамаларды жеңіп, 18 ұпай жинады. Бұл ұлттық құраманың іріктеу турнирлеріндегі ең үздік көрсеткіші болды. Бірақ 2024 жылы Станислав Черчесов бастаған құрама УЕФА Ұлттар лигасының «В» дивизионындағы 6 матчтың бәрінде жеңіліп, екі жыл бойы қасықтап жиған абыройды бір сәтте төгіп алды.

УЕФА қатарына өткелі 23 жыл болды. Содан бері жеткен жетістігіміз ретінде Сербия, Шотландия, Дания сияқты үздік құрамаларды жеңгенімізді ғана айтармыз. Бұдан өзге ауыз толтырып айтатын нәтижеміз жоқ. Ірі турнирлерге әлі жолдама ала алмадық. Бірақ Нұралы Әліп («Зенит», Ресей), Максим Самородов («Ахмат», Ресей), Рамазан Оразов («Силькеборг», Дания), Бақтиер Зайнутдинов («Бешікташ», Түркия), Ғалымжан Кенжебек («Кошице», Словакия), Абат Айымбетов («Адана Демирспор», Түркия) сияқты ойыншыларымыздың шетелде доп теуіп жүргенін көңілге медеу тұтамыз. Сондай-ақ биыл жыл басында 16 жастағы «Қайрат» шабуылшысы Дастан Сәтбаев Англияның атақты «Челсиіне» ауысты. Дегенмен жас футболшы Тұманды Альбионға 18 жасқа толған соң ғана барады.

Қуаныш Қаппас

Тегтер: