Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:00

Қазақ футболына 6 жылда 200 млрд теңге жұмсаған

Астана
Фото: ашық дереккөзден

Жақында халықаралық футбол тарихы мен статистикасы федерациясы (IFFHS) 2024 жылдың қорытындысы бойынша әлемдегі ұлттық чемпионаттар рейтингін жариялады. Тізімде үздік үштікке Италия А сериясы, Испания Ла лигасы және Англия Премьер-лигасы енген.

Аталған рейтингте Қазақстан Премьер-лигасы небәрі 86-орынға жайғасты. Яғни ҚПЛ тізімде Никарагуа, Танзания, Фарер аралдары, Гондурас, Гватемала және Сан-Марино сияқты елдердің чемпионаттарынан кейін тұр. Бұл қазақ футболының әлемдік аренадағы орны мен беделі өте төмен екенін білдіреді.

Ең қызығы, Қазақстан футболға қаржы бөлу бойынша осы елдердің көбінен көш ілгері. Тіпті Қазақстан Премьер-лигасы футболшыларға жалақы төлеуден әлем бойынша алдыңғы 30 елдің қатарына кіретіні де жасырын емес.

Былтырдан бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі спорт саласына бөлінген қаржыны тексеріп жатыр. Осы тексеріс барысында біршама былықтың беті ашылды. Өткен апта антикор төрағасының орынбасары Ұлан Сарқұлов кейінгі 6 жылда елдегі 18 футбол клубына мемлекет қазынасынан 200 миллиард теңге қаржы бөлінгенін айтты.

«Жалпы бюджеттен бөлінетін қаражаттың басым бөлігі футбол клубтарына жұмсалады. 200 миллиардтан аса қаржы бөлінген. Бұл қаржының көп бөлігі легионерлерге жалақы төлеуге және басқа да тиімсіз шығындарға кеткен. Кейінгі жылдарда бар болғаны екі ғана жаңа стадион салынған. Ал инфрақұрылымның жағдайы мүлде көңіл көншітпейді», – деді Сарқұлов.

Сарқұлов

Мамандар мемлекеттік бюджеттен бөлінген мол қаржының қазақ футболын жүйелі түрде дамытуға жұмсалмайтынын бұрыннан айтып жүрген. Шенділер сапалы жасыл алаңдар мен базалар салу, ауыл-аймақтағы футболды дамыту сынды маңызды мәселелерді мүлде естен шығарған. Керісінше, көз алдағы нәтиже үшін шетелдік легионерлерге миллиондап жалақы төлегенді жөн көреді.

Мысалы, кейінгі 10 жылда елімізде жалғыз стадион салынды. Ал тәуелсіздік алғаннан бері небәрі 2 стадион бой көтерді. Оның бірі – Астанада, екіншісі – жаңа облыстың орталығы Түркістанда. Бірақ екеуі де футболды дамыту мақсатында емес, саяси шешім бойынша салынған.

Ал академия ашып, балалар футболын дамыту, заманауи базалар салып, елдің әр аймағынан таланттарды табу секілді жүйелі жұмыстар біздің шенділердің түсіне де кірмейді. Қазақстанда доп тепкен шетелдік ойыншылар бізде инфрақұрылымның нашар екенін, соған қарамастан футболшыларға тым жоғары жалақының төленетінін айтып, таңғалып жүреді. Мысалы, «Астана», «Қайрат» сияқты бірнеше клубта доп тепкен сербиялық шабуылшы Джордже Деспотович қазақ футболындағы жалақы мен инфрақұрылым бір-біріне мүлде сай келмейтінін айтқан.

Деспотович

Ақшасы көп «Астананың» академиясы жоқ

Елордалық «Астана» футбол клубының әлі күнге не базасы, не офисі жоқ. Нағыз көшпенді клуб. Команда кейінгі 6 жылда футбол алаңы мен үй-жайды жалға алуға 1,4 млрд теңге жұмсапты. Ең қызығы, бюджеттен бөлінген ақшаның ең көбін осы елордалық команда алады. Бірақ соның бәрі тиімсіз жұмсалып, желге ұшып отырған.

2020 жылы 1 қыркүйекте ел президенті кәсіпқой спортқа өте көп қаржы бөлініп жатқанын айтты. Осыдан кейін ғана футбол клубтарына бөлінетін ақшаға шек қойыла бастады. Қазіргі ереже бойынша әр клубқа ең көп болғанда 1,2 млрд теңге берілу керек. Бірақ бұл норманы көбі сақтамайды. Мысалы, 2024 жылы ел чемпионатындағы 13 команданың екеуі ғана бұл межеден төмен қаржы алды. 5 клубтың бюджеті 2 млрд теңгеден көп болды.

Ал бұрын кейбір футбол клубына 10 млрд теңгеден көп қаржы бөлінетін. Мысалы, «Астананың» 2019 жылғы бюджеті 10 млрд теңге болды. Мұны клубтың сол кездегі бас директоры Михаил Гурман өзі айтқан. «Кезінде «Астананың» жылдық бюджеті 40-50 млн доллар деп еститінмін. Бірақ мен келгенде бюджет 9 млрд 800 млн теңге екенін көрдім (сол кезде 25 млн доллар)» деген болатын Гурман.

Жыл сайын осынша ақша алып, дүркіреп тұрғанда «Астана» база салып, академия ашып алуды ойламапты. Ал қазір мемлекеттен 5 млрд теңгенің үстіне қаржы алады. Бұл бұрынғыдан біршама аз.

«Біз кейінгі 6 жылда талдау жүргізе отырып, «Астана» футбол клубына шамамен 50 млрд теңге бөлінгенін анықтадық. Ақшаның көбі «Самұрық-Қазына» қаражатынан бөлінген. Ол ақшаның басым бөлігі, нақтырақ айтқанда, 60-70 пайызы легионерлерге жалақы төлеуге жұмсалған. Командада шетелдік футболшылар бір, екі немесе үш маусым ойнаған, оларға көп мөлшерде гонорар төленді. Қазір ол ойыншылардың көбі жоқ. Футбол клубына мұнша қаражат бөлудің мәні бар ма деген заңды сұрақ туындайды. «Астананың» нақты инфрақұрылымы жоқ, қалыпты кәсіпқой клубтар сияқты футбол базасы да жоқ», – дейді Сарқұлов.

Антикор кәсіпқой спортқа бөлінген мол қаржы жайлы айтып жүргеніне көп болды. Бірақ одан не өзгеретіні қазірше белгісіз. Қазір қазақстандық футбол клубтары 2025 жылғы жаңа маусымға дайындалып жатыр. Бәрі бұрынғыдай. Клубтар шетелдік легионерлерді қатарына қосып жатыр, көбі Түркияға («Астана» Дубайға) оқу-жаттығу жиынына аттанып кетті. Шамасы антикор желге ұшқан ақшаны тексергенімен, клубтардың аяғына тұсау сала алмайтын сияқты.

«Барыс» бөлінген ақшаны ақтай алмады

Ұлан Сарқұлов футболдан бөлек, хоккейге де өте көп қаржы бөлінгенін айтты. Бірақ «Барыс» хоккей клубы сол қаржыны ақтай алмапты.

Барыс

«Алты жылда хоккей клубына шамамен 49 млрд теңге бөлінген. Оның көп бөлігі шетелдік спортшылардың жалақысына кетіпті. Клубтың кейінгі бірнеше жылдағы нәтижесі өте төмен. Жұмсалған қаражат команданың нәтижесімен мүлде сәйкес келмейді. Біздің ойымызша, қаражатты әлдеқайда ұтымды пайдалануға болар еді. Мысалы, спорттық инфрақұрылымды жаңартуға және балалар мен жастардың спортпен айналысуына жағдай жасауға инвестиция салынса, дұрыс болар еді», – дейді антикор өкілі.

Сарқұловтың «Барыс» жайлы айтқанымен біз де келісеміз. Елордалық команда кейінгі 20 ресми матчта 1 рет қана жеңіске жетті. Ал биылғы ҚХЛ маусымында команда 48 матч өткізіп, 10 мәрте ғана жеңіске жетті, ал қалған 38 ойында қарсыласқа есе жіберген.

Сондай-ақ «Барыс» кейінгі 3 жыл бойы Шығыс конференциясында соңғы орынды ешкімге бермей келеді. 2022/23 жылғы маусымда – 11 команданың ішінде 11-орын, 2023/24 жылғы маусымда 12 клубтың арасында 12-орын алды. Биыл да небәрі 25 ұпай жинап, турнирлік кестеде соңғы орында тұр.

2024 жылғы қазан айында «Барыс» хоккей клубында басшылық ауысты. Жаңа басшы Нұрлан Оразбаев тізгін қолына тие сала командадағы алыс шетелден келген легионерлерді қуып, ресейлік және жергілікті хоккейшілерді алып қалған. Содан кейін «Барыс» бірнеше матчта жеңіске жетіп, көш түзелгендей көрінген еді, көп өтпей бұрынғы қалпына қайта оралды. Қазір команданың жеңіліске толы сәтсіз сериясы 11 матчқа жетті.

Соған қарамастан «Барыстың» 2024/25 жылғы маусымдағы жалпы жалақы қоры 2 млрд 776 млн теңге болды. Бірнеше шетелдік хоккейшімен қоштасқан соң бұл сома сәл азайды, бірақ келісімшартты бұзғаны үшін легионерлерге миллиондап өтемақы төлегенін ұмытпаған жөн. Демек елордалық клуб биыл да халықтың қалтасынан шыққан бірнеше миллиардты нәтижесіз легионерлердің қалтасына салып берді. 

Қуаныш Қаппас